Жаңалықтар

Су тасқынына қарсы жұмыстар жалғасып жатыр

Өңірде су тасқынының алдын алу жұмыстары басталды. Елді мекендерден қар шығарылып, арықтар мен су құбырлары тазалануда. Сонымен қатар, су ағысын тежемеуі үшін өзендердегі мұзды кесіп, бұрғылау жұмыстары жүргізілуде. Осы және басқа да атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Мұрат Қатпанов баяндады. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев су тасқынының алдын алу шаралары бойынша тапсырма берді.

– Су тасқыны процестері басталды. Тасқын сулардың апатсыз өтуі үшін су бұру, арықтар, науалар, нөсерлі кәріз жүйелерінің дайындығын барлық жерде қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ, жеке аумақтарды қар мен қоқыстан тазарту бойынша халықпен түсіндіру жұмыстарын жандандырыңыз, – деді өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев.

Қазіргі таңда ұзындығы 110 шақырым болатын су бұру траншеялары салынды. 158  шақырым болатын каналдар мен арықтар тазартылды. Және 3923 бірлік су өткізгіш құбырлар мен 398 көпір тазартылды.

– Космомониторингтің мәліметінше, бүгінде облыс аумағының 75 %-ы қар астында. Нұра өзенінің бассейні бойынша ылғал қорының көлемі орташа көпжылдық мәннен 28%-ға жоғары, қалған өзендер нормадан 3-10%-ға төмен. Облыстың ірі су қоймаларынан – Самарқанд және Ынтымак су қоймаларынан – шығыны 5–8 текше метр/сек санитариялық төгінділер жүргізілуде. Елді мекендерден 2,1 млн текше метр қар шығарылды, – деді Мұрат Қатпанов.

Бүгінде облыс орталығындағы жағдай бақылауда. Солонка өзеніне санация жүргізілді. Сонымен қатар, қаланың Оңтүстік-Шығысындағы Мұқанов көшесінің бойына дала суын ұстап тұру үшін қорғаныс білігі жасалды. Университет көшесінде су құбырлары мен өткізгіштер тазаланып, бақылау камерасы орнатылды. Қарағанды әкімі Мейрам Кожухов қажет болған жағдайда Тәттімбет көшесінің көпқабатты үйлерінің бойына қапшықтан қорғаныш білік салынатынын айтты.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button