Тәңір таңдауы – Елбасы
Алаш – Азат. Ғажап! Кенесарының алтын басымен, Әлиханның жарқын даусымен, Мағжанның жырымен, Қайраттың үнімен құрдымға кеткен қайран Азаттық қазақтың қаз мойнына қайта қонды. Төбемізден айналып ұшқан Азаттық – Алты Алаш – алты қаздың самғауы. Тәңірінің таңдауы хан орнына хан болған, би орнына би болған, мұқым қазаққа сый болған – Нұрсұлтан Назарбаевқа түсті. Азаттық көктен нұр болып құйылды. Тілерсегі тілінген тіліміз тірілді, дүдәмалдау күй кешкен дініміздің беті бері бұрылды. Алаш – Алласымен, мешіт – молдасымен, Ұлы Дала – көл-тасымен, Ұлы Қазақ – Елбасымен қауышты. Қалғып кеткен рухымыз қайта оянып, мүлгіп кеткен мұнтаздай болмысымыз қайта түледі. Алаш атқа қонды. Қолында көк байрағы, бойында отты айбары бар. Үш жүздің ұраны – Қазақстан. Тұранның топырағы – Қазақстан. Алтай мен Атыраудың, Арқа мен Алатаудың арасы бейбітшілік бесігіне айналды. Шекарамыз шегеленді, Қуанбаған қазақ болмады. Дәуірінде босып кеткен қандастарымыздың туған топырағына қайта көшіп келгенін көз көрді. Дүние өзгерді. Заман өзгерді. Қазақстан өзгерді. Бодандықтан құтылып, қылышынан қан тамған Кеңес Одағының күні тұтылып, еңсемізді тіктедік. Достан сырымызды бүкпедік. Азатпыз дедік. Ғажаппыз дедік. Қазақпыз дедік. Феодализмнен бір аттап, коммунизмнен екі аттап, капитализмге аяқ бастық. Алғашында қорықтық. Ел бола аламыз ба деп торықтық. Тәубе! Бағымыз бар екен. Пешенемізге қазақтың перзентін Президент етіп бұйыртты. Елбасымыз ашкөздер мен кембағалдардың арасын сұйылтты. Жүз ұлтты жүрегімізге басып, жұдырықтай жұмылдырды. Тәуелсіздіктің парқын ұғындырды. Қай елмен болсын тереземізді тең етті. Қай елден болсын еліміз бен жерімізді кең етті. Су сүзілмеді, Қазақстан мен әлемнің арасындағы байланыс үзілмеді. Ядролық қарудан бас тарттық, сыйлап келген қонағымыздың алдына ас тарттық. Кеңдігімізді таныттық, бірлігіміздің арқасында елдігімізді таныттық. Осының барлығы – қазақтың нар ұлы – Елбасының еңбегі.
Рауан ҚАБИДОЛДИН