Суретте – сарбаздар өмірі
Отан қорғаушылар күніне орай, облыстық Бейнелеу өнері мұражайында әскерилер өмірін баян еткен фотокөрме өтті. Көрмеге белгілі фотосуретші Ермек САРБАСОВ және Астана өңірлік әскери қолбасшылығының фототілшісі Думан ҚҰРМАНҒАЛИЕВТІҢ авторлық жұмыстары қойылды.
Қала тұрғындары Қазақстанда құрылған әскери бөлімшелердің тарихы, біздің отандастарымыздың майдан шептеріндегі ерліктерін көрсеткен суреттерді тамашалады. Әскерилердің өмірін сурет арқылы баяндайтын, бұл салада он бес жыл қызмет атқарған Думан Құрманғалиев жұмыстың қызықты тұстары мен қиыншылығы жөнінде көрермен қойған сауалдарға жауап берді.
«Әрбір, әскери бөлімшеде жас жауынгерлерге жан-жақты тәрбие беріледі. Осының арқасында ел тыныштығын күзететін ұландар рухани бай, адамгершілігі жоғары адам болып қалыптасады. Фототілші жұмысының маңызды тұсы да сол – әскерилердің күнделікті жұмыс барысындағы әрекеттерін сурет арқылы дер кезінде ұсыну. Әсіресе, белгілі азаматтардың ерен ерлігін, елі үшін қылған қызметін көрсету – жұмыстың тиімді тұсы. Суретті түсіру кезіндегі ең маңызды кадрлардың бірі – дүрбіден шыққан отты көрсете алу және жаттығу алаңында жанталасқан сарбаздар бейнесін көрерменге әдемі ұсыну қажет. Бұл жолда кәсіби фотосуретші атану – басты мақсат, – дейді Думан Жұмашұлы.
Сондай-ақ, көрмеге Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшылығының ұжымы, ардагерлер, сарбаздар қатысты. Жас ұландар аға буын өкілдерімен сұхбаттасып, әскери өмірдің қыр-сырына үңілді.
Аяулым СОВЕТ