Спорт алаңдары – жастар игілігіне
Елбасы биылғы жылды Жастар жылы деп жариялады. Ал, жастардың салауатты өмір салтын ұстануы ел келешегінің жарқын көрінісі іспеттес. Осы орайда, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы тарапынан аулалардағы спорттық алаңдарды жабдықтау жұмысы жүзеге аспақ.
Біз облысымыздың қалалары мен ауылдарындағы спорттық алаңдарды жабдықтаймыз. Алаңдардың ашылу салтанаттарына жаттықтыру құралдарын қалай пайдалану керектігін көрсететін тәжірибелі спортшыларды шақыртамыз. Жастарды жұмылдырып, оларға бағыт беру қажет. Сондықтан, біз бұл алаңдарға жаттықтырушыларды, әдіскерлер мен аула клубтарын жұмылдыруды жөн көрдік. Спорт алаңдарына кешкі уақыттарда шығып, балаларды жинап, оларға жаттығулар қалай жасалатынын үйрететін мамандар қажет. Бұл бағытта белсенді түрде жұмыстар жоспарлануда, – деді дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Дмитрий Карпов. Бұған қоса, 2019 жылы облыста 8 мыңнан астам спорттық-бұқаралық шаралар өтеді. Триатлон бойынша екінші чемпионат, өткен жылғыдай Қарағанды қаласының орталық көшелерінде өтетін сертификатталған трасса бойынша жартылай марафон ұйымдастырылады.
Сондай-ақ, өңірімізде алғаш рет отбасыларға арналған аралас эстафета өтеді. Эстафетада жүгіру және велокросс спорт түрлері қарастырылған. Аталмыш шара ағымдағы жылдың маусымында өтеді деп жоспарлануда.
Қасымхан ҒАЛЫМ,
«Орталық Қазақстан»