Жаңалықтар

«Су айдындарында ау құруға тыйым салынады»

Ежелден ептілік пен мергендігіне сенген қазақ аңшылық дәстүрден кенде емес. Ал, балық аулап күн көру кейіннен енді біздің тірлікке. «Өзен жағалағанның өзегі талмас» тәмсілі де бертін келе қалыптасса керек.  Қамыстан қармақ құрап, жібектен жіп таққаны кеше. Алайда, айдынға біткен балық түрлерін заңсыз жолмен аулап тұқымын тұздай құртудың аз алдында қалдық. Деректер дегеніне қарасақ, Қарағанды облысында «Нұра-Сарысу» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы шектеу шараларын елемей балық аулағандарға жыл басынан 137 әкімшілік құқық бұзушылық хаттама толтырған. Оның 15-і сотқа жолданды. Сондай-ақ, 1 млн. 742 мың 25 теңге көлемінде айыппұл салынып, оның 1млн. 587 мың теңгесі мемлекет пайдасына өндірілді.

Инспекция одан бөлек, заңсыз қолданылатын 11 балық аулау құралын, синтетикалық монофиламенттен жасалған аулар, 2 жүзу құралын, 2 көлік, 849 келі балық тәркілеген. Қарап отырсаңыз, броконьерлік құрлықта ғана емес, суда да тыйылмай тұр. Осы туралы һәм балық аулау дәстүрін тереңірек білу мақсатында біз Орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі Қарағанды шаруашылығы коммуналдық мекемесінің директоры Мақсат Мұқановпен әңгімелескен едік.

– Жалпы облыста қанша балық шаруашылығы бар?

– Облысымызда 201 балық шаруашылығы жұмыс жасайды. Жергілікті маңызы бар бұл шаруашылықтардың жалпы көлемі 68372 гектарды құрайды. Оның ішіндегі үшеуінің республикалық маңызы өте зор. Олар – Балқаш көлі, Нұра өзені және Қаныш Сәтбаев атындағы арна. Сонымен қатар, 201 шаруашылықтың 104-іне заңды тұлғалар бекітіліп жекешеленген. Олар түрлі балық түрлерін өсірумен және шектеулі балық аулату дәстүрімен айналысады. Ол дегеніміз балықшылар су қоймасының иелерінен балық аулауға тиісті жарнасын төлеп арнайы жолдама алуы керек. Сол жолдама арқылы тек қармақпен ғана балық аулап демалуға болады. Ал, қалған 97-сі ешкімге бекітілмегендіктен оны Үкімет өзі қадағалап отыруға мәжбүр. Ол жерде де балық аулауға рұқсат бар. Бірақ ауланған балық 5 келіден аспауы тиіс. Көбінде заңсыз балық аулау міне, осындай аумақтарда жиі кездеседі. Әрине, қорықшылар жұмысын жүйесіз дей алмаймыз. Су қоймалары елді мекендерден қашық болғандықтан, күнделікті тексеру қолайсыз. Сондықтан заң талаптарын бұзу фактілері сейілмей тұр.

– Бұл шаруашылықтарды қорғаудың реті мен тәртібі қалай? Қанша маман бар? Қажетті материалдық-техникалық база толық жабдықталған ба?

– Иә, әрине біздің мекемелердің материалдық базасы кез келген жағдайға сақадай сай. Арнайы моторлы катеріміз бар. Төрт моторлы және үрмелі қайық, мұз бұрғылайтын аппараттар және қыста мұз астына ауа жіберетін насостар жиынтығы да жетерлік. Сонымен қатар, қыста алыс-жақын су қоймаларына баратын қарда жүретін көліктер (снегоход), шаңғылармен қамтылған. Оның үстіне қорықшыларға жағдай жасау мақсатында жергілікті атқарушы биліктен қажетінше қаражат бөлініп жатар. Қазіргі таңда жалпы облыс бойынша 15 инспектор жұмыс жасайды. Олар үш топқа бөлініп, тексеріске жиі шығады. Әсіресе жоғарыда атап өткен 97 су қоймаларына жоспардан тыс тексеріс көп жүргізіледі. Өйткені, онда заңсыз аумен балық түрлерін қырып салу фактілері азаяр емес. Тиісінше қырағы инспекторлар жұмысының қарқыны арқасында осы күнге дейін біршама хаттама толтырылды.

– Бүгінде өңірдегі су айдындарындағы балық қоры туралы не айтасыз? Оларды көбейту мен сақтауда қандай жұмыстар атқарылуда?

– Қазақстанның әр өңірінде мемлекеттен қаржы бөлініп, жергілікті су қоймалары мен көлдерге түрлі тұқымдағы шабақтар жіберіліп жатыр. Оның ішінде бекітілмеген су арналарына көптеп жіберілуде. Себебі, бұл – тікелей Үкімет қарауындағы аймақ. Ал, иесі бар бекітілген су қоймаларына өзінің заңды қожайындары қалаған балық түрлерін өз қаражаттарына сатып алып, оны бизнеске айналдыруда. Бұл да – мемлекет экономикасына өте пайдалы шара. Балық тұқымын көбейтудің еш қиындығы жоқ. Тек броконьерліктен арылтсақ болды. Меніңше, бұған жергілікті тұрғындардың да үлесін қосу керек сияқты. Мысалы 97 су қоймаларының ішінен қалаған орнын алып, оны өз талабынша қолайлы қылам десе оған Үкімет қос қолдап келіспесе бас тартпасы анық. Біріншіден, қорықшылар жұмысы да жеңілдер еді. Су қоймаларының күндіз-түні қорғалып, белгілі бір тәртіпке бағынғаны бізге де жақсы. Екіншіден, жергілікті су қоймаларына қызығушылық артып, туристік зоналар көбейер ме еді.

– Аймақтағы балық шаруа­шыл­ығының бүгінгі ахуалы туралы жеке пікіріңіз?

– Соңғы 2-3 жылдағы ауа райы қолайсыздығы балық шаруашылығына айтарлықтай залал тигізді. Басты табиғи құбылыс бұл – құрғақшылық, қуаңшылық. Осының кесірінен көптеген су қоймалары тартылып, ондағы балықтардың жағдайы қиындай бастады. Тіпті, қыста көлдердің тартылып таяздауына байланысты мұз толық қатып, балықтар қоса қатқан жағдайлар да кездесті. Әрине, тиісінше жағдай жасалып, жылда мұз астына ауа жіберіліп тұрады. Десек те, су тереңдігін жоғалтқан сайын мұз қалыңдығы еселене түседі де, ондағы тіршілік иелері тұншыға бастайды. Бұл әрине табиғи құбылыс болғандықтан, оны қадағалау мүмкін емес. Ал, броконь­ерліктің алдын алу мақсатында қолдан келгеннен аянбау – біздің басты міндет. Олардың табиғатқа ауқымды залал шектіретін басты құралы – синтетикалық монофиламенттен жасалған аулар. Бұл аулар көпке дейін үзілмейді. Тіпті, қанша уақыт күн көзінде жатсын, өте шыдамды әрі су астында көзге көрінбейді. Балықты былай қойғанда кейде су құстары қаз, үйректердің өздері осы ауларға оралып өліп жатады. Монофиламенттен жасалған аудың тағы бір қауіптілігі ол оралған тіршілік иесін уақыт өтіп құрғаған сайын сығып, буындыра береді. Өйткені, құрғаған сайын ау тарылып ширай түседі. Тап бір жаны бар жәндік секілді. Тексеріс кезінде мұндай аулар жиі кездеседі. Ондай ауларды судан жағаға шығарып қана тастау жеткіліксіз. Біз қытай ауларын тапқан сәтте-ақ, бірден өртеп жоямыз.

– Уылдырық шашу кезінде балықтың барлық түрі қорғала ма? Қай балықты жиі аулайды біздің елде?

– Әрине, кәсіби балықшылардың көбі қармағына үлкен балық түссе оны қоя беруді жөн көреді. Себебі, үлкен балықтан уылдырық көп шығып көбеюге үлесі зор болғандықтан. Әр балықтың өзінің уылдырық шашу кезеңі бар. Мысалы бізде мамыр айларында сазандар уылдырық шашады. Ол кезеңде сазан аулауға тиым салынады. Көбею маусымында барлық балық түрі қорғалады. Ал, тұқы (карась) кей жерде табан балық дейді, оны елімізде көптеп аулайды. Ол өте көбейгіш балық түріне жатады. Судың ең тереңіндегі батпақты аймақта мекен еткендіктен, еті де дәмді болады. Шортан мен ақ балыққа рұқсат етілген. Заңды түрде жолдама алып, белгіленген тәртіп пен талапқа сай балық ауланса, ешқандай жауапкершілік міндеті жүктелмейді. Өйткені, заң бәріне ортақ.

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет!

Әңгімелескен Жан АМАНТАЙ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button