Ұстаздың тірі адам болуы шарт емес
Ұлы данамыз Абай айтып кеткен ұстаздық жолы өмір бойына жалғасатын ұзақ жол. Ұстазын танымаған адам тұл. Адамзатты үнемі алға жетелеп отыратын қасиеттердің бірі ізденімпаздық десек, бұл жолда да сізге дұрыс бағыт-бағдар сілтейтін, ақ пен қараны ажырата білуді үйрететін тағы да сол ұстаз. Ұстаз үнемі тірі адам болуы шарт емес. Рухани азық болуға жарарлық кітап не мақала оқысаңыз, ғылыми еңбектерге зер салсаңыз жансыз болып көрінген қағаз бетінен қаншама жанды дүниеге кез боласыз.
Халқымыз жігітке жеті өнер де аз дейді. Мен айтар едім бұл қанатты сөз судьяға да қатысты деп. Қазылықтың тізгінін абыроймен алып жүру үшін судьялар тек заңнамалық базаны зерделеп, құқықтық нормаларды тәптіштеуі өз алдына, ел мен жердің тарихын танып, салт-дәстүрі мен өнеріне де терең бойлағаны жөн. Орхон-Енисей ескерткіштеріндегі Тоныкөк, Күлтегін жазбаларын жүрегінен өткізіп, шығыс Аристотелі атанған әл-Фарабидің кітаптарына көңіл қойып, Абай мен Шоқанның сыршыл еңбектерін екшелеген судьяның мерейі әрқашан үстем тұрары хақ.
Бір сәтке болсын ой елегінен өткізіп көріңізші, Ұлы Абайдың, Мұхтар Әуезовтің, Сәкен Сейфуллиннің, Ілияс Жансүгіровтің, Бейімбет Майлиннің шығармалары мен Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін білмейтін, оларды оқымаған адам қалайша судья деген абыройлы атаққа лайық болуы мүмкін?
Ата-баба мұрасын мадақтап, ұлықтарын ардақтап, өткенге салауат айтып, барды қанағат тұту баршаға ортақ шаруа десек, судья үшін оның салмағы тіптен ерекше болуы тиіс.
Қазақ жаратылысынан өнерге бейім халық. Қиыннан қиыстыра, төтеден төге сөйлейтін тапқыр ойлары мен нақыл сөздері жайлы өзіміз де білеміз, өзгелер де айтып жүр. Осының бәрін ой елегінен үнемі өткізіп жүретін біз үшін ана тілді ұмытып, өзге тілде шүлдірлеген жастарды көргенде жүрек шіркін қан жылап қынжылатынымыз рас. Барлығы өзіміздің ілкіден келе жатқан ата-баба дәстүрін сақтамаудан, ана тілімізді ардақтай білмеуден, оның шексізшетсіз мүмкіншіліктерін өмір шындығына айналдыра алмаудан болды.
Міне, жариялылық пен демократиялық, адамгершілік пен әділдік заманы қайта туды дейміз. Өлгеніміз тіріліп, жоғымыз табылды, енді қайтіп адаспайтындай сабақ алдық. Осының барлығын бізге көрсеткен өмірдің өзі шебер ұстаз болып шықты.
Қазақ елі Тәуелсіз мемлекет атанды, қазақ тілі мемлекеттік тілге айналды. Тарихымызбен қайта қауышып, көнеден келе жатқан, ұмыт бола бастаған айтыс, шешендік өнер сияқты құндылықтарымызды қайта тірілттік. Ежелден ел тағдырын терең таныған билеріміз туралы кітаптар жазып, олардың рухын асқақтатып ескерткіш орнаттық. Ұлы Шоқанның айтуынша, халық қамқоры болған, әділ төрелік айта алатын билерді бұқара халық өзі тағайындаған. Біз олардың барынша адал, ешкімге бұра тартпайтын, тура сөйлейтін нағыз ақылгөй болғандығын жаңадан тағайындалған жас судьяларға үнемі үлгі етіп айтып отыруды парыз деп білеміз.
Қарағанды өңірі елі үшін еңбек еткен тарихи тұлғаларға кенде емес. Ұлытау, Қарқаралы, Ақтоғай, Жаңаарқа жерлері ерекше талантты, ұлтжанды перзенттердің талайын дүниеге әкелді. Қаз дауысты Қазыбек би мен Бұқар жыраудың еліне сіңірген еңбектері өз алдына жеке бір тақырып. Жоғарыда тоқталып кеткен Алаш қайраткерлерінің тәуелсіздік жолындағы күресі әлі талай кітаптарға, зерттеулер мен мақалаларға арқау болары сөзсіз. Әсте қазақ халқының билік айту дәстүрі көнеден бастау алады. Бүгінгі біз көріп отырған сот жүйесі бір күнде пайда бола қалған жоқ. Дала демократиясының айқын көрінісі саналатын қазақ билерінің бітімді сөздері, өнері, өмірі бізге қашан да үлгі-өнеге.
Тотай ЕРІМБЕТОВ,
Қарағанды облыстық сотының судьясы.