Студенттердің халықаралық Саммиті өтуде

Қарағанды экономикалық университетінде «Қазіргі заманғы жоғары оқу орындарын басқаруға студент жастардың қатысуы» атты студенттік көшбасшылардың халықаралық саммиті басталды. Қарағанды экономикалық университеті ректорының бастамасымен ұйымдастырылған Саммит Жастар жылы және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармамен бірлесіп өткізілуде.

Оған Қазақстанның әр аймағынан, сондай-ақ Ресей, Украина, Тәжікстан, Монғолия елдерінен 30-дан астам студент қатысуда.

Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Нұржан Жетпісбаевтың айтуынша, Саммиттің мақсаты – студенттік өзін-өзі басқаруды дамыту саласындағы жастар көшбасшыларының іс-тәжірибесімен алмасу.

Екі күн ішінде қатысушылар үшін шеберлік сабақтары, семинар-тренингтер, дөңгелек үстелдер, диалог және пікірталас алаңдары ұйымдастырылмақ.
Білікті жаттықтырушылар «Мемлекеттік жастар саясатын іске асыру», «Бір командатабыс кепілі» және «Басқарудағы ахуалдық көшбасшылық» тақырыптары бойынша семинар-тренингтер өткізеді.

Сондай-ақ, Саммит аясында «Қазақстандағы университеттік автономия жағдайында студенттік өзін-өзі басқаруды дамыту» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы да жоспарланған.

Іс-шараның қорытындысы бойынша қарар қабылданады.

27 қыркүйекте ҚЭУ студенттер мәдениет сарайында жастар көшбасшыларының халықаралық Саммиті аяқталған соң, концерттік бағдарлама ұйымдастырылады және қатысушыларға сертификаттар мен естелік кәдесыйлар табыс етіледі.