Руханият

Сыйға тартылған саптама етік

Саптама етік – қонышы былғары, тізені жауып тұратындай ұзын, әрі кең, табаны қалың сіріден тігілетін қазақтың ұлттық аяқ киімі. Оны әдетте жылы матамен астарланған киіз байпақпен киеді. Қыстың аязды күндері ат үстінде жүрген адамның аяғы тоңбайды.

Қыста мал бағатын шаруалар мен аңшылар үшін қолайлы осындай саптама етіктің бір парын Нұра ауданының тарихи-өлкетану музейі қорында сақталған көне және құнды жәдігерлер қатарынан көруге болады. Оны шебер етікші, ІІ Дүниежүзілік соғыстың ардагері, Кертінді ауылының тумасы Пішенбай Сыздықов қарияның ұрпақтары сыйға тартқан екен.

– Бұл саптама етік қос ұлтанды, өкшесі аласа, қонышы тізені жауып тұрарлықтай биік, әрі кең етіп тігілген. Ал, басының ойындысын қонышының ойындысына дәл келтіріп, тігісін ішіне қаратып, қос тарамыспен көмкеріпті. Етік жылы, әрі берік болуы үшін тігістің арасына жіңішке былғары таспалар салынған. Табанынан суық өтпес үшін ішкі ұлтан мен сыртқы ұлтан ағаш шегелермен бекітілген. Ұлтаны қопарылмау үшін етіктің үзеңгілігіне дейінгі бөлігіне шеге екі қатар қағылып, үзеңгілігінің тұсынан бастап, өкшесіне дейін бір-ақ қатар қағылған. Етіктің ішінде киіз байпағы бар. Табанының өлшемі – 44, биіктігі – 60 сантиметр. Сапалы тігілген бұйым өте жақсы сақталған, – дейді Нұра ауданының тарихи-өлкетану музейінің қор сақтаушысы Анаргүл Нақыпова.

Ермек БАЛТАШҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

СУРЕТТЕ: Нұра ауданының тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы тұрған саптама етік

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button