Басты тақырыпСпорт

Сыйақы – қомақты

    XXVIII Қысқы Универсиадада биіктен көрінген қазақстандық спортшыларға қомақты сыйақы беріледі. Бұл туралы Астанада өткен Үкімет отырысында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫ мәлім етті.

Министрдің айтуынша, алтын медаль иегеріне – 4,9 млн. теңге, күміс жүлде үшін 3,3 млн. теңге қарастырылған. Ал, қола медальді олжалаған спортшыға – 1,6 млн. теңге сыйақы тапсырылады.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлердің бапкерлері де тап осындай сомадағы сыйақыларға ие болады.

Жаһандық жастар додасында 168 спортшы ел намысын қорғайды. Олардың жаттығу жұмыстарына 65 бапкер жетекшілік етеді. Қазақстандықтар барлық спорт түрінен жарысқа араласады.

29 қаңтар – 8 ақпан аралығындағы Универсиадаға жалпы саны 2 мыңның шамасында сайыскер қатысады деп күтілуде.

Сондай-ақ, Универсиаданың ресми ұялы байланыс операторы анықталды. «Кселл» АҚ спорт нысандарын ұялы байланыспен қамтамасыз етеді. Және бірыңғай анықтамалық-байланыс орталығын іске қосады.

Орталық күндіз-түні жұмыс істейді. Барлық операторлар абоненттері 7117 номері арқылы қажетті ақпаратты ала алады. Яғни, жарыстар кестесі, спорт нысандарының орналасқан жері, билеттерді сатып алу тәсілдері және басқа да мәліметтерді аталған орталық таратады.

Бұдан бөлек, 12 нысанда 4G/LTE технологиясын қолдайтын базалық станциялар орнатылды. Олардың қатарында «Сұңқар» тау шаңғысы трамплиндер кешені, «Алатау» шаңғы-биатлон кешені және «Табаған» спорттық ойын-сауық кешені бар.

«Біздің компания үшін бұл – үлкен абырой. Универсиаданың спорт объектілерінің телекоммуникациялық инфрақұрылымын дайындау үшін күрделі жұмыс жүргіздік. Ойындарды ұйымдастыруға тартылған қызметкерлер байланыспен қамтамасыз етілді. Мен жүзеге асырылған жұмыс сапасын тек қазақстандықтар ғана емес, еліміздің қонақтары да жоғары бағалайды деп сенемін», – дейді «Кселл» АҚ бас атқарушы директоры Арти Отс.

Нұрқанат ҚАНАФИН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button