Спорт

«Спорт – менің өмірім»

Республика күні қарсаңында жаһандық додаларда көк байрағымызды желбіретіп жүрген спортшымыз Данил Мусаба- евпен сұхбаттасқан едік. Данил Мусабаев – XIX Азия ойындарында батуттық гимнастикадан күміс жүлде алды. Арқадан түлеп ұшқан саңлағымыз елдің абыройын асқақтатып, Қарағандыда тақымын қысып отырған жұрттың мерейін үстем етті.

– Данил мырза, cұхбатқа уақыт тауып келгеніңізге рахмет. Бүгінде біршама жетістікке жеттіңіз. Жұрт болып, қуанып жатырмыз. Спортқа келуге кім ықпал етті? Осыны білгіміз келеді.

– Мені спортқа әкем 4 жасымда әкелді. Оның акробатикамен шұғылданатын достары көп болды. Әуелі сол акробатикаға бардым. Спорт маған бірден ұнады. Әр жаттығуға ерекше ынтамен, құлшыныспен келетінмін. Жарты жылдан кейін бапкерім батутты гимнастикаға жіберді. Соған қарағанда, батутқа икемім бар екенін жаттықтырушым байқаған секілді. Содан бері қол үзген жоқпын. Үздік болу үшін тер төктім. Маңайыма жақсы достар жинадым. Олардың да талабы таудай болды. Ылғи «сен тұр, мен атайын» деген жігіттер. Жаттығуға бірге бардық. Осындайда жүрген ортаның қадірін білесіз.

– Үздік болу үшін сөзсіз аянбай тер төгу керек. Күнде жаттығу залына бару, шынығу. Кейде адам бұдан қажиды. Сіздің ерік-жігеріңізге, талпынысыңызға спорт жанкүйерлері таң. Жас та болса, біршама биікке шыққан Данил Мусабаев үшін спорт деген не?

– Спорт – менің өміріме айналып кеткен. Онсыз келешегімді елестете алмаймын. Мені тәрбиеледі, темірдей тәртіпке баулыды. Спорттық мансабым аяқталғанда да жаттығудан қол үзбеймін деп ойлаймын. Жаттығуға барған сайын жаңа ой түйемін. Бапкерім – маған екінші әке. Айтқан ақылы көп дүниені түсінуге ықпал етті. Бозбалалық шағым залда өтіп жатыр. Соған қуанамын. Уақытым, күш-жігерім зая кетіп жатқан жоқ.

– Адамды алға жетелейтін – арман. Бү­гінде қандай арман, мақсатыңыз бар?

– Арманым, әрине, асқақ. Олимпиада ойындарында ел байрағын желбіреткім келеді. Сол үшін де қазір тер төгіп жүрмін. Жатсам да, тұрсам да ойымда осы арман. Бұлшық етімді ғана емес, рухымды да шыңдап жүрмін. Байрақты бәсекелерде еліңнің намысын қорғау үшін мықты рух керек. Адам өзіне сенімсіз болса, ешқандай да белеске шыға алмайды. Алдымда ұзақ жол жатыр. Мені сол жолда алға сүйрейтін – қайратым.

– Жерлестеріңізге, жанкүйер­лері­ңізге тілегіңіз…

– Бәріңізді Республика күнімен құттықтаймын. Еліміздің мерейі әрқашан үстем болсын! Байрақты бәсекелерде спортшыларымыз Қазақстанның абыройын асқақтатсын. Халқымызға тек жақсылық келсін. Әр шаңыраққа байлық, амандық тілеймін.

– Сұхбаттасқаныңызға рахмет! Же­ңіс­ті күндерде жүздес­кенше!

Сұхбаттасқан Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button