Ұстаз-ақынды еске алды

    Қаражал қаласындағы №1 қазақ орта мектебінде өмірден ерте өткен ұстаз, ақын Қойшыбай Дәулеткерімовтің туған күніне орай, марқұмды еске алу кеші ұйымдастырылып, соның аясында халқына қадірі артқан азаматтың артында қалған мұрасы – «Ұстаздық – ол адамның жүрегінде» атты жыр жинағының таныстырылымы өткізілді.

   Ұлағат тұнған кеш қара шаңырақ – қазақ орта мектебіне арналып, Қойшыбай Әбиұлының сөзіне жазылған, асылтекті азаматтың әріптес інісі, жергілікті сазгер Әбдірәсіл Рахымның «Мектеп маршы» әнімен басталды. Ақынның нақты оқиға желісіне құрылған әзіл-шыны аралас әсерлі өлеңдерін онымен бірге қызмет атқарған мұғалімдер қауымы кезектесе оқып, жиынға қатысушы жұртшылықтың езулеріне күлкі, жанарларына жас үйірді. Қалың ел тірлігінде жайдары ғұмыр кешкен ұлағаты мол ұстаздың қызықты қылықтары хақында өрбіген естелік әңгімелерге де ықыласпен құлақ түрді.

   Өнегелі істерін тек оқушылары ғана емес, төңірегіндегі қауым тұтасымен шынайы үлгі ретінде қабылдаған ұстаз-ақынның өлеңдерін жинақтап, баспаға тапсырыс беруші – кезіндегі әріптес інісі, қалалық мемлекеттік мұрағаттың директоры Талғат Қасымов. Келісті кеш барысында Талғат Аяпбергенұлы мен ақынның тағы да бір сыйлас бауыры, қаладағы тау-кен колледжінің директоры Данияр Дыбысов Қойшекеңнің зайыбы, қадірменді ұстаз Гүлдәрі Қалуқызы мен ұлы Мадиярға «Мектеп маршы» өлеңінің мәтіні жазылған стендті табыс етті.

   Тағылымды жиында бас қосқан қауымға Қойшыбай Әбиұлының жыр жинағы таратылды.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ

ҚАРАЖАЛ қаласы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.