Бас тақырыпОблыс әкімі

Спасск мемориалдық кешенінде қаралы жиын өтті

Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ Спасск мемориалдық кешенінде өткен митинг-реквиемге қатысып, қаралы жұртпен бірге аза тұтып, жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым етті.


Бұл жерде 1930-1940 жылдары саяси қуғын-сүргінге ұшыраған 30-ға жуық ұлт өкілінің жаны жай тапқан. Одан да көп болуы мүмкін. Аталған жылдары жазықсыз тұтқындарға толған ҚарЛаг дүние жүзі халықтарының түрмесіне айналғанын ұлы уақыт дәлелдеп отыр. Мың, миллиондаған адамның мүрдесі жатқан Қарағанды-Алматы тас жолы бойының сол жақ қапталындағы Спасск мемориалдық кешені аталуының себебі сондықтан бұл қорымның.
«Өткенге салауат, бүгінге қанағат» демекші, аймақ басшысы бастап мұндағы мемориалдық тақталарға гүл шоқтары қойылды. Бір минут үнсіздік жарияланып, әлеумет аруақтарға тағзым етті. ҚМДБ-ның Қарағанды өңірі бойынша өкіл имамы Өмірзақ қажы Бекқожа арнайы құран бағыштады. Өзге де дін өкілдері амал-шарғыларын қылып, мінажат етті.

Облыс әкімі Ерлан Қошанов сөзін былай сабақтады:

Біз жыл сайын осы жерде жиналамыз. Жазықсыз қаза болған арыстар мен тұтқындарды аза тұтамыз. Рухтарына тағзым етеміз. Алайда, бұл күннің белгісі осы ескерткіш тастардың алдына келіп, аруақтарды еске алумен ғана шектелмейді. Жалпы, Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні, осы тұрғанда біздің бойымызда қандай сезім болады? Біріншіден, ол қасірет сезімі. Тұтас бір ұлттың көзін құрту мақсатында бір күнде ғана еліміздің 25 мың азаматы атылып кетті. Олар – ұлттың интеллектуалдық элитасы еді. Тарихшылардың айтуынша, зерттеушілердің пайымдауынша, сол уақыт аралығында қазақ ұлтындай қиямет-қайым, қасірет көрген ел жоқ жер бетінде. Екіншіден, көкіректі қайғы кернейді. Ашаршылық жылдарында елімізде бір жарым миллионнан астам адам қырылды. Соның салдарынан халқымыз бүкіл әлем тарихында сирек болатын адам айтса нанғысыз демографиялық шығынға ұшырады. Елбасының «сол жүйенің жосықсыз ісі әлі күнге дейін бойымызды ашу-ызаға толтырады» деген сөзі көкейге осындайда оралады. Келуіміздің үшінші себебі – тағзым. Орасан шығынға ұшырағанына қарамастан, біздің халқымыз ұлттық болмысы мен асыл қасиеттерін сақтап қалды. Қатыгездікке бой алдырған жоқ. Сан ғасырлық өршіл рухы өшкен жоқ. Қанқұйлы жылдар оқиғасы мен жазықсыз құрбан болған азаматтардың есімдерін ұмытпау, оларды мәңгі есте сақтау – парыз, – деді.

Облыс басшысы сөз арасында репрессияға ұшыраған арыстардың бірі Сәкен Сейфуллиннің туғанына 125 жыл толғанын, мерейтойы биыл мемлекеттік деңгейде атап өтілетінін мәлімдеді. Ақынның «Қамыққан көңіліме» өлең бойынша қысқаша ғана азалы көрініс қойылды. Сондай-ақ, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығының төрағасы Увайс Джанаев сөз сөйлеп, көкейіндегісін айтты.

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Back to top button