Басты тақырып

Ұстаз есімі – ұлық

       1972 жылы Қарағандыда тұңғыш рет еліміздегі екінші университет ашылды. Ол кезде университеттің ашылуы елеулі оқиға болатын. Оның дамуы – елдің өркендеуінің ерекше бір белгісі еді. Сол жылы мектепті бітіріп жатқан бізге бұл оқиға қатты әсер етті. Ж.Исмаилов, Ж.Айтқожа, кейін Ж.Жантілесов Қарағанды мемлекеттік университетінің математика, физика факультеттерін таңдап оқуға түстік.

Сол жылдары математика факультетінде кандидаттық диссертацияларын жаңа ғана қорғап келген жас мамандар үлкен құштарлықпен білім беру ісі мен ғылыми жұмыстарын бастап кетті. Олардың ішінде доценттер – Е.Смайылов, Т.Мұстафин, Н.Әлмұханбетов ерекшеленетін. Олар арнайы курстар бойынша жаңа тақырыптар бастады. Ғылыми семинарлар мен үйірмелер ұйымдастырды. Ғ.Ақышев, Е.Нұрсұлтанов, Ж.Жантілесов, тағы басқалар Есет ағайдың ғылыми семинары мен арнайы курстарын таңдадық.

Осы семинарлар мен арнайы курстарда функционалдық анализ бен нақты айнымалы функциялар туралы көп мағлұматтар алдық. Ғылымда іздену жолдарын үйрендік. Ол фунционалдық кеңістіктердің енгізу теоремалары, фунцияларды жуықтау теориясы, интерполяциялық әдістер және гармоникалық анализдің басқа да әдістері және олардың қолданылуы қарқындап дамып келе жатқан кез болатын. Осы тақырыптардың егжей-тегжейлерін, әрі қарай қандай бағытта даму мүмкіндіктерін Есет ағайдың ақыл-кеңестерімен үйрендік. Бағыттарға сәйкес тақырыптар бойынша дипломдық жұмыстар қорғадық.

Сол шақтағы ректор, ғалым Е.Бөкетов жастарды үлкен ғылыми орталықтарға тағылымдамаға, аспирантураға жіберуге көп көңіл бөлетін. Ғылымда өнімді жұмыс істеп жүрген жас мамандарға бар мүмкіндіктерді жасайтын. Соның арқасында Есет ағай ғылыми байланыстарын пайдаланып, оқушыларын ғылыми орталықтарға жібере бастады. Біз Ерлан екеуміз М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің механика-математика факультетінің аспирантурасына түсуге, Ғабдолла Алматыға аспирантураға түсуге мүмкіндік алды. Одан кейінгі оқушылары да Мәскеуде, Новосібірде, тағы басқа ғылыми орталықтардың семинарларында баяндамалар жасады.

Есет ағайдың ғылымда қалыптасу жолына үлкен әсер еткен ұлағатты ұстаз, белгілі ғалым Қабдеш Наурызбаев. Ол кісі Мәскеу университетінің механика-математика факультетінің қазақстандық алғашқы түлектерінің бірі, атақты ғалым С.Никольскийдің шәкірті. Оның бастамасымен нақты айнымалылар теориясы, функционалдық кеңістіктер мен оның қолданулары Қазақстанда жемісті жалғасын тапты. Қабдеш ағаның жетекшілігімен Есет ағай 1973 жылы кандидаттық диссертациялық жұмысын қорғады. 1997 жылы «Фурье мультипликаторлары, енгізу теоремалары және оған сыбайлас сұрақтар» тақырыбында докторлық жұмысын сәтті қорғады. Бұл жұмысқа Мәскеудің, Новосібірдің атақты ғалымдары жоғары баға берді.

Есет ағаның шәкірттерінің бірнешеуі ғылым докторлары болды. 10 адам кандидаттық жұмыс қорғады. Осы күнде олардың бәрі әртүрлі жоғары оқу орындарында, ғылыми орталықтарда жемісті еңбек етіп жүр. Олардан басқа да бірнеше жастардың ғылым жолында жетекшілік тауып, докторлық, кандидаттық жұмыстарын қорғауда Есет ағаның жәрдемі мол. Мысалы, физика-математика ғылымдарының докторлары – М.Рамазанов, А.Ешкеев ғылыми жетекшілер табуда, докторлық диссертацияларын қорғауда Есет ағаның көмегін пайдаланды.

Есмұханбет Сайдахметұлы математика факультетінің қалыптасуына, дамуына ерекше еңбек сіңірді. Орталық Қазақстанда шетелге танымал математикалық мектеп құрды. Бірнеше жылдар бойы Қарағанды мемлекеттік университетінің математика факультетінің деканы, математикалық анализ кафедрасының меңгерушісі болды. Оның тікелей басшылығымен ұйымдастырылған, төраға болған диссертациялық ғылыми кеңесте 30-дан астам кандидаттық диссертациялар қорғалды. Ағайдың редакторлығымен шығатын «Функциялар теориясы мен функционалдық анализдің заманауи сұрақтары» атты ғылыми жинақта көптеген ғалымдар мақалаларын жариялауға мүмкіндік алды. 1981 жылы Қарағанды университетінде өткен математика мен механикадан Жоғары оқу орындары арасындағы VII республикалық конференцияның да ұйымдастырушысы Есет аға болатын. Одан кейін де Қарағандыда бірнеше рет «Функционалдық кеңістіктерді жуықтау және енгізу» атты конференциялар Есет ағаның бастамасымен өткізілді. Бұл конференцияларға қазақстандық, ресейлік белгілі ғалымдар қатысып, математика, механика ғылымдарының Орталық Қазақстанда дамуына себеп болды. Одан басқа да Есет ағайдың ұйымдастыруымен өзінің ұстаздары – Т.Амановты, Қ.Наурызбаевты еске алу мерейтойларына арналған халықаралық конференциялар Қарағанды, Семей, Алматы университеттерінде жоғары деңгейде өтті.

Есмұханбет Сайдахметұлының ғылым мен білім саласындағы қомақты еңбектері еленді. Ол бірнеше рет Білім және ғылым министрлігінің наградаларымен марапатталды, «Қазақстанда ғылымға үлес қосқаны үшін» төсбелгісімен, «Құрмет» орденімен, тағы басқа да наградалармен марапатталды.

Есет ағаның ғылымнан басқа өнер, тарих, әдебиетті де тереңінен толғайтынын, жастарға қамқорлығын, әрқашанда ұлт жанашыры болып жүретінін көпшілік біледі. Әсіресе, Абайдың әндері ағаның орындауында ерекше мән-мағынаға ие болады. Есет ағайдың әкесі Сайдахмет аға – Ұлы Отан соғысының ардагері. Балаларына талапшыл, ұстамды, ән-күйге қабілеті бар еңбекқор кісі еді. Анасы Нағима екеуі он бала тәрбиелеп өсірген, еліне сыйлы жандар болатын. Отбасының үлкені ретінде Есет аға іні-қарындастарының өсіп-жетілулеріне бар көмегін көрсетті.

Бүгінде Есет аға Әлия апа екеуі – бес бала тәрбиелеп өсірген, немере сүйіп, тәрбиелеп отырған үлгілі отбасының қос шынары. Ұл-қыздары жауапты қызметтерде өнегелі еңбек етіп жүр. Үлкені Қуанышбек – физика-математика ғылымдарының кандидаты, айтулы бағдарламашы. Мәскеуде банк жүйесінде жұмыс істейді. Гүлжихан, Абай, Есболат қаржы жүйесінде қызмет етеді. Есболат Нью-Йорктың Колумбия университетінің магистратурасын бітірген. Кенжелері Дәрия Пекин университетін тәмамдап, Алматыда белгілі шетел фирмасында аудитор болып жұмыс істеп жүр.

Бүгінде талай жылдар бойғы еңбектің арқасында құрмет пен беделдің биігіне көтерілген Есет ағай еліне елеулі, халқына қалаулы ағалардың бірі. Ғылым мен білім жолында талмай тер төгіп келе жатқан ағайдың абыройы асқақтай бергей…

Нұржан БОҚАЕВ,

Л.Гумилев атындағы ЕҰУ Жоғары математика кафедрасының меңгерушісі,

физика-математика ғылымдарының докторы, профессор.

Ерлан НҰРСҰЛТАНОВ,

М.Ломоносов атындағы ММУ қазақстандық филиалының математика және информатика кафедрасының меңгерушісі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button