Сыдықтың сазын ұмытуға бола ма?..
Классикалық музыка дегенде, қазақтың маңдайына біткен санаулы ғана композиторларымыз бар. Мұны мойындау керек. Солардың бірегейі Сыдық Мұхамеджановтың шығармашылық мұрасы бұл күндері дұрыс насихатталмай, ұмытылуға айналғаны өнерді түсіне, бағалай білетін қауымның жанына батады. Кезінде айтулы композитордың шапағатын көрген белгілі жазушы, драматург, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Софы Сматаевпен әңгімеміз де осы төңіректе өрбіді.
– Софы аға, әңгімемізді Сыдық Мұхамеджанұлын алғаш көрген кезіңізден бастасақ. Ол кісіні бұрыннан білетін бе едіңіз, әлде Алматыда тұратынын біреуден естіп білдіңіз бе?
– Мен Алматыға оқуға түсуге 1959 жылы келдім. Ауылдан жол жүрерде әкем: «Сол жерде Сыдық Мұхамеджанов деген ағаң бар, композитор. Соны тауып ал», – деп еді. Содан келіп ҚазМУ-дің филология факультетіне құжаттарымды тапсырдым. Шындығында, ешкімнің үйіне барғым келмеді: жатақханада орын болмай, екі күн вокзалда түнедім. Үшінші күні сол кездегі ақшамен 25 сом беріп, жатақхананың бір қуысынан орын тиді. Бір бөлмеде он кереует, он абитуриент. Соның ішінен сегізі құлап, екеуіміз түсіп кеттік те, бос қалған бөлменің төрінен өзіме орын сайлап алдым.
Әкемнің аманаты жадымда. Оқуға түскеннен кейін екі ай өткенде сұрастырып жүріп Сыдық ағаның мекенжайын тауып алып, үйіне бардым. Барсам, жабық есігінің алдында бір қыз бала тұр екен. Айтуынша, Сыдық ағамның апасынан туған жиені екен. Үйде ешкім жоқ. Жаңағы жиен қызға қайдан келгенімді, аты-жөнімді, тұрып жатқан жерімді тәптіштеп түсіндіріп айттым да, кетіп қалдым. Ауылдан келген екпініммен балалық жасап, «Алыстан іздеп келдім, енді өзі тауып алсын» дегендей болып кеттім.
Ол кезде филфактың жатақханасы Калинин көшесінде орналасқан. Сыдық ағаның үйінен үш жүз метрдей ғана жерде. Бір жұмадан кейін бөлмемнің есігі қағылды. Ашып едім, келген кісі: «Сматаев деген жігіт бар ма?», – деді ішке ене беріп. «Мен», – дегенім сол-ақ екен, құшақтай алды. «Әй, мен сенің Сыдық деген ағаң болам. Үйге кірмей кетіп қалғаның не? Жүр», – деп, алды-артыма қаратпастан ертіп ала жөнелді. Үйге келсек, жеңгей тамақ дайындап қойыпты. Ет асыпты. Содан жөн сұрасып, жақын таныстық.
– Оқуға түстің, бірдеңе жазып жүрсің бе? Жазғандарың бар ма? – деп сұрады.
– Өлеңдерім бар, – деймін.
– Оқышы бір-екі шумағын.
Оқып бердім. Ағам тыңдап алды да:
– Әй, сенен бірдеңе шығады. Мынауың жақсы екен. Өзім араласатын біраз ақынды білем ғой. Сен өлеңнің қалай құрылатынын біледі екенсің. Ешқандай селкеулік жоқ, осы бетіңнен танба, – деп дем беріп қойды.
– Содан кейін жақын араласа бастадыңыздар ғой?..
– Иә, осыдан кейін араласа бастадық. Арада бірер ай өткенде жатақханама тағы да өзі келді. «Бүгін жеке дауыстың «концертино» дегені болады. «Қазақконцертте» қояйын деп жатыр. Жолай Айя Байқадамова деген әншіні ала кетеміз», – деді.
Айя дегені – әйгілі композитор Бақытжан Байқадамовтың туған қарындасы Айсұлу Байқадамова екен. Жолшыбай ертіп алдық та, «Қазақконцертке» келдік. Айсұлу оркестрдің сүйемелдеуімен бір шығарманы орындады. Соңынан Сыдық ағам: «Қалай, ұнады ма?», – деп сұрады. Ол кезде музыка жанрларын айыра білмеймін ғой. «Аға, мен бәрін түсінем, маған ұнады, тек мына шығарманың сөзін естімедім ғой, – деймін. «Бұл – концертино, – деді ағам. – Жеке дауысқа арналған шағын концерт осылай болады. Ал сөзімен айтатын әуенді «вокал» дейді».
Жатақханада үш жігіт бірге тұрдық. Студенттің ашқұрсақ жүретін кездері жиі болады ғой. Жаңағы екі досымның бірінің көкесі (әкесінің інісі) – әлдебір министрдің орынбасары, екіншісінің жақын ағайыны әрі жездесі – қазақтың әйгілі ақыны Тайыр Жароков. Әбден қарын ашқанда сол кісілердің бірінің үйіне барамыз. Министр орынбасарының әйелі әлде татар, әлде орыс болатын. Дастарханға шөп-шаламнан жасаған салаттарын қояды. Жұғымсыздау ас болған соң, орта қарынды қанағат етіп қайтамыз. Жароковтың үйінен де жарылқана алмаймыз. Енді бір ашыққанда әлгі екеуі: «Әй, Софы, сенің ағаңның үйіне барайық та», – дейді. Жеңгейдің қолы ашық, қай уақытта барсақ та жайдары қарсы алып, алдымызға бір табақ ет қояды. Ағам екеуі бір-ақ бөлмелі үйде тұрды, асүйді де бөлме қылып алған. Ол кезде орын алатын газ жоқ. Барған бетімізде «Софушка келіп қалды ғой!» деп қуана қарсы алып, қарнымыз ашып жүретінін сезетін болуы керек, «Қанеки, қолдарыңды жуыңдар да келе қойыңдар», – деп лездің арасында дастархан жая қояды. Ағай ол кезде Композиторлар одағының бірінші хатшысы болатын. Ол кісі көбінесе жұмыста жүреді.
Бұл әлі бірінші курста оқып жүрген 1959 жыл ғой. Ол кезде журналистика әлі жеке факультет емес, филология факультетінің құрамында. Сонда оқитындарға қызығып жүріп, менің де журналист болғым келді. Сол ойымды бір күні ағама айттым. Деканымызға айтып, журналистика бөліміне ауысуға көмектесуін сұрадым. Ол кездегі деканымыз – Тауман Амандосов. Ағам меселімді қайтармай, бір күні оқу корпусымызға келді. Елге танылған кезі ғой, сыртынан көргендер: «Мына кісі композитор ғой, кімді іздеп жүр екен?», – десіп жатты. Содан не керек, мені ертіп деканға кірді. «Мынау інімнен көп үміт күтіп жүрмін, жазушы болатын түрі бар. Қалауы журналистика болып тұр, сол бөлімге ауыстырсаң», – деп төтесінен келген шаруасын айтты. Тауман Салықбайұлы ағамның бұйымтайын тыңдап алды да: «Әй, Сәке, сен менің ақылымды ал да, мына ініңе түсіндір: жазушы боламын деген адам филология факультетінде оқуы керек. Көп нәрсені сонда үйренеді. Ал, журналистикаға ауысса, негізінен газет жанрларын меңгеріп, жазушылық бейімінен айырылып қалуы мүмкін. Сондықтан бұл баланы әуре қылмай, осы филологияда қалдырған абзал», – деді. Ол кезде бірінші семестрді кілең бестік бағамен аяқтағам. Соны меңзеп, «Мен де бұл балаға үміт артып отырмын. Екінші семестрді де кілең бестікпен бітірсе, лениндік стипендияға ұсынамын. Сондықтан, бір бөлімнен екінші бөлімге ауыстырудың керегі жоқ. Оның үстіне пәндік айырмашылықтар бойынша емтихандар тапсыру қажет болады. Сонда төрттік баға алып қалса, үздіктер қатарынан шығып қалады», – деді сөзін нығарлап.
Мен болсам, отырып алып көнбедім. «Жоқ, журналистикаға барам», – деймін. «Сұранып отыр, қайтесіз, енді, Тәке. Осының сұрауымен әдейі келдім ғой. Баланың меселін қайтармайық», – деді ағам да. Ақыры не керек, деканды көндірдік. «Жарайды, – деді ол кісі. – Өзің әдейілеп келіп отыр екенсің, көңіліңді жықпайын. Бала айырмашылық емтихандарын тапсырсын». Бұл 1960 жылдың көктемі болатын. Пән айырмашылығы емтихандарының екеуінен де өте жақсы деген баға алдым. Ол кезде университетімізде Мұхтар Әуезов дәріс оқитын. Қай уақытта, қай курсқа лекция оқитынын алдын ала біліп алып, кейде орын болмай қалатындықтан, дәрістерін өзіммен бірге орындық ала барып тыңдап жүрдім.
– Ұлы ұстазбен жеке тілдесіп, әңгімелескен кездеріңіз болды ма? Сізбен не жайлы сөйлесті?
– Мұхаң дәрістерінде мені байқап, көз қырын салып жүреді екен. Мен кітапханадан шықпайтын едім. Бірде сол кітапханадағы оқудың арасында араб қаріптерімен елдегі әкеме хат жазып отырғам. Мұхаң жаныма таяп келіп:
– Сары бала, сен не істеп отырсың? – деді.
– Әкеме хат жазып отырмын.
– Аа, арабша білесің бе? Оны өзің үйрендің бе?
– Иә. Өзім үйрендім.
– Әкеңнің аты кім?
– Әкемнің аты – Қалыбек.
– Нешеде, менен үлкен бе, кіші ме?
– Он екі-он үш жастай кіші…
Мұхаң сонда: «Онда қаламыңды бер», – деді де, алдымдағы қағазға «Қалеке, мына Софыны жақсы дайындаған екенсіз, үміт күтем сіз де, мен де» деп жазып берді. Кейін әкем қайтыс болғанда сол хат қалтасынан шықты ғой. Тағы бірде С.Маловтың сына жазу үлгілерін қарап, соны меңгерсем деп отырғам. Мұхаң жаныма келіп: «Әй, сары бала, сенің қазіргі білімің біздің кейбір аға оқытушылардың білімімен тең болмаса, кем емес. Бірақ, ешқандай оқу орны жазушы дайындап шығара алмайды. Жазушы болу үшін соған сай табиғи болмысың, Алла тағаланың берген дарыны болуы керек. Оны талант деп айтады. Сенде сол таланттың ұшқыны бар сияқты, мен білсем. Сондықтан, сен егер шын жазушы болам десең, миыңды, ойыңды ұстайтын техникалық вузға түс. Онда да Москваға барып оқы. Москваның көшесінің өзі бір университет. Өзіндегіден басқа жан-жақтан да театрлар гастрольдетіп келіп жатады. Көркемсурет салондары мен музейлері де тұнған білім. Афишаларын қарай жүрсең, қайда не болатынын алдын ала білесің. Сол Москваның театрларына ең болмағанда бір-бірден кіріп шықсаң, сол саған көп нәрсені үйретеді. Екінші университетің сол Москваның мәдени ортасы болады. Соның бәріне жету үшін алдымен жаңағы айтқандай бір оқу орнына түсуің керек», – деп ұстаздық ақылын айтты.
Ұлы адам осылай дегеннен кейін менің де арман-қиялыма қанат біткендей болды. Журналистика бөліміне ауысу үшін айырмашылық емтихандарын тапсырып болғам, енді екінші курстан бастап сонда оқимын деп жүрген кезім ғой. Қиялым енді Мәскеу жаққа ауа берді. Ойымды басқа кімге айтам, Сыдық ағаммен ақылдасайын деп шештім. Ол кісі мені тыңдап алды да, «Анаған бір, мынаған бір ұмтыла берсең, сенен ештеңе шықпайды. Әсемпаздықты қой. Бір жерден екінші жерге секіре беріп, әлгі Крыловтың «Шегіртке мен құмырсқа» мысалындағыдай болып жүрме. Ауысатын болсаң, тағы бір жыл уақытыңды жоғалтайын деп тұрсың. Оның жарамайды», – деп қарсылығын айтты. Содан кейін ғана маған осылай кеңес беріп, ақыл айтқан Мұхтар Әуезов екенін айтып едім, «Ә-ә, Мұхаң солай деді ме? Ол кісі біледі ғой, онда баруың керек. Бірақ, онда емтихан тапсыра аласың ба, орысшаң қалай еді? Біздің ауылды білесің ғой, орысшамыз онша емес. Ал емтиханның бәрін орысша тапсырасың, өте аласың ба?», – деді. «Тырысып көрейін», – дедім мен.
Ол кезде Мәскеудің жоғары оқу орындарынан Алматыға арнайы комиссия келіп, талапкерлер шілде айында емтихан тапсыратын. «Онда сен былай істе, – деді ағам. – Қазір студенттердің дені жазғы каникулға тарап кеткен жоқ па, жатақханада жөндеу жұмыстары басталған шығар, мазаңды алады. Сондықтан сен осы үйге келіп жат. Бөлмең мынау, жеңешең тамағыңды беріп тұрады. Ештеңеге алаңдамай, емтихандарыңа жақсылап дайындал». Солай болды да. Ағам мені ерекше жақсы көрді. Мазасын алмаңдар деп жаныма ешкімді, тіпті өзінің үйдегі бала-шағасын да жолатпайды. Тамағым дайын, жеңгейдің дайындаған ас-ауқаты да сондай дәмді болатын. Мен Мәскеудің Болат және қорытпалар институтының металлургиялық процестерді автоматтандыру факультетіне тапсырдым. Емтихан қабылдайтын жер біздің үйдің дәл іргесінде. Екі ортаны тек бір дуал ғана бөліп тұр. Одан ар жағына секіріп түсем де, ғимаратқа кіре берем. Ақыры не керек, бес пән бойынша тапсырған емтихандардың төртеуін бестік, біреуін ғана төрттік бағаға тапсырдым да, оқуға түстім.
– Ол кезде Сыдық ағаның балалары жас қой. Пәтері де шағын.
– Иә, ол уақытта олар кішкентай: Үлкені Ләйлә 1951 жылы, одан кейінгі Ләззат 1953 жылы, ұлы Мұрат 1955 жылы туған. Кенжесі Гүлжан 1963 жылдың маусым айында дүниеге келді. Гүлжан өмірге келгенде ағам екеуіміз перзентханаға таксимен барып, жеңешемді сәбиімен бірге алып қайттық. Өзі бір-ақ бөлмелі аядай пәтер ғой. Асүйін де бір бөлме қылып қойған, онда Сыдық ағамның Дәулетхан деген інісі екеуіміз жатамыз.
Оқуға түсіп, ауылға қайтарымда ағам өзі шығарып салды. Сәт-сапар тілеп, ақылын айтты. Мәскеуге жүрмес бұрын туған жеріме келіп, біраз уақыт демалдым.
Мәскеуде оқып жүрген алғашқы жылдардың бірінде ағам телефон соқты. Одақтың астанасына бір шаруаларымен келген екен. «Москва» қонақ үйіне тоқтапты. Қасындағы серіктері – сол кездің өзінде қазақтың бір-бір тұлғасына айналған: белгілі өнер қайраткері, Қазақстанның Халық артисі Қанабек Байсейітов пен Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының директоры Жексенбек Еркінбеков. Үшеуі бір бөлмеде жатыр екен. Елден келген үлкен кісілерге құрқол барған ыңғайсыз, не алсам екен деп біраз ойландым. Ақыры, жолдан бір шампан шарабы мен бір қорап кәмпит алып, қонақ үй бөлмесінің есігін қақтым. Ағаларым құшақ жая қарсы алды. Алып келген заттарыма қараған Сыдық ағам: «Әй, осы сендердің інілеріңді шақырсақ, құрқол келеді. Көрдіңдер ме менің інімді, жөн білетін бала», – деп қуанып қалды. Жексенбек менің ағамнан бес-алты жас кіші. Сол кішілігіне меңзеп оған: «Анау шампанды аш», – деді. Ыдыстарға құйылған соң маған да ұсынып жатыр, «Жоға, – деймін, – мен ішпеймін». Ағам мұнымды құптады.
– Мұндайға жоламағаның дұрыс. Оқуың қалай?
– Оқуым жақсы, жаман емес.
– Сабақтарыңды тегіс үлгеріп жүрсің бе?
– Үлгеріп жүрмін. Ауызша сабақтардан кейде үштік, төрттік алып қалам. Ал математика сияқты нақты ғылым пәндерінен кілең бестік.
– Оқығаның дұрыс, жақсы оқы…
Ағалармен қоштасып, кетуге ыңғайланғанымда Сыдық ағам: «Ақшаң бар ма?», – деді. «Ақшам бар, жетеді». «Ырым болсын», – деп сонда да екі жиырма бес сомдықпен елу сом ақша берді. Сосын тағы:
– Қазір не жазып жүрсің, жазғандарың бар ма? – деп сұрады.
– Әңгімелер жазып жүрмін.
– Әй, поэзияны қойдың ба?
– Жоқ, поэзиям да бар. Тәкен Әлімқұлов ағам сен прозаға жақынсың, өзің байқап көр деп кеңес беріп еді. Сондықтан прозаны әңгімеден бастап көрсем деп ем. «Елім-ай» деген тақырыпқа бір новелла немесе әңгіме жазсам ба деп, қазір соны ойланып жүрмін.
– «Елім-ай» әні бойынша ма?..
– Иә, сол ән бойынша.
– Жақсы тақырып екен. Бірақ сол әңгімеге сыя қойса…
Ағамның ойын түсіндім. «Бастайын, сосынғысын көре жатармын», – дедім тек.
Сыдық ағам келесі жылы Мәскеуге тағы келді. Ол кезде Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы еді. Бұл жолы да қызмет бабымен жиналысқа келген екен. «Мен «Беу, қыздар-ай!» деген опера жазып жатырмын, – деді сонда. – Қазақ сахнасындағы тұңғыш комедиялық опера болады. Нәтижесі қалай болатынын білмеймін, бірақ соны шығаруым керек. Ақшасын алып қойдым. Осылай шапқылап жүріп қол да тимей кетті. Ойымда тағы бір операның қаңқасы бар, ол Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетау» поэмасының желісі бойынша. Негізгі геройы Адақ болуы керек. Сен соны ойластыр, либреттосын сенен басқа адам жазады деп ойламаймын. Біріншіден, өзіңе сабақ та болады. Шығармашылық өсуіңе септігі тиеді. Екіншіден, сенің маған көмегің керек. Басқаларға айтсаң, сөзіңді жүре тыңдап, әрнені сылтауратып, жаны ашымайды». Мен келістім. Ағам Алматыға барысымен поштамен Сәкеннің бір томдығын салып жіберді, ішінде «Көкшетауы» бар.
Сол 1964 жылдың жазында елге келдім. Мен келгеннен араға үш күн салып, Киікке Сыдық ағам да келді отбасымен. Ол кезде ауылда кезінде әкесі салған үйі бар. Біздің үй ағамды бүкіл әулетімен дәмге шақырып, қонақ еттік. Соның ертеңіне мені үйіне шақырды, ақылдасайық деп. Бардым. «Беу, қыздар-ай!» операсының партитурасын аяқтап, енді оркестровкасын жасап жатыр екен. Әуенін ыңылдап айтып, маған ұзын-ырғасын түсіндіріп жатыр. Ол операның премьерасы сол жылы болды ғой.
Содан кейін барып, «Көкшетау» не болды?», – деді. Мен өзімше жазған нұсқамды ала келгем, соны қолына ұстаттым. Қараймын деп алып қалды. Демалыс аяқталып, қайтадан Мәскеуде жүргенімде хат жазып жіберіпті. «Еңбегіңді оқып көрдім. Бірақ сенің мынауың либреттодан гөрі пьесаға ұқсап кеткен. Либреттоның көлемі шағын болуы керек. Ал сенің жазғаның елу-алпыс бет. Осыны кем дегенде екі есе қысқарт.
Әңгімелескен Қайрат ӘБІЛДА
(Басы. Жалғасы бар)