Облыс әкімдігінде

Су нысандары жөнделеді

Аймақ басшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕКТІҢ төрағалығымен өткен аппараттың кеңесте каналдар мен су қоймаларын салу және реконструкциялау мәселелері қаралды. Ол үшін облыста жобалар дайындалуда. Ал, таяудағы 3 жылға арналған жаңа экологиялық кодекстің енгізілуіне байланысты жоғарыда аталған нысандар бұдан былай оларды кейін ауыл шаруашылығы алқаптарын суаруда пайдалану үшін дайындалады. Бұл өз кезегінде су шаруашылығы құрылыстарының тұрақты жұмыс істеуін және тұтынушыларға қызметтер көрсетуді қамтамасыз етіп қана қоймай, елдімекендер мен ауыл шаруашылығы алқаптарын су басудан қорғайды.

Облыста жалпы 262 гидротехникалық құрылыс болса, оның 44-і – «Қарағанды су қоймалары» мекемесінің балансында. Өткен жылы облыстық бюджет есебінен 411,6 млн. теңгеге Абай ауданындағы Топар бөгетіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, маусым айында аяқталған. Қазір облыстық бюджет қаражаты есебінен Шалғы және Саран су қоймаларына да осындай жөндеу жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, 2022 жылы қолға алынады. Одан бөлек, Осакаров ауданында да үлкен жоба жүзеге асырылмақ. Бұл туралы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Әсет Таза беков баяндады. – 2018 жылы «Қазсушар» Осакаров ауданының Үлкен құндызды өзенінде көлемі 14 миллион текше метрлік Садовое су қоймасының құрылысы жоспарланды. Бірақ, республикалық бюджеттен қаржыландырудың болмауына байланысты жоба бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу басталған жоқ. Сондықтан, жобалық құжаттаманы облыстық бюджет қаражаты есебінен жүргізу шешімі қабылданды. Жобаны іске асыру 2 мың гектардан астам алқапта тұрақты суарылатын жерлердің ирригациялық жүйелерін қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Қазір жер телімі рәсімделуде, – деді Әсет Нұрмұханұлы.

Ирригациялық жүйелерді қалпына келтіруге қатысты, облыста қолда бар 93,1 мың гектар суармалы жер ауыл шаруашылығына бекітілген. Оның 21,6 мыңы – пайдаланылуда. Әсет Тазабековтің мәліметінше, «Ирригациялық желілерді жаңғырту және реконструкциялау» жобасы аясында республикалық меншікке беру үшін 22 нысан енгізілген. Оның ішінде ауданы 11 006,5 гектар болатын 7 нысан республикалық меншікке өткен. Бұл тізімде Самара магистралды каналы, Шоқай, Жезді, Бидайық, Тұзды, Қаражар, Жаңаталап кентінің құбыры бар. Ал, аудандық меншікте ауданы 16 893,5 гектарлық 15 нысан бар. Олар Абай, Осакаров, Нұра, Бұқар жырау аудандарында орналасқан.

– Бірақ, әзірге республикалық бюджеттен қаражат бөлінбегендіктен жобаны іске асыру тоқтатылды. Сондықтан, ведомство табиғат қорғау шараларына бөлінетін облыстық бюджет есебінен ирригациялық жүйелердің инфрақұрылымын қалпына келтіру жұмыстарын жалғастыруды ұсынады, – дейді Әсет Нұрмұханұлы.

Бұл – аппараттық кеңесте қаралған жалғыз мәселе емес. Облыстың бірқатар аудандары мен қала әкімдері де аймақ басшысына жылумен жабдықтау көздерінің жай-күйі тура[1]лы есеп берді. Мәселе білім басқармасын да айналып өткен жоқ. Басқарма басшысы Гүлсім Қожахметова білім беру нысандарының барлығы жылуға қосылды деп сендірді. Қарағанды қаласының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев берілген параметрлер бойынша жылу жіберіліп, жылу станцияларының барлығы штаттық режимде жұмыс істеуде екенін айтады. Тек, 2 421 көппәтерлі тұрғын үйдің 11-і ПИК жұмысына байланысты жылу жүйесіне әлі қосылмаған.

– Әлеуметтік нысандардың барлығына жылу берілді. Тек, №9 мектеп-гимназиясының аумағындағы құбырдың зақымдалуына байланысты жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Біз, сондай-ақ әлеуметтік желілерде жылу берілмеуіне байланысты хабарлау үшін қайта қоңырау шалуды ұйымдастырдық. Келіп түскен сұрақтар пысықталуда, – деді Ермағанбет Қабдолұлы.

Аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек Теміртаудағы ҚарГРЭС-те проблема болғанын, 3 қазандықтың жұмыс істемегеніне де тоқталды. Қала әкімі Қайрат Бегімов болса, 5 қарашада қазандық іске қосылады деп сендірді. Ал, Шахтинск жоспар бойынша 116 үйді жергілікті жылыту көздеріне қосқан. Жалпы, аталған қалада 70 үйді және 10 әлеуметтік мәдени-тұрмыстық нысанды қосу жоспарлануда. Балқашта да алдағы демалыста жылытуды іске қосу жоспарда.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button