Аймақ

«Судың да сұрауы бар»

Күндердің бір күні ауыз су таусылды делік. Сол күн жетсе, Адамзат баласы нендей халге түседі екен? Қалай өмір сүреміз? Су – тіршілік нәрі ғой. Көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Елес­тетіп әуреленбей-ақ, Африка құрлығындағы шөл хақында түсірілген деректі фильмдерді қарап шықсаңыз да болады.

Сурет: elitar.kz сайтынан

Осындай үрейлі сауал әр саналы азаматты мазалайды бұл күнде. Шынымен-ақ қорқынышты! Жобалап алғанда, кейінгі жиырма жылда жаһан жұртының осы проблемамен басы қатып жүр. «Көрінген таудың алыстығы жоқ». Су тапшылығы бар. Ғалымдар ортақ үйіміз үлкен апаттың алдында тұрғанын айтып, дабыл қағып жүр. Әлемдегі судың 97,5%-ы – тұзды су. Соның тек 2,5%-ы ғана тұщы, яғни, тұтынуға жарамды. Жер бетіндегі 1 400 миллион текше шақырым судың тұщы суы небәрі 35 миллион текше метрді құрайды екен. Материктерді қоршаған мұхиттарға қарасаңыз, суға шылқып отырғандаймыз. Әсте олай емес екен-ау.

Әлемді қоя тұрайық. Құрғақшылық Қазақстанға да жетеді деген қауіп бар. Бұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биік мінберлерден жиі айтып, дабыл қағып жүр. Президент дабыл қақса, бейқам отыруға жөн жоқ деген сөз. Үнемге көшкен абзал. Президент бір сөзінде «Сарапшылардың пайымдауынша, 2040 жылға қарай суға деген сұраныс 50 пайызға артады. Қазақстан 2050 жылға қарай «суға өте мұқтаж» елдердің санатына кіруі мүмкін. Қазір елімізде 600 мыңнан астам адам таза ауыз суға зәру. Бұл – ауылдағы ағайын ғана емес, қала халқы үшін де өте өзекті мәселе. Бүгіннің өзінде Астана қаласында ауыз су жетіспеушілігі бар. Ірі шаһарлардың инфрақұрылымы жылдан-жылға артып келе жатқан сұранысқа жауап бере алмай отыр. Тіпті, Астананың өзінде су тапшылығы қатты сезіле бастады. Басты себептің бірі – құрылыстың көбеюі. Үнемшіл болмасақ, таза су беретін жаңа нысандарды іске қосқанмен, тапшылықты жоя алмаймыз», – деді.

Аймағымыздағы ахуалға бір сәт назар аударайық. Былтыр облыс әкімдігінде ауыл шаруашылығы саласының өкілдерімен жиын өткен еді. Жиында шаруалардың мәселелері тыңдалды. Сондағы айтылған мәселелердің басым бөлігі осы суға қатысты болды. Су тапшылығы әсіресе Шет ауданында алқымнан алып тұр екен. Кәсіп иелері тіршілік нәріне қол жеткізу үшін қыруар қаражатқа әр жерден құдық қазуға мәжбүр екен. Су алу машақатқа айналған.

Бұқар жырау ауданына қарас­ты Үштөбе ауылдық округінде де жағдай мәз емес. Жаз келсе болды, ауыл жұрты суға жете алмай дүрлігеді. Үнемдеу мақсатында жергілікті билік тіршілік нәрін тек таңертең және кешке ғана беруге мәжбүр. Бұл мәселе бірнеше жыл қатарынан тұрғындар тарапынан көтеріліп келеді. Елді мекенде бау­-бақша жайқалтып отырғандар көп. Одан бөлек, ірі, орта және шағын кәсіп нысандары қала іргесіндегі ауылда көбейіп келеді. Ірілердің қатарында К.Маркс атындағы құс фабрикасы мен құрылыс материалдарын өндіретін зауыт бар. Кіреберісінде шаруа қожалығы мен үлкен қоғамдық монша тұр. Оның үстіне, Үштөбеде жыл сайын үй көбеюде. Яғни, тұтынушылар саны артуда. 2018-2020 жылға дейін Үштөбедегі тұрғын саны 700-ден сәл асып тұрған. Кейінгі жылдары 3 мыңнан асып жығылды. Үдере көшіп келу байқалады. 1000-ға жуық үй бар. Ауыл әкімдігіндегілердің айтуынша, қыс мезгілінде тек 2 ұңғымадан су алынады екен. Ал, жаз айларында 8 ұңғыма іске қосылады. 8 ұңғыма іске қосылса да су жетпей жатады. Ауыз су тапшылығын жою үшін биыл елді мекенде тағы бір ұңғыма қазылмақ.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алқымнан алып тұрған мәселені шешудің бір жолы – үнем деді. Үнемге көшірудің нақты жолын да ұсынған. «Оны неғұрлым көп тұтынсаң, соғұрлым көп ақша төлейсің. Бұл – жұртты үнемшіл болуға үйрететін әділетті және қарапайым ұстаным. Дамыған елдердің тұрғындары әр нәрсенің қадірін біледі. Үнемшілдік олардың өмір салтына айналған. Тіпті, су мен жылуды ысырап етпеуді балаларға жастайынан үйретеді. Біздің азаматтарымыз да осындай үнемшіл болуы керек. Әсіресе, суды үнемдеп тұтынуымыз керек. Мен су тапшылығының артып жатқанын ұдайы айтып жүрмін», – деді Мемлекет басшысы. Президент автокөлік жуатын орындардың да ысырапшылдығын сынға алды. Осы тұста Қарағанды қаласында қаптап тұрған көлік жуу орындарын айтпай кетуге болмайды. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Арман Саттыбаев Президент тарапынан айтылған сынның ескеріліп, шаралар қолданылып жатқанын айтты.

– Бүгінгі таңда облыстың автокөлік жуу станциялары қызметті жүзеге асыру үшін орталықтандырылған сумен жабдықтау желілерінен су алады. Мәселен, 2023 жылы облыстың су арналары осы саладағы бизнес субъектілеріне 153,8 мың текше метр су берді. Суды үнемдеу мақсатында бизнес субъектілері тұтынылатын суды қайта пайдалану үшін тазарту құрылғыларын орнатуы тиіс, – деді Арман Саттыбаев.

Ресей мен Түркияда және Еуропа елдерінде көлік жуу өте қымбатқа түседі. Қалтасы қалыңдар ғана темір тұлпарын «еркелете» алады.

Айтпақшы, жаңа жыл басталғалы бір ғана Қарағандының өзінде 10 шақты көлік жуу орыны жабылыпты. Себебі біреу: судың мол мөлшерін қажет ететін кәсіптік нысандар үшін тіршілік нәрінің тарифі күрт қымбаттапты. Тиімсіз.

Көлік жуатын орындарды былай қойғанда, суымыз шұрық-тесік құбырлармен де ағып кетуде. Жіберілген судың мол мөлшері межелі жеріне жетпей, құмға сіңіп жатыр. Жауапты басқарманың берген дерегіне сүйенсек, облыста сумен қамтамасыз етуге арналған құбырлар желісінің 48,4%-ы тозып тұр. Шіріген құбырларды алмастыруға қаржының барлық көзінен 18,5 млрд. теңге бөлініпті. Осы жылдың аяғына дейін аймақтағы ауыз суға қолжетімділікті толықтай қамтамасыз ету жоспарланған. Қалаларда – 99,4%, ауылдарда – 98,8%.

Облыстың жалпы жылдық су ресурсы шамамен алғанда 3,4 млрд. текше метрді құрайды. Қазіргі уақытта бір жыл ішінде жобалап алғанда 1,6 млрд. текше метрге дейін су тұтынылады екен. Айналмалы және дәйекті-қайта сумен жабдықтау көлемі таза су алудың шамамен 45%-ын құрайды. Аймақтағы су көздері: Шерубай-Нұра мен Соқыр және Нұра өзені, Қара-Кеңгір мен Жезді салалары бар Сарысу өзені, «Ертіс-Қарағанды» каналы, Есіл өзені, Балқаш көлі.

Облыста жетпістен аса тазарту қондырғысы жұмыс істейді. Сонымен қатар, бірқатар тазарту құрылыстарын салу, реконструкциялау және кеңейту қажеттілігі күн тәртібінде тұр. Ластанған ағынды сулардың Балқаш көліне түсуін болдырмау жөніндегі іс-шаралар кешенін орындау қажеттілігі де бар.

Ғалымдардың дерегінше, Қазақстан даласының 90%-ы құрғақ, яғни, ылғалдығы төмен және су қоры аз.
«Судың да сұрауы бар» дейміз. Тіршілік нәрінің қадір-қасиетіне жетіп, үнемге көшу – уақыт талабы болып тұр.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button