Жаңалықтар

Ұстаздық жол – шынайы бақыт

«Мен өзімнің ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін, әкемнен өмір алсам, ал Аристотельден өмірімді жақсы өткізу туралы білім алдым», – деген сөзі бар атақты қолбасшы Александр Македонскийдің. Әлемде «Отан», «Ана», «Әке» деген қастерлі де киелі ұғымдар бар десек, сондай ұғымдар қатарынан «Ұстаз» сөзі де көрінеді.

Ұстаз – жер бетіне білім мен тәрбиенің, адалдық пен адамдықтың, ізгіліктің нұрын төгетін, шуағын шашатын адам. Жер бетінде ұстаз алдын көрмеген, ұстаздың мейірім-шуағына бөленбеген жан жоқ та шығар, сірә! Шыр етіп дүниеге келгеннен кейін ана мейірімі мен әке ақылынан соң, өмірдің сан қилы жолдарынан, бедерлі белестерінен өтуде жол көрсетіп, ақыл айтар, өнер, ғылым, білімді шәкіртінің санасына ұялататын да – Ұстаз.

Егіс даласында диқаншы қалай еңбек етсе, әр шәкіртін қияға қанат қақтырып, санасына білім, жүрегіне ізгілік дәнін себуде Ұстаз да сондай еңбекқор. Ұстаз еңбегін ешқандай таразымен өлшеп, ешқандай бағамен алмастыра алмаймыз. Осындай Ұстаз деген ұлы атқа лайық жанның бірі – академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Жандос Қожахметұлы Смағұлов.

Өлеңдері мен мақалалары аудандық «Арқа еңбеккері» газетінен бастап, республикалық басылымдарда жарық көріп, сонау мектеп қабырғасында жүрген шағынан көркем әдебиет атты әлемге, сөз өнеріне жақын болған Жандос Смағұлов 1974 жылы ҚарМУ-дың филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына оқуға түсіп, оны 1979 жылы бітіріп шықты. Туған жері Ақтоғай ауданына оралып, Қ.Нұржанов атындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен мұғалімдік жұмысқа орналасады. Бір жылдан соң, яғни 1980 жылдың күзінде аудандық оқу бөлімі жас маманға сенім артып, оны «Бірлестік» елді мекеніндегі «Жамшы» сегізжылдық мектебіне оқу ісінің меңігерушісі қызметіне тағайындады. 1982 жылы осы мектептің директоры қызметіне жоғарылатады. Ғылымға деген қабілеттілігін студент шағында таныта білген оны ҚарМУ-дың қазақ әдебиеті кафедрасы оқытушылық жұмысқа шақырады. 1983 жылдан бері осы аталмыш оқу орнындағы филология факультетінде аға оқытушы болып қызметін бастаған Жандос Қожахметұлы уақыт өте келе доцент, профессор дәрежесіне көтеріліп, әдебиет зерттеушісі, сыншы ретінде республикаға танылды. Бұған қоса, «Қазақ әдебиеті» және «Журналистика» кафедраларының меңгерушісі, филология факультеті деканының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін абыроймен атқарғаны тағы да бар.

Жандос Смағұлов – Халықаралық Ақпараттандыру Академиясының құрметті академигі. Бұл – ғылым жолындағы көп жылдар бойы тынбай ізденген еңбек пен маңдай тердің жемісі.

«Келешектің өзіне қандай үкім шығаратынын ойламаған әдебиетші ғалым – ең қауіпті адам», – деген әдебиетші-ғалым, сәкентанушы Т.Кәкішевтің ғылыми жолын жалғаған ұлттық әдебиеттану ғылымы мен әдеби сын тарихына қатысты зерттеу еңбектері, оқулықтары еліміздегі ғылым жолына бет бұрған студенттер мен әдеби көпшіліктің игілігіне айналуда.

Жандос Смағұлов – 250-ден астам ғылыми зерттеушілік және әдеби-публицистикалық мақалалардың, «Қазақ әдебиеттану ғылымының тарихы», «Ұлттық әдебиеттану әлемі», «Бата сөздердің тағылымдық табиғаты» атты монографиялар мен «Қазақ әдебиеттану ғылымының қалыптасу жолдары», «Қазақ тілі мен әдебиетінің 1001 сұрағына жауап», «Әдебиеттану ғылымының өзекті мәселелері», «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеттану ғылымы» секілді оқулықтардың авторы. Бұдан басқа да оқу-әдістемелік құралдарын, ақпараттық жаңашыл техналогияны қолдану мақсатында жазылған электронды дәрістері мен «Қазақ әдебиеттану ғылымының тарихы» электронды оқулығын қоссақ, Жандос Қожахметұлының қазақ ғылымына қосқан үлесі қаншалықты екендігін байқаймыз. Сонымен қатар, туған жер мен ел тарихына байланысты зерттеулермен де айналысып, бұл бағытта ғалымның «Тағылымға тағзым», «Абыз далам, аңыз далам – Ақтоғай» атты тарихи танымдық еңбегі басылып шықты.

Жандос Смағұловтың ғылыми зерттеу еңбектерімен шетелдіктер де таныс. Оның зерттеу мақалалары Ресей, Болгария, Грузия, Қытай, Түркия, Қырғызстан секілді мемлекеттердің ғылыми басылымдарында жарық көрді. Сонымен бірге, әдебиетші-ғалым әр жылдары арнайы шақыртумен Түркияда, Анкара мен Стамбул университеттерінде, Қытай Халық Республикасының Пекин қаласындағы Орталық Ұлттар университетінде (Минзу университеті), Құлжа қаласындағы Іле педогогикалық университетінде, Күйтін қаласындағы Шыңжаң қолданбалы кәсіптік техника институтында студенттерге қазақ әдебиеттану тарихы мен әдеби мұраны зерттеу мәселелері жайлы дәріс оқыды. Сондай-ақ, ғалымға Іле педагогикалық университетінің Құрметті профессоры атағы берілген.

Терең білімді ғалым болумен қатар еліміздің ертеңі болар жүздеген шәкірттер мен жас ғалымдарды ғылым жолына баулуда, әдебиеттану ғылымы саласында ізбасар шәкірттер дайындау жолында ұстаздық қызметті абыроймен атқара білген Жандос Қожахметұлы бірнеше филология ғылымдарының кандидаты мен ғылым магистранттарына ғылыми жетекшілік жасап, олардың ұлт әдебиеті тарихын зерттеудегі ізденістеріне жол ашты. Бүгінгі таңда Саржан Такиров, Сағымбай Жұмағұлов, Азат Бабашев, Айтбай Жұмағұлов, Жанайдар Жұмагелдин, Қаламқас Қалыбекова т.б. ғалымның шәкірттері ұлт руханиятына, тілі мен әдебиетіне қызмет етуде. Жандос ұстаз ғылымға адал болуды, ұстаздық жолдың шынайы бақытын, «мен көз жеткізген шындықтың бірі мынау: атақ, даңқ үшін қызмет пен ақша қума. Адал жұмыс жасасаң, мансап сені өзі қуып жүреді. Ал, ақша қашанда болсын мансаптың соңында жүретіні белгілі» деген сөзін шәкірттері мен студент жастарға өз өмір жолымен ұғындырып келеді.

«Тек жақсылық ойлайтындар ғана бақытты өмір сүре алады» деген ұстанымды өз өміріне арқау еткен Жандос Қожахметұлы жұбайы Гауһар апай екеуі үлгілі отбасы иесі, балаларының ардақты әкесі, немерелерінің ақылшы атасы. Өмірде, қызметте болсын адалдығынан айнымаған, қандай жетістікке де өзінің адал еңбегі, білім, қажыр-қайратымен жеткен Жандос Қожахметұлының өнер, ғылым-білімнің соңына түскен, ізін жалғастырар шәкірттеріне, жалпы өскелең ұрпаққа айтар ақылы да, берер тағылымы да жетерлік.

Құрмет БАЖИКЕЕВ,

Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің аға оқытушысы.

Басқа материалдар

Back to top button