Сыдықтың сазын ұмытуға бола ма?..
Сен бәрін он бір буынмен алыпсың. Ария, дуэт, хор, речитатив, терцет дегендер болады. Соның бәрін нақтылау үшін оқы, сұрастыр. Мәскеуде жүрсің ғой. Ленин кітапханасына, театрларға бар. Өз көзіңмен көріп, өз құлағыңмен тыңда, ізден», – деп жазыпты сол хатында. Жалпы, операның қалай жазылатынын қысқаша түсіндірген. Мен ағамның ақылын ескеріп, бірталай іздендім. Ақыры, алдында жазған нұсқамды қайта қарап, бірталай қысқартып, поштамен қайта салып жібердім. Сөйтіп жүргенде, 1966 жылы оқуымды тәмамдап, елге келдім. Алматыда пәтер жалдап тұрдым. Сыдық ағам сол уақытқа дейін «Жұмбақ қыздағы» Адақтың, Нәзіктің, Абылайдың арияларын жобалап қойыпты. «Өзің жазған либреттода бәрі дұрыс, бірақ өзгертуді қажет ететін тұстары бар. Нәзіктің ариясын жазу керек. Соған отырсақ қалай қарайсың, уақытың бар ма?», – деді маған. Уақытым неге болмасын, мен келістім. Нәзіктің ариясын жазу оңай болған жоқ. Бір жерде жеті, бір жерде сегіз, енді бір жерінде он-он бір буын болуы керек. Он бір буыннан сегіз буынға түсіріп, содан кейін қайтадан тоғыз буын қылып, секіртіп отырады. Мұның бәрі операда арияның орындалу ырғағына байланысты екен. Ырғағына сөз ұйқастары мен буын саны дәл келуі керек. Музыкасымен салыстырып отырып, келген сайын соны түзетумен алысам. Қиын, енді. Өзіне де, өзгеге де талап қойғыш адам ғой. Бір күні мына жері, екінші күні ана жері ұнамай қалады. Кей тұсында мотиві ұнамайды. Қайтадан жаз дейді маған. Бір Нәзіктің ариясын бір айда он үш рет жаздық. Он үш рет! Он үш нұсқа. Содан кейін Адақтың ариясына көштік. Оның да сегіз вариантын жасадық. Өзі орындап шығады да, әндердің әуенін басқаша түзетіп, қайта жазады. Әйтеуір, оны да бітірдік. Соңында Абылайдың ариясына кірістік. Оның да алты вариантын жасадық. Сонда үш ай уақытым тек қана осы үш арияны дайындасумен кетті. Өз-өзіме бұдан былай либреттоға жоламаспын дедім іштей. Басқа авторлар либретто жазудан неге қашып жүреді десем, оның осындай машақатына шыдамайды екен ғой. Мен бұл қиындықты ең басынан сезінгеніммен, ағама айта алмаймын. Үндемеген соң, ағам менің ішкі ойымды қайдан білсін, былай түзейсің, былай жасайсың дейді де, отырғызып қояды. Мен басымды изеп, тапсырмаларын бұлжытпай орындауға тырысам. Ол кезде Ғылым академиясына қарасты Металлургия және байыту институтының лабораториясында қызмет істеп жүргем. Лаборатория меңгерушісі – Асқар Қонаев. Кейін ол осы институттың директоры, одан кейін Ғылым академиясының вице-президенті, президенті болғаны белгілі. Лабораториядағы жұмыстар бастан асады, күні бойы сол жақтағы қызметімді атқарам да, кешке қарай ағамның опералық шығармалары бойынша тапсырмаларын орындауға отырам. Ол уақытта Алматының «Тастақ» шағын ауданында бір орыстың үйінде бөлме жалдап тұратын едім. Үйде телефон да жоқ. Сыдық ағама арасында телефон тауып, өзім қоңырау шаламын. Көрсету, ақылдасу қажет болып жатса, ағам үйіне немесе жұмыс орнына шақырады. Барған сайын ана жерін әйт, мына жерін бүйт деген жаңа тапсырмалар алып қайтам.
Не керек, бір жыл уақытым сонымен кетті. Әйтеуір, бітірдік. Енді, дайын өнер туындысын қабылдау болуы керек. Қабылдау болардан бір күн бұрын Сыдық ағам маған: «Күшігінде таланған өмірбақи қорқақ болып өтеді. Сондықтан, қабылдауға қатысты пікірталастар кезінде сен үндеме. Не көрсем мен көрейін, ұрысса – маған ұрыссын, таяқ жесем – мен жейін», – деді. Маған жаны ашып, келешегімді ойлағаны болар. Жас басымен талауға түсіп, меселі қайтып қалмасын дегені ғой. Және бұл тарихи тақырыпқа жазылған тұңғыш туынды болатын. Абылай хан туралы операны сахналамақ түгіл, ол туралы сөз айтуға да болмайтын кез. Қазақтың орыспен арақатынасы, қалмақпен соғысы туралы ашық айтылмайды. Ол кезде қалмақты қалмақ емес, ойрат деп сыпайылаған боламыз. Арамызда қалмақтар бар. Ашық айтсаң, ұлттар достығына сына қағу болып есептеледі.
Сонымен, операны қабылдайтын күн де жетті. Талқылауды өткізуге Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Саттар Имашевтің өзі келді. Опера және балет театрында өткен жиынға Орталық комитет пен Мәдениет министрлігінің лауазымды тұлғалары, зиялы қауым, шығармашылық адамдары, жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты. Жаңа операмызға орыс тілді қазақтардың өзі қарсы шықты. Керемет қойылымның ұлттық қырларын С.Имашевтің өзі жақтырмай отырды. Қарсы сөйлегендердің уәжі сол – ескі заманды уағыздайды, орыс халқына қарсы насихат бар дейді. Операның екі жүз адам бірдей айқайлап: «Жаса Тәңірім, Абылай!», – дейтін тұсын айтып, «Бұл неғылған сұмдық! Ханды мақтайтын заман болған ба сонда? Сонда біздің халқымыз қайда қалады? Халықтың қанын сорған ханды сахнадан айқайлатып мақтап отырмыз. Бұл біздің қазіргі идеологиямызға қарсылық. Біз достықты жырлауымыз керек. Сондықтан бұл қабылданбайды», – деп шорт кесті. Сөйтіп, дайын операны бірінші күні қабылдамай тастады. Сыдық екі рет шығып сөйлесе де, оның сөзіне құлақ аспады. Бір жұмадан кейін екінші талқылау болды. Қойылым тағы қайталап көрсетілді. Көріп, тыңдап отырғанда еш артық-кемі жоқ сияқты. Осы жерде Ілияс Есенберлин, Тахауи Ақтанов, Қалижан Бекхожин сияқты қазақ туындысын бағалай біледі-ау деген қаламгерлер де болды. Бәрі де қойылымды тамашалау барысында: «Керемет, дұрыс, керек дүние», – деп отырды да, жеме-жемге келгенде не қолдап, не қарсылық білдіріп бір ауыз сөз айтпады. Бұл күні қабылдауды қолдағандар мен қарсы болғандар екіге жарылып, итжығыс болды. Араға он шақты күн салып, үшінші қабылдауға келдік. Өткен жолы қатысқандардың бәрі жиналды. Тағы да сол дау-дамай. Қазақша операны талқылаған жиын орыс тілінде өтіп жатыр. Ақыры шыдамай кеттім де, «Саттар Нұрмашевич, маған неге сөз бермейсіз? Опера музыкасының авторы – Сыдық Мұхамеджанов, либреттоның авторы – мен, Софы Сматаевпын. Қазір музыкасын емес, мәтінін, либреттосын талқылап отырмыз. Маған сөз беріңізші», – дедім орысшалап. Сөз берді.
Саттар Имашевтің өзіне қарап тұрып бірден:
– Айтыңызшы, сіз Москваға барғанда, Александр Бородин сахналаған «Князь Игорь» операсын көрдіңіз бе?
– Көрдім, – деді С.Имашев. – Бір емес, екі рет көрдім.
– Сонда қыпшақтардың арасына түсіп қалған князь Игорь: «Дайте, дайте мне свободу!», – деп айқайлайды ғой. Сол кезде жан-жағынан үш жүз адам бір ауыздан: «Славься! Славься!», – деп дүниені жаңғырықтырады. Өзіңіз көрдім деп отырсыз, орыстың князь Игоріне Мәскеудің Үлкен театрында үш жүз адам айқайлап қошемет жасайды. Ал, біздің қазақтың ханына сөйтіп «Жаса тәңірім, Абылай!» десе, ол неге қарсылық болады? Князь Игорьді мадақтап, қошеметтеп тұрған оның замандастары. Абылай ханды қолпаштаған да сіз бен біз емес, Саттар Нұрмашұлы, оның замандастары», – дедім. Осы жолы С.Имашев өзі де қабылдағысы келіп отырған болуы керек, бірден: «Ну, товарищи! Он же прав, этот молодой человек! Оказывается их прославляют их же современники, не мы с вами, не русские находящиеся сейчас в Москве и в России, а их современники. Давайте поддержим», – деп күлді. Содан кейін басқалар да: «Правильно, правильно говорит», – деп қостай жөнелді. Опера қабылданғаннан кейін Ілияс Есенберлин, Тахауи Ақтанов, Қалижан Бекхожин үшеуі мені кезекпен келіп құшақтап, құттықтап жатты. «Әй, қарағым, жақсы болды, жақсы болды. Жолымызды ашып бердің ғой. Тарихи тақырыпқа енді жазуға болады», – десті. Сөйтсем, үшеуінің де тарихи тақырыпқа жазып жүрген кезі екен. Сол кезде І.Есенберлиннің қоржынында «Қаһар» романы, Т.Ақтановта «Ант» драмасы, Қ.Бекхожинде тарихи өлең-поэмалары бар. Өздері бір ауыз сөз айтпай, ортада мені шырылдатып қойған ағаларға ренішімді жасырмай айттым. «Аты бар, атағы бар адамсыздар, неге үндемей қалдыңыздар?! Мен сөйлемегенде, Абылай хан тақырыбы жабық күйінде қалар еді ғой!», – дедім.
Осы жерде менің Мәскеуде оқып, үлкен орта көргенім септігін тигізді, әлбетте. Одақ астанасындағы орта неғұрлым ашық, біздегіден көш ілгері. Елде оқыған жас болсам, ұяңдық танытып, үнім шықпай қалар ма едім… Сөйтіп, әйтеуір, операмызды қабылдаттық.
– Операны қабылдағаннан кейін Сыдық аға қандай күйде болды?
– Ол кісі де қатты қуанды. Сыртқа шыққаннан кейін: «Әй, Софы! Сенің Мәскеуде оқығаның мұнша жақсы болар ма!? Әнеугүні ортаға сені шығарсам, бұлар талап тастайды ғой деп қауіптеніп едім. Жоқ, сенің осындай логикаң бар екен. Ерледің, Мәскеуде оқығаныңды білдірдің!», – деп арқамнан қақты.
Сонымен, премьера болды. Алғашқы қойылымға келген көрерменнің қарасы қалың. Өнерге сусап жүрген халық қой, енді. Оның үстіне өз тарихымызды айта алмай булығып жүрген кезіміз. Абылай ханның аты аталып, сахналық образының тұңғыш рет көрінуі көпшілікке қатты әсер етті. Өзің білесің, 1948-1953 жылдар аралығында әлемді космополитизм идеясы кезіп жүрді. Бұл елдің санасын улап, ұлттық құндылықтарға қауіп төндіретін саясат. Содан бері де он бес жылдай ғана уақыт өткен еді. Кейін тарихта «Хрущевтің жылымығы» деген атпен қалған аралықта сталиндік заманның үрейі ақырындап сейіліп, шығармашылық адамдары да жазу еркіндігін сезіне бастап еді.
Премьерадан кейін шағын банкет болды. Құттықтап келушілер кіріп-шығып жатыр. Мен есік жақтағы бір орында отыр едім, осы операның қоюшы-режиссері Құрманбек Жандарбековпен бірге отырған ағам шақырып: «Кел менің қасыма», – деді. «Автор осы екеуміз, – деді Құрманбек ағаға. – Осы баланың арқасы». Үшінші талқылауда Құрманбек те сөйлеген еді, алайда оны ешкім тыңдамады. «Жасаған нәрсеңнің жарқ ете қалғанын жақсы көріп тұрасың, бұл сенің шаруаң емес», – деген сөз естіді.
– Ал, енді, Сыдық аға өмірде қандай адам болды?
– Сыдық ағам өте тұйық жан еді. Кез келген адаммен жақын араласып кету дегенді білмейді. Көңілі бір қалған кісіге құшағын да, есігін де ашпайды. Ал бір көңілі түскен адамды өмір-бақи жақсы көріп өтеді. Мені, неге екенін білмеймін, жас кезімнен, он жеті-он сегіз жасымнан бауырына тартты. Солай кетті өле-өлгенше. Мені өзінің туған інісі Дәулетханнан артық көрмесе, кем көрген жоқ. Мен «Елім-ай» атты романымды баспаға 1970 жылы тапсырған болатынмын. Содан сегіз жыл жатып, тек 1978 жылы зорға дегенде жарық көрді ғой. Сол аралықта Сыдық ағаммен бір әңгімеде жағдайымды айтып едім, «Әй, сенің ол романың Есенберлинде», – деді ол. Ол кезде І.Есенберлин – Жазушылар одағының бірінші хатшысы, екінші хатшы – Әнуар Әлімжанов. Екеуінің де осы тарихи тақырыпқа жазып жүрген кезі. Үшеуіміздің тақырыбымыз ұқсас. «Олар сенің романыңды шығармайды, – деді ағам.
– Сондықтан, сен сол жазғаның мен қолда бар деректеріңді екеуіне бөліп бере салсайшы, олар өз жазғандарымен қосып, неғұрлым толық дүние жасасын». Мен шыр-пыр болдым. «Неге берем жазған нәрсемді?! Мәскеуде жылдап жүріп тырнақтап жинаған материалдарымды соларға ұстатып қоя беруім керек пе? Сонша сабылып, Қазақстанның түкпір-түкпірін біресе бензовозбен, біресе мотоциклмен аралап, деректер жинап, суретке түсіргенім басқа бір жазушылардың қажетін өтеу үшін бе?!». 1978 жылы кітабым әйтеуір жарық көргенде бір данасын Сыдық ағама өз қолыммен апарып бердім. Оқып шыққаннан кейін сөйлескенде: «Әй, Софыжан, мен баяғыда саған дұрыс ақыл бермеген екем. Туындыңды оқып шықтым, Есенберлиннен де, Әлімжановтан да батыл жазған екенсің. Баяғы сөзім есіңде болар, соным дұрыс болмаған екен, неліктен солай дегенімді өзім де білмей отырмын. Сол кезде менің сөзіме көнбегенің дұрыс болыпты, – деді.
– «Елім-ай» романын оқырмандар қалай қабылдады?
– Роман кітап болып баспадан тек 1978 жылы шықты дедім ғой. «Елім-айдың» бірінші кітабы оған дейін, 1976 жылы «Жұлдыз» журналында жарияланған болатын. Оқырмандардан осы романға қатысты бес жүзге жуық хат келді. Редакцияға өз аяғымен келіп, ризашылығын білдіріп кеткендер қаншама! Бәрінің ортақ бір сауалы: «Елім-ай» кітап болып қашан шығады?». Жазушылар одағында жиналыс, пленум өткен сайын Әзілхан Нұршайықов сияқты қаламгерлер дауыс көтеріп, «Неге шығармайсыңдар, халықтың тарихы ғой?!», – деп жүрді. Сөйтіп, бірінші кітабым журналға шыққанда көпшілік ырза болды. Сыдық ағам да: «Сенің жазушылығыңның мықты екенін көрдім, сендім. Шынында да сенің прозаң поэзияңнан басымырақ екен», – деп арқамнан қақты. Ол әдебиетті де, әдеби ортаны да жақсы білетін. «Сен ана пәленшенің деңгейіне көтерілдің. Мына жазғаның «Абай жолына» жетеқабыл дүние, оқып шыққандар айтып жүр ғой. «Есенберлиннің «Қаһарын» оқыдық, романның жалпы идеясы мен композициясы демесең, онда мынадай тіл жоқ. Сен осы туындыңмен көп жазушылардан асып түстің», – деп мені қолпаштап, көтермелеп отырар еді. Мен «Елім-айды» жиырма тоғыз жасымда жазып бітірдім ғой. Сол 1970 жылы қолжазбамды баспаға тапсырдым. Содан сегіз жыл өткенде әрең шығарды емес пе. Сөйтсем, Әбдіжәміл Нұрпейісов жездесі, сол уақыттағы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Саттар Имашевқа, күйеу баласы, Қазақстан Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы Шериаздан Елеукеновке, жерлес інісі, «Жазушы» баспасының директоры Әбілмәжін Жұмабаевқа қалай да өткізбеуді тапсырып қойыпты. Ш.Елеукенов пен Ә.Жұмабаев: «Орталық Комитет қарсы болады», – деп сырғақтайды. «Әй, сен осы жерде соны шешу үшін отырған жоқсың ба?!», – десем, әрнені сылтауратып, әйтеуір жолатқысы келмейді. Содан салып ұрып Орталық Комитетке, Саттар Имашевтің өзіне бардым. Осылай да осылай, менің жаңа романымды оқыдыңыз ба деймін ғой, баяғы. Қайдан оқысын? Оқымаған. «Оқымай тұрып қалай қарсы боласыздар?», – деймін шүйлігіп. «Әй, қарағым, сен өзің жап-жас екенсің, – деді С.Имашев. – Өзің инженер-металлург көрінесің. Сен неге еңбек адамдары туралы жазбайсың? Ешқандай кедергі жасамай, шырқыратып тұрып шығаратын едік. Еңбекшілер туралы тақырыпқа жазсаңшы. Қайтесің сол тер сасыған ескі дүниеге тон кигізіп?! Ескілікке неге сонша жүгіре бересің?». Идеологияның басында отырған кісінің мына сөзіне не дерімді білмедім…
Қолжазбамды баспаға тапсырғалы жеті жыл өткен. 1977 жыл. Ол кезде партия мүшесі, жазушымын. «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі, кәсіподақ төрағасымын. Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі Андрей Павлович Плотников деген болатын. Бір күні сол кісіге телефон соғып: «Коммунист Сматаевпын, маған бес минут аудиенция беріңіз», – дедім. Ол кейбіреулер құсап түлкібұлаңға салған жоқ. «Бүгін сағат үште келе қойыңыз», – деді бірден. Ол уақытта кіреберісте көрсететін рұқсат қағазы деген жоқ, партбилетпен өте беруге болады. Қазіргідей темір қоршау, турникет дегендер болмайтын ол кезде. Орталық комитеттің ғимаратына коммунист екеніңді растайтын партбилетіңді көрсетесің де, кіре бересің. Кіріп, хатшысына: «Мені сағат үшке шақырған», – деп едім, «Өзі шақырса, кіре беріңіз», – деді ол. Кабинетіне кірсем, төрде отыр екен. Бұрын бір-бірімізді көрмегенбіз. Романыма Шыңғыс Айтматовтың жазып берген алғысөзін, журналымыздың екі санын өзіммен бірге ала келгем. Үстеліне жақын келдім де, партбилетімді шығарып, алдына бір-ақ ұрдым.
– Что вы делаете, молодой человек?!, – деді ол екі көзі шарасына шыға жаздап. Орысша сөйлеп бердім дейсің.
– Пожалуйста, вычеркните меня из состава коммунистической партии Советского Союза!..
– Неге? – дейді ол ештеңе түсінбей.
– Өйткені, менің жазған кітабымды жақтырмайтын болсаңыздар, жарамсыз болса, сіздердің баспадан шығаруға лайықсыз болса, мен өзім де коммунист болуға жарамаймын!
– Фамилияңыз қалай?
– Сматаев. Менің қолжазбамды жаңа басылымдар тізімінен сызып тастап келе жатқандарыңызға сегіз жыл болды! Мен не жаздым, себеп қандай, айтыңызшы осы жерде?!..
Қарап отырды да: «Сматаев… Мұндай фамилияны бірінші рет естіп отырмын», – деді. Негізі, басуға жіберілетін қолжазбаларды осы бөлім қарайды, сызса, осылар сызады. Ал мына кісі бөлім басшысы бола тұра, тіпті фамилиямды да естімеген. Содан кейін:
– Романыңыздың қолжазбасы қайда енді? – деді.
– Осы бөлімде жатыр. Пәленшеевке (фамилиясын ұмытып қалдым) оқуға берілген.
– Қашан бердіңіз?
– Бес жыл бұрын.
– Содан бері ешқандай жауабын берген жоқ па?
– Жоқ…
Әлгіні телефонмен шақырып алды. Мені көрсетіп, көз алдымда бүре бастады.
– Мына кісінің қолжазбасы қайда?
– Менде.
– Оны қашан алып едіңіз?
– Бес жыл бұрын.
– Жауап жазып па едіңіз?
– Жоқ.
– Қазір бұйрық шығарамын, сіз жұмыстан боссыз. Бар кетіңіз!..
Әлгіні қуып жібергеннен кейін тағы бір қызметкері Болат Бодаубаевты шақырды. Оған:
– Қолжазбаны ал да, тезірек оқып, бір айдың ішінде жауап бер, – деді.
– Мен оны оқығам, – деді ана кісі.
– Қалайша?
– Өте жақсы қолжазба, жақсы материал.
– Онда маған неге ештеңе айтпадыңдар?
– Жауапты адам айтқан болар деп ойладым, ол маған жай оқуға берген. Плотников телефон тұтқасын алып, Әбілмәжін Жұмабаевқа қоңырау шалды. Біз қасында естіп тұрмыз. Мәселеге төтесінен кірісті.
– Сіз Сматаевты білесіз бе?.. Оның кітабын неге сегіз жыл бойы шығармай отырсыздар? Орталық Комитет қарсы болады деген не сөз?.. Мен бұл кісіні бірінші рет көріп отырмын ғой, неге өйтесіздер?!..
Ар жақтағы дауыс әлдене деп ақталып жатты. Мына кісі оның сөзін тыйып тастады.
Әңгімелескен Қайрат ӘБІЛДА
(Жалғасы бар)