Төкен Әлжантегінің жаңа кітабы жарық көрді
«Ажал айтып келмейді». Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» және «Айбоз» әдеби сыйлықтарының лауреаты, Төлеген Айбергенов атындағы сыйлық иегері Төкен Әлжантегінің мемлекеттік тапсырыс аясында күн көзіне шыққан ретті кітабы осылай аталыпты.

Төкен Әлжантегінің бұған дейін де «Қым-қиғаш тіршілік», «Сегіз сері», «Сарбас ақын», «Ақ-қараның арасы» сынды сүйекті төрт романы оқырман жүрегіне бекіген. Атаулы кітап сана түпкіріне саяхат рәуішті. Автордың қазақтың арғы-бергі тарихына қатпарлай еніп, оны бүгінгі күннің тілімен сөйлету шеберлігі таңырқатады. Сөзгер ажал алдындағы адамның кеңістігін құрғақ жайттар ретімен емес, ілкіден бергі ізденісімен, күйзеліс пен үргедек үмітімен қоса суреттейді.
Иә, келіспеске айла жоқ. «Ажал айтып келмейді». Ажал, шынымен де, хабаршысыз келеді. Бірақ, асыл сөз – әдебиет пен тарлан тарих өлімнің мәңгілік бітіспес қарсыласы. Өнер уақыт пен тар қапастың шекарасын бұзып-жарып, өткенді, өшкенді тірілте салады. Төкен Әлжантегінің қуатты қаламы дәл осы мұғжизаны көз алдымызға көлденең келтіреді. Осы кітапты оқып болған соң ойымыз тосын жайға тап болғандай іркіледі дерсіз. Өткенді түсініп болмай, болашақ есік қақпайды екен ғой. Ал, сол өткеннің дауысын есту – жазушының киелі де келелі міндеті.
Кітапта «Пандемия сілікпесі», «Қызметтегі келіншек», «Дүйсеннің көпірі», «Адасқан махаббат», «Сұршақыз», «Тамырымен жұлынған өрік ағашы», «Атасының басын іздеген Қораш», «Алданыш жетегінде», «Әруақ атқан Пүшән», «Ажал айтып келмейді», «Ажалдың ойыны», «Болмысы бөлек қыз», «Қайыңдының көкпары», «Шыңыраудан шыққан шындық», «Ана мейірі» атты әңгімелер мен «Жанарда қалған желтоқсан жасы» атты шағын романы жайғасыпты. Уақыттан тоқылған өрнек іспетті жөні бөлек кітап бетін ашқанымызды асыл сөздің соңғы жол-жолағы да дала дауысындай үнсіздікке еніп кетіп қайыра жаңғыратындай. Көңіл көзі бет алдымызға әлі де дәуірлерден кеп жеткен дауыстардың, арқандалған, талқандалған таңғажайып тағдырлардың көрмесіндей көлкіп тұрады. «Пандемия сілікпесі» панорамалық мәндегі дәуірнамаға бергісіз бөгенайы бөлек дүние. Ғасыр ширегіндегі ғаламдық ғалауаттың қайшылықты да айшылықты драмасы – бұл. «Жанарда қалған желтоқсан жасының» тарихи трагедиясына кім де кім қалай иланбас? Қалайша инанбас?! Еңсегей еңбектегі әркездегі әрқилы персонаж ақыр түбі халық жадына тамыр жайған тірі куәгерлер.
Жазушы жаман мен жақсы талғамайды. «Қызметтегі келіншек» тұрмыстық әңгімесі кенеттен мифке айналып, «Әруақ атқан Пүшәннің» эпостық әлемімен біртұтас көрмені бөлісетіндей әсер сыйлайды. Міне, кітаптың ең тылсым сыры осында. Сөзгер жанр мен дәуір, кейіпкер мен күйреу шекарасын шетінен сетінетіп жояды. Әлжантегі әлемінде ешқандай қорытынды жоқ. Кітап бетінен түгесілген әсерлі де дәсерлі, кестелі де дестелі оқиғалар легі өз ішіміздегі әңгімеге ілесіп кете береді. Ақырғы ақиқат айтылып біткендей. Бірақ, мұнан кейінгі тылсымат тыныштық алдамшы. «Әруақ атқан Пүшәннің» үрейлі үні, «Тамырымен жұлынған өрік ағашының» ыңырсуы санамызды сарсаңға салады. Кітап үнсіз қалмайды екен. Осылайша Т.Әлжантегі осы жинағынан эпикалық мінбер тұрғызады.
Әр штрих, әркелкі деталь өз орнында. Жөнекей жайттар жоқ. Фон да кем. Сөз иесі ешкімді ешқашан ешқалай соттамайды да, жоқтамайды да. Насихат та қылмайды. Тек әредік «Алданыш жетегіндегі» үмітке осылған, тосылған жүректер шарқ ұрады. Сүю сезімі қорқыныштың өзінен күштірек! Сол сүйіспеншілік ажалдан соңғы уақыт кездемесін әрі қарай кестелей беріп ақырғы ақиқат алаңын құрады. «Ажал айтып келмейдінің» қаһармандары ешбіреумен қоштаспайды. Сөйтіп, Ажал артқа шегінеді. Осылайша өлімге жымия тік қараған кітап оқырманына жол тартты…
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



