Тарих

Сыр тұнған қыш құмыра

Ақтоғай аудандық мұражайында Беғазы-Дәндібай мәдениетіне тән қыш құмыралар тұр. Төрт мың жылдық тарихы бар бұл құмыраларды ауданға бір кездері әйгілі академик Әлкей Марғұланның өзі табыстаған екен. Сондай-ақ, мұражай қорында көне қорымға қатысты өзге де құнды жәдігерлер бар.

Тарих беттерін парақтай қалсаңыз, қазақ даласының қай жерінде де ата-бабаларымыз өзге жұртпен терезесі тең деңгейде өмір сүргенін айғақтайтын дәлелдер жеткілікті. Өткенге көз жіберіп, біздің ұлтымыздың тарихта алатын орны қандай деген сауалға жауап іздейтін болсақ, ауыз толтырып айтарлық қаншама құнды қазынамыздың бар екені көрініп тұр. Солардың бірі – бүгінде бүкіл әлем назарын тіктеп отырған Беғазы-Дәндібай кешені.

Тарихқа «Беғазы-Дәндібай мәдениеті» деген атаумен енген өңірдегі ескерткіштерді алғаш рет академик Әлкей Марғұлан ашқан. Ғалым бастаған арнаулы археологиялық топ Беғазы-Дәндібай мекенін 1947-1949 және 1952 жылдары жан-жақты зерттеген.

Археологиялық зерттеу нәтижесінде табылған қыш құмыралар, темір бұйымдар, жебе мен найзаның ұштары, металл мен сүйектен жасалған әшекейлер бүгінде аудандық мұражай төрінен орын алған. Солардың ішінде музейге келушілердің назарын өзіне ерекше аударатын Андронов мәдениетінен жеткен көне қыш құмыралар. Осы жәдігерлер туралы аудандық археология-этнографиялық мұражай директоры Тәбәрәк Жармағанбетов әңгімелеп берді.

  • Ежелгі өркениеттен сыр шерткен құмыралар Қола дәуірі, Андронов мәдениетіне жатады. Қыш ыдыстардың белдеуіне салынған ою-өрнектерден сол кездегі халықтың тұрмыс-тіршілігін анық байқауға болады. Олардан тайпалардың таңбасын көре аламыз. Бұл, сол кезде-ақ қоғамның тапқа бөлінгенін аңғартады. Табылған жәдігерлердің осыншама уақыт бүлінбей сақталғаны – таңқаларлық жағдай. Ақтоғай ауданына ат басын тіреген туристердің тамашалайтын бірден-бір орны осы аудандық мұражай десек, «Қазақстанның киелі жерлері» картасына енген Беғазы-Дәндібайдан табылған жәдігерлерге шетелдік туристер қызығушылық танытып жатады. Сондай-ақ, шетелдіктерді мұндағы қола, ерте темір дәуіріндегі өркениет, сол кездегі далалық тұрмыс-салт қызықтырады, – дейді Тәбәрәк Жармағанбетов.

Иә, ғасырлар қойнауынан жеткен қыш құмыраларда жасырынған сырға тереңірек үңілу келешек еншісінде екені сөзсіз.

Думан ҚАБЫЛ.

Басқа материалдар

Back to top button