АймақБас тақырып

Құт болатын еңбек культі

Еңбек құндылығын қалпына келтіруге кейінгі жылдары қоғам бет алды. Жоғалып, қайта табылғандай бұл культ – құт болады негізі. Еске түсірсек, еңбек культінің шарықтау шегі кеңестік кезеңге тұспа-тұс екен. Ал құлдырау шегі тоқсаныншы жылдар мен одан беріге ұласты. Өткен ғасырда төбемізге көтерген еңбек адамдары аумалы-төкпелі жылдарда естен шығып қалғаны шын. Неге? Себебі, бедел мен байлық, мансап пен мәртебе әлеуметтік-мәдени кеңістікке билік жүргізе бастағанда дүние тетігі еңбекте екенін ел іштей білсе де, құнттауға құлықсыз болды. Ал ондай құлықсыздық соңы – «еріншек, бекер мал шашпақ, өсек, өтірік, мақтаншақ» еді.
Негізі, еңбектің үлкен-кішісі, жақсы-жаманы жоқ. Тек соны сезінетін түйсік тұмшаланып қалмауы тиіс көрінеді. Тұмшаланса, құндылықтан құр қалады адамзат. Содан да соңғы жылдары еңбекпен тапқан нанның тәттілігі емес, оңай алған олжаның орны зорайып кетіп еді. Ол болса, қазақ айтатын «еңбектің еш, тұздың сорға» айналғаны-тын. Адал адам үшін еңбектің еленбей, көпе-көрнеу ескерілмеуінен өткен қорлық жоқ, сірә. Сондықтан да құндылығын түгендей бастаған қазақ қоғамы – «Еңбек күнін» ерекше әспеттеуге осылай кіріскен-ді…

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек құндылығын қалпына келтірудің маңыздылығын атағаны мәлім. Бір емес, бірнеше дүркін еңбеккерлердің ел алдындағы мәртебесін тасытуға баса мән берді. Оны Президент Жолдауында ұдайы қадап айтады. Ұлттық құрылтайда да бұл тақырып тағы жаңғырған еді.

«Қажетсіз мамандық болмайды, біліксіз маман болады. Ерінбей еңбек еткен жан өз ісінің майталманы атанады. Ал кәсібін толық меңгерген адам қашан да сұранысқа ие болады. Біз еңбек адамының мәртебесін көтеруге баса мән береміз. Елімізде түрлі саланың кәсіби мерекесі бар. Көбінесе мұндай мейрамдар назардан тыс қалып жатады. Бұл қадам қоғамда еңбек культін орнықтыруға жол ашады. Шын мәнінде, қандай жұмыс істеп жүргенің емес, оны қалай істеп жүргенің әлдеқайда маңызды. Министр немесе әкім болсын, құрылысшы, дәрігер, мұғалім болсын, ең бастысы, әркім өз міндетін адал атқаруы керек. Нанын адал еңбекпен табуы керек», – деген еді Президент.

Адам баласының негізгі құндылықтары қалтарыста қалғанын айтып, қазір қайғырудан аулақпыз. Оның ішінде, құрдымға кетуге айналған Еңбек культі төңірегінде. Көз жасты көлдететін емес, көптің көкейіне адал еңбек дәнін өндіретін кез. Жалпы, әлемде 100-ден астам ел «Еңбек күнін» атап өтеді екен. Тіпті, Жаңа Зеландия, Жапония, Қытай, Ресей, Беларусь секілді елдерде мемлекеттік мереке мәртебесі берілсе керек.

Әлбетте, саяси және экономикалық құрылымдық өзгерістер әлеуметтік нормалар мен өмір негіздерінің өзгеруіне әкеп соққаны мәлім. Қоғамда әлеуметтік әділеттілік, адами капиталды дамыту, жалақының жаңа моделін қалыптастырудың қажеттілігі туындағанын зерттеушілер де айтады. Сондықтан да кәсібилік пен еңбекқорлықты қоғам бағалауға бетбұруы тиіс. Осы орайда мына қоғамда еңбек құндылығы идеологиясы пайда болды.

Шынтуайтында, бұғанасы бекімеген балада да адал тапқан нанның дәмін сезінуден қалған-ды. Одан кейін мектептегі оқушы беделді жоғары оқу орнына оның мәртебелі дипломы үшін оқуға түсетін үрдіс белең алды. Мұнда еңбек ету емес мақсат. Меже – диплом ғана. Жеңіл ақша мен бос селтең өмір, тұтынушылық тұрғыдағы көзқарас еңбекке енжарлықты тудырғаны тағы рас. Осындайда өткен ғасырдың тоқсаныншы, екі мыңыншы жылдары ойға оралады. Ол уақытта таңдамақ тұрмақ, әйтеуір, жұмыс табылса, халық жерден жеті қоян тапқандай қуанатын. Еңбектің қадірі сол кезде зор еді.

Заман одан беріде түзелді. Жұмыс көбейді. Ырыс та молайды. Есесіне еңбекті қадірлеуден қалып бара жатқанбыз. «Жұмыс істесе, сол үшін ақшасын алады» дейтін біртүрлілеу, жатбауырлау, жағымсыз пікір жымысқылана жан дүниемізді жаулап ала бастаған-ды.
Қазір Құдайға шүкір дейік пе, еңбек етемін деген адам жұмысты шекесінен шертіп жүріп таңдайды. Мәселен, электрондық еңбек биржасында ұсынылған дерек бойынша Қарағанды облысында 6171 бос жұмыс орны бар екен. Еңбек еткісі келгенге кәдімгі өріс. Ендігі қажеті – ықылас пен ниет қана.

Қазақтың «Еңбегің жансын!» дейтін бір әдемі батасы бар. Ендеше, еңбектеріңіз еленіп, еңбектеріңіз жана берсін! Бұл күні басқа не деуге болады?!

Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button