Бас тақырыпЖаңалықтар

Су тасқыны кезінде жұқпалы аурулардың алдын алу үшін не істеу керек?

Су тасқыны кезінде қауіпті аймақтарды тексеріп, су қоймаларынан суды ағызу, мұзды жару жұмыстары ғана емес, сонымен қатар су басқан аумақтар мен құдықтарды тазалау және дезинфекциялау қажет. Әйтпесе, вирустық гепатиттің өршу қаупі жоғары. Осы және су тасқыны кезіндегі санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің жұмысы туралы Қарағанды облысы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әйгерім Жылқыбаева Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтып берді.

Сурет: gov.kz

– Су арқылы жұғатын инфекциялардың алдын алу үшін аумақтардағы су көздері мен су желілерін дезинфекциялау және шаю жұмыстарын жүргізіп, қар тазалауды уақтылы және сапалы ұйымдастыру, сондай-ақ жеке тұрғын үйлердегі су құбырларын таза ұстау маңызды, – деп түсіндірді Әйгерім Жылқыбаева.

Су энтеровирустардың қозғалу жолдарының бірі болып табылады, сондықтан су тасқыны кезінде оған зиянды микроорганизмдер түссе вирустық гепатиттің су арқылы таралуы мүмкін. Сондықтан департамент 1 наурыздан бастап ауыз су сапасына зертханалық бақылауды күшейтіп, микробиологиялық, санитарлық-химиялық, қажет болған жағдайда вирусологиялық көрсеткіштерге сараптама жүргізген.

– Су тасқыны кезінде кеміргіштер су басқан аумақтардан тұрғын үйлерге, азық-түлік сауда объектілерінің ғимараттары мен құрылыстарына, тамақ өнеркәсібіне және денсаулық сақтау объектілеріне белсенді түрде қоныс аударады. Бұл жұқпалы және паразиттік ауруларды жұқтыру қаупін арттырады. Сондықтан су тасқыны кезінде халықтың жұқпалы ауруларды жұқтыруының алдын алу үшін тамақ дайындауға тек қайнатылған немесе бөтелкедегі суды пайдалану керек. Тасқын суда қалған азық-түлік өнімдерін қолданбау, шикі көкөністер мен жемістерді жеу кезінде оларды қайнатылған сумен жуып барып пайдалану керек. Сонымен қатар, су басқан құдық пен скважинаның сынамаларын алғанша пайдалануға болмайды”,- деді Әйгерім Жылқыбаева.

Спикер егер адам дене қызуының көтерілуі, жүрек айнуы, құсу, әлсіздік сияқты аурудың алғашқы белгілерін байқаса, ешбір жағдайда өзін-өзі емдемеуге және дереу медициналық көмекке жүгінуге кеңес берді.

Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button