Жаңалықтар

Сыр тұнған Гүлшат

    Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы – еліміздің рухани негіздерін сақтай отырып, оны нығайтуға, қорғауға, сақтап қалуға мүмкіндік беретін рухани дамудың даңғыл жолы. Рухани жаңғыру идеясы атамекенмен ұлттың бір болуына, ұрпақ пен туған жердің үндесуіне, адам мен табиғаттың тұтастығына негізделген.

Сарыарқада кен ертеден өндірілген. Тіпті, алтын кен орындарына жиһанкездер мен алтын іздеушілер жіберілмеген көрінеді. Хандар барлық алтын шығатын кен орындарын жасырып, құпия ұстаған. Бұл дәстүр қазақ даласында 1822 жылы хандық басқарудың жойылуына дейін сақталып келіпті. Көптеген кен орындары, мыс балқытқан орындар, кеншілер мекен еткен қоныстардағы металлургия өндірісінің іздері бүгінгі күнге дейін сайрап жатыр. Солардың бірі – тарихы тереңде жатқан Гүлшат кеніші.

Балқаш қаласынан 65 шақырым жердегі Тарғыл тауынан қорғасын-күміс өндіретін зауыт 1884 жылы ашылған. Бұл жер саудагер әйел Гүлшат Бекметованың меншігінде болады. Сондықтан, ол Гүлшат зауыты болып аталып кеткен деген дерек бар. Бірақ, жерге тегін адамның аты берілмейтіндігі анық. Бізге жеткен аңыздарға сүйенсек, Гүлшат ертеде Ташкент қаласында өмір сүрген Бекмет деген көпес байдың көзін ашып көргені, аузын ашып сүйгені – кіндігін үзбес ұрпағы болған. Қыздың сұлулығы соншалық, ай десе аузы, күн десе көзі бар, сөйлесе көмекейінен күн көрінер, ақылды да шешен, ділмар екен. Тіпті, сыртынан ғашық болған жігіттер қыздың алдына келгенде мысы басылып, ауыздарына сөз түспей, келген іздерімен кері қайтады екен. Бірде Арқа жерінде, Қарқаралы елінде Қоянды жәрмеңкесіне қой сатуға шыққан Гүлшат Тарғыл тауының баурайына тоқтап, сол жерге қонып, таңертең ерте жолға шығуға дайындалады. Малшылар үш-төрт тастың басын қосып, от жағып, қойдың сүтін пісіреді. Сол уақытта тастар қорытылып қалады. Қызметшілері мұны Гүлшатқа жеткізіп, тастарды қызы әкесіне әкеліп береді. Ал, әкесі оны ағылшындарға алып барады. Ағылшындар тасты көріп, құрамында кен барын анықтаған. Кейін Гүлшаттың көрсетуімен Тарғыл тауының баурайына барып, тастарды қорытып мыс айырған екен. Ағылшындар кенді табушыға құрмет көрсетіп, кен шыққан жерді «Гүлшат» деп атапты. Аңыздан ақиқатқа айналған дүние.

Кейін, Кателен Ж. Пирин, Леват сияқтылардың Гүлшатқа көзі түскен. Семейлік көпес И.Деровтің тапсырмасы аясында Кателен Деровтың құзырындағы Баянауыл таулары мен Балқаш көлі аралығындағы орасан кең алқаптағы кеніштерді қарап шыққан. Байырғы кен орындарының қалдықтары мен үйінділерін табу нәтижесінде, Кателен Балқаштың солтүстік аймағындағы Гүлшат қорғасын – күміс кенішін ашты. Алғашқы Гүлшат кенін балқыту нәтижесінде француз инженері 49 тонна кен рудасынан 22 тонна қорғасын, 76 келі күміс, әр келі күмістен 11 граммнан алтын айырғаны туралы дерек бар.

Негізінде, ағылшындардың «Күміс-қорғасын» акционерлік қоғамына 1914 жылы иелік етіп, 1919 жылға дейін қожайын болған.

1950 жылдың шілде айында СССР Министрлер Советінің қаулысына байланысты Тарғыл тауының жанынан Гүлшат руднигінің құрылысы басталған. 1953 жылдың қоңыр күзінде Гүлшат байыту фабрикасы пайдалануға берілген. Сол күннен бастап, елімізге қорғасын концентраты берілген екен.

Қаншама жылдар бойы «Гүлшат» қойнауынан сапалы өнім алынды. Жергілікті халықты жеңістерге жетелеген жігерлі істер, тыныс-тіршілігіне екпінді леп, ертеңгі күндеріне деген сенім мен үкілі үміттеріне қанат бітіріп отырды. Тегі темірдің өзі де тозатыны түсінікті. Оның үстіне, кен – бұлақ емес. Бұлақтың өзі сарқылып, тартылады. Қаншама жыл ырғақты жұмыс жасаған Гүлшат кеніші, 1966 жылы қоры бітіп жабылды. Міне, содан бері зымырап 52 жыл өтіпті. Кені таусылған кеніш керексіз күйде қалған. Бір ғана Гүлшаттың қойнауында ұлтымыздың сан ғасырлық тарихы құндақтаулы жатыр. Мұны әлі де зерттеп-зерделеу – тарихымыздың айнымас мақсаты.

Сурет Ю.Поповтың «Хасен Бижанов: окружение, дела и встречи» кітабынан алынды.

Нұрдос КӘРІМ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button