Сырлы сөздің көркемдік сарапшысы
Ердің жасы елуді еңсерген әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Жансая Жанғазыұлы Жарылғапов өмір белесіндегі осынау айтулы күнге толымды жетістіктерімен жетіп отыр. Қастерлі Сарыарқаның қасиетті Жаңаарқа топырағында туып-өскен дарын ауыл мектебін тәмамдаған соң бастапқыда Өмірхан Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінде оқыды. Кейіннен Евней Арыстанұлы Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетіне ауысып, Қ.Лекеров, З.Жұмағали, Қ.Есбаев, Б.Кәрібаева, М.Смағұлов, М.Хамзин, Ж.Смағұлов, Б.Рахимов сынды ұлағаты мол, тәлімі терең ұстаздарынан тәлім алып, білімі мен білігін шыңдады. Әдебиеттанудың еңбек торысы бола жүріп, педагогикалық және ғылыми-шығармашылық ізденістерінде толайым табыстарға қол жеткізді. Іргелі білім алып, 1996 жылы түлеп ұшқан Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде бүгінгі күнге дейін табан аудармастан отыз жылға жуық еңбек өтілімімен қызмет атқарып келеді. Қатардағы оқытушылық қызметтен бастап, профессорлық лауазымға жетіп, қазақ әдебиеті және теория, қазақ әдебиеті кафедраларының меңгерушісі қызметін ұзақ жылдар бедерінде абыроймен атқарды.
Бүгінгі жаһандық әдебиеттану ғылымы таза академиялық бағыттағы зерттеу қағидаттары мен ұстындарын өзгертуде. Қазіргі таңда ол көркем әдебиетті барша адамзатқа ортақ мәдени құбылысы, рухани кемелденудің басты өлшемі ретінде қарастырады. Сөз өнерінің ұлттық және әлемдік ой-сана үрдісіндегі төлтума табиғаты герменевтика, теориялық поэтика, мәтінге түсініктеме, архивтік әдебиеттану, семиотика, структурализм сипатындағы жаңашыл бағыттағы әдістерімен ұштастырыла зерттеудің өзегіне айналуда. Міне, профессор Ж.Жарылғаповтың әдеби-теориялық еңбектерін даралайтын ғылыми сипат – заманауи әдебиеттану парадигмаларымен, жаңашыл зерттеу әдістерімен үйлесуінде.
Ғалымның ұлттық сөз өнерінің көркемдік әдістері мен әдеби ағымдарын, идеялық-философиялық парадигмаларын поэтикалық теория әдісімен зерттеп-зерделеген «ХХ ғасыр соңындағы қазақ прозасының идеялық-эстетикалық мәселелері», «Қазақ прозасы: ағымдар мен әдістер», «Ұлттық прозадағы әдеби ағымдар типологиясы», «Жанр және көркемдік әдіс», «Қазақ прозасы: модернизм және постмодернизм» еңбектерінің жаңашыл қырлары мол.
2000 жылы филология ғылымдарының докторы, профессор Мәуен Хамзиннің ғылыми жетекшілігімен «70-80 жылдар қазақ прозасындағы адам концепциясы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация, 2009 жылы ҚР ҰҒА академигі Рымғали Нұрғалидың ғылыми кеңесшілігімен «Қазақ прозасындағы әдеби ағымдар және көркемдік әдіс» тақырыбында докторлық диссертациясын сәтті қорғады. Бұл еңбектер ғылыми ортада отандық жетекші ғалымдар тарапынан ұлттық әдебиеттанудың әдебиет теориясы саласындағы жаңашыл ізденіс, тың қадам ретінде жоғары бағаланды.
«1970-1980 жылдар қазақ прозасындағы адам концепциясы» аталатын кандидаттық диссертациясының басты ғылыми жаңалығы – 1970-1980 жылдары қазақ прозасындағы адам концепциясы қазақ көркем ойының тарихындағы адам мәселесімен байланыста қарастырылуында. Ұлттық сөз өнеріндегі адам мен табиғат, адам мен қоғам, адам мен адам сынды күрделі қарым-қатынастық жүйелердің көркем шығармадағы бейнеленуі, кейіпкерлер танымы арқылы көрініс беруі қарастырылып, қазіргі қазақ прозасындағы дәстүр жалғастығы, адамның әлеуметтік және рухани-психологиялық қырларына қатысты эстетикалық жаңаша пайымдар ғылыми тұрғыдан арнайы зерттеуінде. Қазақ әдебиетінің классиктері Ә.Кекілбаев, Д.Исабеков, О.Бөкей, Ә.Таразидің философиялық тереңдігі айрықша танылатын прозалық туындыларына назар аударыла отырып, дәуірлік құбылыстарға сай адамның ішкі эволюциясын, санасындағы өзгерістерді, қоғамның рухани-адамгершілік мәселелерін қозғаудағы концептуалдық ойларының сипаты айқындалды. Қазақ әдебиетінің аталған кезеңдегі өзіндік стильдегі айшықтары ХХ ғасырдағы көркемдік айдында айрықша танылған экзистенциализм сынды әдеби-эстетикалық жүйемен сабақтастықта алғаш рет кешенді түрде сараланды.
«Қазақ прозасы: ағымдар мен әдістер» (Қарағанды, 2009) монографиясында қазақ әдебиетіндегі прозаның қалыптасуы мен даму жолындағы көркемдік әдістер мен әдеби ағымдар тұғыры қарастырылды. Әдістер мен ағымдардың теориялық мәселелері шығармашылық психологияның ішкі заңдылықтары, суреткердің көркемдік таным эволюцияларымен байланыста екшелді.
«Жанр және көркемдік әдіс» оқу құралында (Қарағанды, 2011) қазақ әдеби-теориялық, сыншылдық-эстетикалық ой-пікірінде өз деңгейінде арнайы қарастырыла қоймаған қазақ сөз өнеріндегі романтизм және реализм әдістерінің көркемдік-эстетикалық арнасы теориялық аспектіде сараланды. Ұлттық прозадағы ілкі романтизм, қазақ прозасының дамуындағы романтизм және реализм ұстанымдарының мәні айқындала түсті. Реализм әдісінің теориялық табиғаты, қазақ прозасындағы ағартушылық реализм мен сыншыл реализм эстетикасы зерделенді. Совет дәуіріндегі әдебиетке күштеп танылған социалистік реализмнің тарихи салдары мен сабақтары ғылыми дәйектілікпен таразыланды.
«Ұлттық прозадағы әдеби ағымдар типологиясы» (Қарағанды, 2011) монографиясында қазақ прозасының қалыптасу, даму кезеңінде әлемдік әдебиетте бой көрсетіп, әдебиеттегі ірі ағымдардың біріне айналған сентементализм мен натурализм, экзистенциализм поэтикасы жеке-жеке қарастырылып, модернистік ағымдардың типологиялық сипаты ғылыми тұрғыдан дәйектеледі. Екі үлкен тараудан тұратын іргелі еңбекте ХХ ғасыр басы қазақ прозасындағы сентементализм, натурализм сынды әдеби ағымдар көрінісі талданады. «Жылымық» жылдар прозасындағы модернистік ағымдар, неомифологизм, экзистенциализм поэтикасы сараланады. Соның барысында қазақ әдебиетінде толыққанды бағасын ала алмай келе жатқан натурализм құбылысы (Б.Майлин, С.Ерубаев, Ж.Аймауытұлы), натуралистік тенденциялар (С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Қ.Әбдіқадыров, С.Омаров т.б.) теориялық талдау нысанына алынды. ХХ ғасырдың алғашқы онжылдықтарындағы қазақ әдебиетінде түрлі ағымдар арқылы көрініп, сол ғасырдың 60-80 жылдары өз жалғасын тапқан модернизм эстетикасы О.Бөкей, Р.Тоқтаров, С.Мұратбеков, М.Мағауин, Ә.Кекілбаев, Т.Әбдіков, Ә.Тарази, Қ.Ысқақов, А.Нұрманов, Д.Досжанов, Р.Сейсенбаев, М.Қабанбай т.б. туындылары негізінде интерпретацияланады. Көркемдік үрдісте жаңа образдар мен өзгеше бейнелеу сипаттары, жаңаша таным мен бөлекше ойлау жүйелерінің орнығуы дәйектеліп, теориялық поэтика қағидаттарымен екшелді. Суреткерлердің адам болмысын жаңа философиялық өлшемдермен бажайлауға ойысып, сана ағымы, әдеби ойын поэтикасы, мифтік құбылушылық, сананың бөлшектенуі сынды модернистік ұстындарға иек артуы тұжырымдалды. Жазушылардың адам жанының сан қатпарлы қарама-қайшылығына тереңірек бойлау мақсатында архетип-кейіпкерлерге, мифологизм элементтеріне, аңыздық сюжеттерге жүгініп, ол сөз өнерінде неомифологизм ағымының қалыптасуына кең өріс ашқаны айқындалды. Қаһарманның рухани өмірінің түйткілдерін импрессионистік тәсілдермен бедерлеу, экзистенциализмдегі өмір шындығын абсурд пен хаос дүниесі деп танитын идеялардың маңызына екпін жасау, түрлі философиялық жинақтаулар жасаудағы озық тенденциялар хақында маңызды проблемалық, полемикалық ойлар айтылады.
«Қазақ прозасы: модернизм және постмодернизм» (Қарағанды, 2015) (С.Такиров, Ә.Жакулаевтармен бірге дайындалған) монографиясының да зерттеу нысаны соны. Еңбекте жаһандық әдебиеттегі ортақ бағыттар мен ағымдардың ұлттық әдебиетіміздегі мән-мағынасы, қазақ әдебиеті мен әлемдік әдеби үдерістер байланысының ерекшеліктері модернизм мен постмодернизм құбылысымен бірлікте талданады. Постмодернизм эстетикасына қатысты әдеби-теориялық, сыншылдық-эстетикалық сипаттағы мәлім де беймәлім танымымыздың көкжиегін кеңейтеді. Заманауи сөз өнерін теориялық талдаудың синергетикалық бағытын нұсқайды.
Филология факультеті қазақ тілі мен әдебиеті, қазақ филологиясы мамандығынан білім алушылар әдебиеттануға кіріспе, әдебиет теориясы сынды ХХІ ғасыр биігінен жазылған отандық ғалымдардың сапалы оқулықтарына зәру екенін бүгіп қала алмаймыз. Ж.Жарылғаповтың С.Такировпен бірігіп дайындалған «Әдебиет теориясы» (Алматы, 2020) еңбегінің осындай олқылықтардың орнын толтырудағы өзектілігімен қатар филология факультетінде қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша білім алушылардың кәсіби біліктілігін, әдеби-теориялық танымын, көркемдік-эстетикалық пайымын шыңдаудағы мән-мағынасы ерекше деуге болады.
Жансая Жарылғаповтың «Қазақ прозасындағы модернистік эстетиканың алғашқы көріністері», «Дәуір тынысын сезген қалам – шебер», «Абсурдизм және Төлен Әбдіковтің «Ақиқаты»», «Қазіргі әдебиетті қалай зерттемек керек?» т.б. теориялық, интеллектуалды мазмұндағы мақалалары заманауи әдебиет ерекшеліктерін рецептивті эстетика танымында дискурстық саралауларымен құнды.
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің өзіндік берік дәстүрі қалыптасқан қазақ әдебиеті кафедрасы ұлттық әдебиеттану ғылымының тарихы және әдебиет теориясының түйінді мәселелерін зерттеудегі асқарлы тұғырынан тайған емес. Өміршең үрдіс алдыңғы толқын, орта буын және жаңа өскіннің тығыз ғылыми-шығармашылық байланысымен өскелең сипат алуда. Профессор Жансая Жарылғапов та мықты ізбасар шәкірттер дайындап, оларды әдебиеттанудың күрделі саласы теорияға бейімдеуде. Қазақ әдебиеті кафедрасында «Әдебиет теориясы», «ХХІ ғасырдағы қазақ әдебиеті», «Жанрлар теориясы», «Әдеби герменевтика», «Шығармашылық психологиясы», «Мәтін және дискурс» курстарынан дәріс оқиды.
Еліміздің ғылыми-педагогикалық әлеуетін дамытуға, білікті мамандар дайындауға елеулі үлес қосып жүрген Жансая Жанғазыұлы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағын алып, ҚР тұңғыш Президенті – Елбасы қорының «Ең үздік зерттеу және ғылым мен техника саласында жеткен жетістіктері үшін» сыйақысын иеленді.
Қашанда ізденіс үстіндегі жаңашыл ғалым Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті жанынан университет ректоры, академик Нұрлан Орынбасарұлы Дулатбековтің бастамасымен ашылған «Қасымтану» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі ретінде «Қасымтану мәселелері» атты ғылыми жобаны үлкен табысты нәтижелерімен жүзеге асырды. Орталық ғалымдарының қажыр-қайратымен «Қасым тағылымы», «Қасым Аманжолов шығармаларының библиографиялық көрсеткіші» кітаптары жарыққа шықты. Қасым ақын өмірі мен шығармашылығынан Алматы, Орал қалалары архивтерінен тың деректер жинақталды, эпистолярлық мұрасы рухани және ғылыми айналымға енгізілді.
Иә, ердің жасы елуге толып отырған ғалымның әлі де берері мол. «Модернизм, постмодернизм эстетикасы» сөздігін түзу, «ХХІ ғасырдағы қазақ әдебиеті» оқулығын жазумен қатар структурализм, постструктурализм, феноменология т.б. заманауи зерттеу әдістерінен білім алушыларға арнайы оқулықтар дайындау міндеттері тұр. Бұған қосымша Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті филология факультеті қазақ әдебиеті кафедрасының Алаштануға бет бұратын уақыты келді. Қазақ мемлекеттілігін қайта жаңғыртқан Алаш көсемдері, бірегей реформатор тұлғалар Әлихан Бөкейхан, Жақып Ақпайұлы, Әлімхан Ермекұлының Сарыарқада туғанын ұмытпағанымыз абзал.
Сағымбай ЖҰМАҒҰЛ,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті казақ әдебиеті кафедрасының профессоры,
филология ғылымдарының докторы.