Облыс әкімдігінде

Ұстаздар ұлықталған күн

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек кәсіби мереке қарсаңында мұғалімдермен кездесті. Аймақ басшысы үздік педагогтарға білім беруді дамытуға қосқан үлесі мен жоғары жетістіктері үшін наградалар табыс етті.

– Сіздер қиын, бірақ, игілігі мол мамандықты таңдадыңыздар. Сіздердің жеке қасиеттеріңіз бен педагогикалық шеберліктеріңіз, даналықтарыңыз, шыдамдылықтарыңыз, рухани байлықтарыңыз жас буын тәрбиесінде зор мәнге ие. Балалардың келешегі сіздерге тікелей байланысты. Мемлекет тарапынан педагогикалық мамандықтың беделін арттыру үшін айтарлықтай шаралар атқарылуда. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мұғалімдердің жалақысы 50%-ға өсті, – деді Жеңіс Қасымбек.

Облыс әкімі мұғалімдерге өңірдегі жасалған көмекке тоқталды. Жас педагогтарға қызметтік тұрғын үй беріле бастады. Аудандарда «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы бойынша жас мамандар пәтермен қамтамасыз етілуде. Сегіз мыңнан астам ауыл педагогы әлеуметтік қолдауға ие болды.

Жеңіс Қасымбек «Қарағанды облысының білім беру саласының құрметті педагогы» төсбелгісін табыс етті. Өткен жылы мұғалімдер еңбегінің беделін көтеру үшін облыстық ерекшелік белгісі құрылған. Оған миллион теңге мөлшеріндегі ақшалай сыйақы қоса беріледі.

Осы жылы «Үздік белгіге» бес педагог ие болды. Олардың қатарында, Шет ауданы Жамбыл Ақылбаев атындағы мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Гүлжан Әлібаева, Абай ауданының білім бөлімінің №14 мектеп-лицейінің директоры Натаван Абушова, облыстық «Дарын» мамандандырылған мектеп-интернатының директоры Ләззат Темірханова, Абай Құнанбаев атындағы Саран Жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры Владимир Закамолкин, химия пәнінің мұғалімі, Қарағанды қаласы Мағжан Жұмабаев атындағы гимназияның орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Назира Құсайынова бар. Олардың әрқайсының көпжылдық тәжірибесі және ерекше еңбегі бар.

Мысалы, қашықтан оқытуға көшу кезінде облыстың көптеген мұғалімдеріне Гүлжан Әлібаеваның әдістемесі көмектесті.

– Әрине, бастапқыда балаларға қашықтан білім беруден қорықтық. Қорқынышты жеңіп, жаңаша жұмыс істеуді үйрендік, – дейді бастауыш сынып мұғалімі.

– Мен авторлық курс дайындадым, әріптестеріме қазақ тілі, математика, жаратылыстану пәндері бойынша тренингтер мен семинарлар өткіздім. Қашықтан оқыту үшін көптеген заманауи ресурстар бар және біз оларды қолдандық.

Кездесуде «Үздік педагог» республикалық байқауының облыстық кезеңінің 14 жеңімпазы марапатталды. Мұғалімдерге құрмет көрсету облыс бойынша өтуде. Мұғалімдер күніне орай ведомстволық наградалар, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табысталады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button