Сыршыл Секең
Бірінші курсқа түскеніміз болмаса, біз бір-бірімізді танымайтын едік. Көп ұзамай бізді Алматы облысының Талғар ауданына ауыл шаруашылығы жұмысына алып кетті. Міне, осы тұста кеңірек танысудың сәті түсті. Бірақ байқаймын, курстастарымыз өздерін керемет етіп көрсетуге тырысып бағады. Мына бір ақсары жігіт жұмыстан соң кәстөмін желбегей жамылып, баяғының сал-серілерінше қолына домбыра ұстап, аяңдай басып ән айтады. Өзін композитормын деп дәріптейді. Пионерлер үйінің директоры болған ба? Ал, ана бір көзі сықсиған жігіт күні бойы қыздарға өлең оқудан жалықпайды. Тұманбай мен Қадырдың, Жарасқанның өлеңдерін жатқа оқиды. Өңкей бір таланттар!
Осындай бір қызық күндер аяқталып, Алматыға қайтып, аудиторияда дәріс тыңдауға көштік. Аудиторияға етіміз үйренгеннен кейін кеудемізді жарып бара жатқан дарынымызды байқатуға асыға бастадық. Біреулер жазған өлең, әңгімелерін беделді басылымдарға ала жүгірсе, біреулер бөлмелес достарына оқып беріп, енді біреулер Мұхамеджан Сералин атындағы әдеби бірлестікке талқылауға ұсына бастады. Осындай бір кезеңде шығармаларын көрсетуге асықпаған бір адам болды. Ол – бізбен бірге бір бөлмеде тұратын Серғазы Әбдібеков еді. Алғашында біз оны ештеңе жазбайды деп ойладық. Бір күндері барып, ол маржандай етіп қолмен жазылған дүниелерін алдымызға қойды. Апыр-ай, төгіліп тұр-ау, төгіліп тұр! Бір артық-ауыс сөз жоқ. Қара сөзбен жазылған өлең дерсің! Әлі есімде, «Ақ қайың жылаған түн» әңгімесін оқыған кезде қатты таңдандық. Жігіт пен қыз қоштасып тұрған сәтте ақ қайыңның жапырағынан көз жасындай тамшылар үстеріне төгіледі. Әсерлі ме? Әсерлі!
Бірінші курстан кейін Секең сырттай оқуға ауысып кетті. Бірақ бізбен байланысын үзген жоқ. Менің алғашқы әңгімем «Жалын» альманағында жарияланғанда құттықтап хат жазды. Оның әдеби ортаны іздейтіні байқалатын.
Ол аудандық газетте қызмет ете жүріп, көркем шығармалардан да қол үзбепті. Оған «Шилі өзен, қамыс-ай», «Аспан асты еліне ат ойнатқан Оспан батыр», «Батырдың бір өкініші» кітаптары куә. Әлеуметтік желіде жарияланған өлеңдері де жаныңды баурайды. Мына «Ескі құдық» өлеңіне көз салайықшы:
Сол құдықта қасиет бардай еді,
Суы тұщы, дәмі ішсең балдай еді.
Атамыз басымыздан бір-бір сипап,
Отырғаны демалып қандай еді!
Көз алдыңа балалық шақ келеді. Қайта оралмас сағынышты күндер. Өлеңді қаламгер былайша аяқтайды:
Сол құдық қолын бұлғап шақырғандай,
Көңілді қалың мұңға батырғандай.
Қауғасымен су тартып атам әлі,
Ескі құдық басында отырғандай.
Сағынышыңды басып, ескі құдық басына бір барып қайтқың келеді!
Бүгінде жетпіс жасқа толып отырған досымызға зор денсаулық, шығармашылық табыс және үй ішіне амандық тілеймін!
Сәбит Дүйсенбиев