Жаңалықтар

Ұсыныс халықтан – шешім депутаттан

    ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сергей ЕРШОВ Достық үйінде этномәдени бірлестіктердің, Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің, ғылыми-сараптамалық тобының мүшелерімен сондай-ақ, Қарағанды политехникалық колледжінде облыстағы білім саласының қызметкерлерімен кездесті. Кездесу барысында сенатор Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын ортаға салып, қатысушыларды депутаттық корпустың заң шығару және мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру жоспарларымен таныстырды. Ұстаздардың пікіріне құлақ түріп, білім беру жүйесінің өзекті мәселелерін талқылады.

Сенат депутаты С.Ершовтың айтуынша, жұмысының негізгі бағыты – әлеуметтік-мәдени және ғылыми саланы дамыту. Денсаулық сақтау, білім беру, дін мәселелері, мәдениет, ғылыммен қатар, Ассамблея жұмысына да ықпал етуге құзыретті сенатор өз жұмысында осы саладағы заң шығаруға байланысты жұмыстарды қадағалайды. Ал кез келген заң шығару ісі, ең алдымен, Елбасының жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауын бағдарға алатыны рас.

С.Ершов Қарағанды құю-машинажасау зауытындағы заманауи станоктармен жабдықталған цех жұмысын ерекше атап өтті. Өкініштісі – осы станоктарда жұмыс жасай алатын маманның жетіспейтіндігі. Бірақ, шетелден арнайы маман шақырту арқылы тығырықтан шығар жолды тапқан зауыт ұжымы өздерінің мамандарын оқытумен қатар, ЖОО студенттерін де үйретуде. Зауыт Жолдауда айтылған жаңа технологияларды енгізу мәселесін шешумен қатар, кадр даярлау арқылы адами капитал сапасын арттыру ісін жүзеге асыруды бастап та кеткен.

Сенатор назарынан ІТ технология саласында жаңалық ашып, қолданысқа енгізіп үлгерген, агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамытуға арналған жоба дайындаған қарағандылық оқушылар да тыс қалмады. Бұл – Елбасының Жолдауда нақты көрсеткен басым бағыттарды жүзеге асыруға бастар жол.

Өз кезегінде «Полония» Қарағанды облыстық поляк қоғамының төрағасы В.Хмелевский Қарағанды қай салада болмасын үнемі биіктерден көрінуге тырысатынын айтты, ал, «Видергебург» Қарағанды облыстық неміс қоғамының төрағасы Виктор Кист болса, банк жұмысын бір жолға қойып, қарапайым адамдардың мүдделерін қолдауды қарастыруды ұсынды.

Қарағанды политехникалық колледжінде өткен кездесуде облыстың білім басқармасының басшысы Есенғазы Иманғалиев Парламент өкіліне аумақтағы білім беру жүйесінің дамуы мен болашаққа арналған жоспарын баяндады.

Кездесуге қатысқан мұғалімдер білім беру жүйесінің өзекті мәселелерін көтерді. Атап айтсақ, мектепке дейінгі білім беру мекемелері қызметкерлерінің, тәрбиешілердің, тәрбиеші көмекшілерінің және білім бөлімдерінің, әдіскерлер жалақысының төмендігі.

Мектепке дейінгі білім беру – бұл адам капиталы қорының басты көзі болғандықтан, мемлекеттің әл-ауқаты үшін жұмыс істейтін тәрбиешінің еңбекақысы өз мәртебесіне сай болуы керек, – деді «Салтанат» балабақшасының меңгерушісі Светлана Ударцева.

Сергей Ершов Елбасы биылғы Жолдауында мұғалімдердің еңбекақысын 30%-дан 50 %-ға дейін көтеру қажеттігіне тоқталғанын тілге тиек етті. «Елбасы «Мұғалім мәртебесін арттыру мақсатымен білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен ұстаздардың лауазымдық жалақысын 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 30 пайызға көбейтуді тапсырамын. Сонымен қатар, 2018 жылы категориялар арасындағы алшақтықты арттырып, мұғалімдер үшін біліктілік деңгейін ескеретін категориялардың жаңа кестесін енгізуді тапсырамын» деген болатын. Алдағы уақытта оң өзгерістер орын алатыны сөзсіз», – деді сенатор.

Сондай-ақ, сенатор осы мәселе төңірегінде жақында ғана 2018-2020 жылдарға арналған бюджет мақұлданғанын атады. Онда білім беру саласына 1 трлн. 109 млрд. теңге қарастырылыпты. Оның ішінде, 2018 жылға 336 млрд. теңге бөлінген. Мектепке дейінгі тәрбие мен білімге шығын 479 млн. теңгені құрады.

Жалпы, бұл шығындар жыл сайын 7600 педагогикалық қызметкердің біліктілігін арттыруға сонымен қатар, мектепке дейінгі тәрбие бойынша 30 әдістемелік оқу құралы мен 726 оқу әдебиетін сараптамадан өткізуге мүмкіндік береді екен.

Сонымен қатар, жиында техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орнының қызметкерлері біліктілік деңгейіне байланысты қосымша төлемнің жоқтығына шағымданды. Колледждегі ең аз өтілді жас педагогтың еңбекақысы – 54 мың теңге, ал өтілі бар мұғалімдікі – 80 мың теңгеден жоғары емес. №54 мектеп директоры Әсем Сыздықова штатта жоқ кейбір мамандар туралы мәселелерді көтерді. Мысалы, сапалы инклюзивті білім беруді енгізу үшін дефектолог пен тьютор керек. Инклюзия бұл – білім алуда ерекше мұқтаждыққа ие балалардың қоғамға барынша икемделуіне мүмкіндік беретінін айтты.

Білім беру жүйесін барынша автоматтандыру мен ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың артуына байланысты мектептерде ақпараттандыру бойынша директордың орынбасары және жүйелік әкімгер штаттық бірлігіне сұраныс пайда болды. Алайда, ҚР Үкіметінің 2008 жылғы №77 қаулысында аталған мамандар көрсетілмеген. Ақпараттандыруға байланысты директордың ақпараттандыру бойынша орынбасары және жүйелік әкімгер штаттық бірлігін педагогикалық қызметкер тізіміне қосуды қажет деп санаймыз, – деді академик Е.Бөкетов атындағы мектептің директоры Татьяна Журакова.

Сөйтіп, Қарағандыға арнайы іссапармен келген сенаторға қарағандылықтар үлкен үміт артты. Қуантарлығы – С.Ершов біраздан бері шешімін таппай келе жатқан Қарағанды облыстық онкологиялық диспансерінің, туберкулезге қарсы диспансерінің, Қарағанды облыстық клиникалық аурухана құрылысын салуға қатысты мәселе көтеремін деп уәдесін беріп кетті.

Ал, ұстаздар қауымына көтерілген әрбір мәселе бойынша министрлікке сұраныспен, тіпті, қажет болса, депутаттық сауалмен Премьер-министрге жүгінетінін айтты.

Салтанат ИЛЬЯШОВА,

Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button