Сынаққа сынбаған Сапарбек

Тағдыр сынағына алған жандарға Құдай қуатты да қоса беретін секілді көрінеді. Сапарбек Жақұдин көз жанарынан айырылғанымен, қайраты қайырылған жоқ. Керісінше, қайралды. Басына түскен ауыртпашылыққа сағы сынған жоқ, сабырлық танытты.

Өрт сөндіруші болып еңбек етіп жүрген Сапарбек Жақұдин Жаңа құрылыс ауылындағы үйден шыққан өртті өшіріп жүргенде жарақат алады. Қасындағы әріптесі оқыс қимылдап, су соратын сорғы темірі Сапарбектің көзіне тиеді. Соққы қатты тисе де, қызметтік міндетін әрмен қарай атқарған ол, сол уақытта әлгі жарақат жанарынан айыратынын білген жоқ.

Күн өте, көзі көруден қалып, сырқаты сыр бере бастайды. Ол кезде жасы отыз тоғызда еді. Үш жыл уақыт өткен соң көзі мүлдем көрмей қалады. Содан жанарына жарық сыйлау үшін небір дәрігердің, емхананың табалдырығын тоздырады. Шетелдегі дәрігерлердің де алдына барады. Алайда, бәрінен ем-дом болмады.

Сөйтіп, күні де, түні де қараңғы түнекке айналады. Тағдыр сынағына көндігеді. Үміті, көңілінің нұры – жалғыз ұлы Бектұр еді. Асыл жары Гүлмираның да демеуі Сапарбек ағамызға дем береді. Содан бері 19 жыл өтіпті.

Үйдегі шаруаның бәрін Сапарбек ағамыздың өзі реттеп отырады. Қолы – алтын. Үйге қажет заттарды өз қолымен жасайды. Көкірегі сайрап-ақ тұр. Күнделікті таңертең және кешкілік хабарды қалт жібермейді. Гүлмира жеңгеміз газеттен оқып, «мынандай әңгіме бар» екен деп жаңалық алып келсе, ағамызды онысы аса қызықтыра қоймайды. Сөйтсе, оның бәрін теледидардан, радиодан ертемен естіп алып, біліп отырады екен.

Таңертең ерте тұрып, шынығуды да салтына айналдырып алған. Содан қаны айналады, жаны сергиді. Үйдегілер жұмысына кеткенде, үй шаруасын өзі атқара береді.

Көз ұшында, көңіл төрінде бала кейпінде қалған Бектұры отау құрып, шаңырағын кеңейтіп, шаттығын еселейді. Құдайға тәубе, қазір құшағында Әли, Тасмин есімді тәтті немерелері бар.

Естуімізше, ағамыздың ең бір ерекше қасиеті – баланы тез баурайтыны. Үйге келген ағайын-туыстың балалары жатырқап жыласа, ағамыз қалай қолына алады, солай жадырап салады.

Немерелеріне ертегі, аңыз айту күнделікті ермегіне айналған. Санауды, әріпті үйретеді екен. Немерелері, әсіресе, Тасмин атасына тән. Қасынан шыққысы келмейді. Ағамыз да немерелеріне үлкен үміт артқан.

Гүлмира жеңгеміз аудандық мәдениет үйінде әдіскер болып қызмет атқарады. Ал ұлы мен келінінің дәмханасы бар. Соны кәсіп еткен. Ағамыз да уақыт өте келе үйдегілерге қызыға бастап, еңбек еткісі келеді. «Үйде отыра берген жарамас», деп іздене бастайды. Жоғары да ағамыздың қолы алтын екенін айта өткенбіз: ойына массажбен айналысу келеді. Сол мезетте Қытайдан келген маман зағип жандарды осы бір іске оқытып жатады. Сонда барып, 3 ай курсқа қатысып, тәлім алады. Сабағын сәтті түйіндеп сертификатқа ие болады. Енді, осы кәсіпті жетілдіру керек. Сөйтіп, былтыр аудан әкімінің 1 млн. теңге гранты бұйырады. Үкіметтің қайтарымсыз қаражатына керек-жарағын алып, үйдің бір бөлмесін жабдықтады.

Міне, қазір нұралықтар Сапарбек ағаның массажына асығады. Кісі келмесе, көңілі түседі. Буын-буынға массаж жасауға әбден машықтанып алған ағамыздың екі таудай арманы бар. Өкінішке орай, бір арманы жақын көрінгенімен, алыстап кетті. Осы жылдың ақпан айы еді. «Астанадан керемет көз емханасы ашылыпты. Барғандар көріп кетіп жатыр екен. Менің де көзім көреді», деп көпшіліктен сүйіншіні де сұрап қойған. Онда барғанымен, емхананың бас дәрігері мүмкін еместігін амалсыз жеткізеді. Сол сәтте еңкілдеп жылағаны елдің жанына қатты батады. Гүлмира жеңгеміздің өзі сол ауыр сәтті былай еске алып күрсінеді: «Жиырма жыл бойы еңсеміз бұлай езілмеп еді. Қатты үміттеніп едік. Мен үнемі қасындамын ғой. Дәл сол кездегідей тоқтамай, солқ-солқ етіп жылағанын бұрын көрген емеспін. Үмітіміз көзіміздің жасымен сөнді».

Енді бір арманы бар. Ағамыз ауруханаға жұмысқа орналасып, емге келгендерге массаж жасап, елге пайдасын тигізгісі келеді. Соны алыстатып алмауымыз керек. «Жалақының аз-көптігі маңызды емес, ел қатарлы еңбек етсем, қоғамға үлес қоссам», деп бізге де үлкен үміт арқалатып жіберді.

Осы бір үміт отын өшіріп алмасақ, игі еді…

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Нұра ауданы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.