Басты тақырып

«Сот жүйесін дамытуға соны қадам»

   21 қарашада Астанада ел Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ қатысуымен Қазақстан Республикасы судьяларының VII съезі өтті. Төрт жылда бір өтетін бұл жиында «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында көрсетілген міндеттерді іске асыру нәтижелері сарапталып, сот өндірісін жаңғыртудағы жетістіктер айшықталды. Сондай-ақ, келешекке жоспар түзіліп, сот жүйесін дамыту жолдары қарастырылды. Бүгін аталған съезде көтерілген тақырыптар төңірегінде Қазақстан Судьялар одағының төрағасы, Қарағанды облыстық сотының төрағасы Мұсабек ӘЛІМБЕКОВПЕН сұхбаттасудың сәті түсті.

Мұсабек Тұрғынбекұлы, соңғы рет Қазақстан судья­ларының VI съезі 2013 жылы өткен еді. Сол шақта бекі­тілген ережеге сәйкес, VII съезд келер жылға жоспарланған-ды. Судьялардың құ­рылтайы мерзімінен бұрын шақырылуына не себеп болды? Және осы жиында сот жүйесін жаңғыртуға қатыс­ты қандай шешімдер көзделді?

Иә, VII съезд 2017 жылы қазан айында өткізілуі керек-ті. Дегенмен, бүгінде судьялар қызметін заман талабына қарай бейімдеу бағытындағы жұмыстар ағымын және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында көрсетілген тапсырмаларының орындалу барысын сараптау қажеттілігі туындады. Сондықтан, судьялар құрылтайы биыл ұйымдастырылды. Қазақстан судьяларының VII съезі сот жүйесін дамытуға жасалған соны қадам болды.

Егемен ел тарихында бұған дейін Қазақстан судьялары барлығы алты съезде бас қосты. Алғашқы съезд жұмысы 1996 жылы ашылды. Сол жылы Қазақстан Судьялар одағы құрылды. Бірінші рет судья этикасына қатысты Әдеп кодексі қабылданды. Бұл кодекстің мәтінін нақтылауға Халық­аралық судьялар мен адвокаттар қауымдастығы, Халықаралық Венеция комиссиясы атсалысты.

2011 жылы Қазақстан Судьялар одағы әлемдік судьялар қауымдас­тығының құрамына енді. Бұған дейін бақылаушы ретінде қатысып келген еді.

Бұл жолғы съезде еліміздің сот жүйесінің дамуы турасындағы стратегиялық бағыт-бағдарлар айқындалды. Бұдан бөлек, судьялардың Әдеп кодексі жаңартылған мазмұнда қабылданды. Жаңа кодексті қабылдау мәселесі еліміздегі судьялардың кәсіби және моральдық келбетіне қатысты қоғам талабының артуынан шығып отыр.

Аталған Кодекстің жаңа мәтінінде судьялардың этикасы жан-жақты қарастырылған. Мұнда судьяның қызметтегі, қоғамдағы, отбасындағы өзін-өзі ұстау тәртібі реттелген. Судья жұмыстан тыс жерде де өзінің судья екенін естен шығармауы қажет. Жаңа Кодексті жасақтау барысында «Судьялар тәртібінің Бангалор қағидаттары» және сот билігінің тәуелсіздігі мәселелері бойынша Киев конференциясының ұсынымдары ескерілді. Бұл ережелер судьялардың жұмыс үдерісін шыңдай түсуге, кемшін тұстарды жоюға бағытталған. Және жиында Мемлекет басшысы сот жүйесін одан әрі жетілдіру бойынша бірқатар міндеттерді айқындап берді.

«Ұлт жоспарында» Елбасы өзге де тапсырмалармен қа­тар, сот жүйесін оңтайландыру­ды міндеттеген еді. Бұл бағыттағы жұмыстардың аяқ алысы туралы айтып өтсеңіз…

«Ұлт жоспарының» 16-қадамында азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдету үшін сот жүйесі инстанцияларын оңтайландыру мәселесі көрсетілген. Яғни, бес сатылы сот жүйесінен үш сатылы сот төрелігі жүйесіне көшу туралы айтылды. Өзіңіз білетіндей, үш сот деңгейі бар: аудандық сот, облыстық сот және Жоғарғы сот. Ауданаралық мамандандырылған соттар – аудандық сотқа, Астана, Алматы қалалық соттары мен әскери сот – облыстық соттарға теңестірілген. Бұл жүйеде 5 іс қарау инстанциясы болған. Облыстық сотта апелляциялық және кассациялық инстанция жұмыс істесе, Жоғарғы сот та тура осы принципте қызмет атқарды. Елбасының тапсырмасына сәйкес, бұл жүйелер жойылды. Бүгінде облыстық сотта апелляциялық алқа қалдырылып, кассациялық алқа Жоғарғы сотқа ғана берілді. Мұндағы негізгі мақсат – азаматтарды соттар арасында әуреге салмай, тұрғындардың сот қызметіне қолжетімділігін қамтамасыз ету, түбегейлі шешім шығаратын оңтайлы инстанциялар құру. Бұл – әлемдік тәжірибеден алынған үлгі.

Сот құрылымын білікті кадрлармен толықтыру мәселесі – Елбасының тапсырмаларының бірі. Бүгінде бұл жұмыстар Қарағанды облысында қаншалықты табыспен жүргізілуде?

Судья лауазымына кандидаттарды іріктеу тетіктерін көбейту және біліктілік талаптарын қатайту талаптары да «Ұлт жоспарынан» бастау алады. Қазіргі таңда аталған бағдардағы жұмыстар қарқынмен жүргізілуде. Облыс бойынша сот құрылымдарында 281 судья қызмет етеді. Судьялардың қатарын жас мамандармен толықтыруға баса назар аударылуда. Бұл орайда, судья қызметіне орналасуға ынталы азаматтарға арнайы талаптар қойылады.

Бірінші талап – жоғары білімімен қатар, үміткер міндетті түрде сот істеріне кемінде 5 жыл қатысқан болуы шарт. Адвокат, хатшы, прокурор ретінде болса да, өтілі 5 жылдан кем болмауы қажет. Ал, егер, мұндай тәжірибесі болмаса, құқық қорғау салаларында 10 жылдық еңбек өтілі болуы керек.

Бұдан кейін үміткер кәсіби білімі мен іскерлігін тексеру үшін тестілеуден өтеді. Сондай-ақ, психологиялық сынақтарға, сұхбаттасу сынақтарына қатысады. Барлық сынақтарды ойдағыдай тапсырғаннан кейін ғана судьялыққа үміткер бір жыл сынақ мерзімімен қызметке алынады. Егер, осы уақыт аралығында өзін кәсіби маман ретінде көрсете білсе, судья қызметіне кіріседі. Атап өтері, бір жыл сынақ мерзімі үшін үміткерге арнайы тағайындалған еңбекақы төленеді.

Судьяларды тиісті сынақтар арқылы жұмысқа қабылдау қоғам пікірін ескеруден туындауда. Жоғарыда айтқанымдай, 18 жасында мектеп бітірген азамат университетті тәмамдағанша 23-ке келеді. Одан кейін сот саласында 5 жыл немесе өзге де органдарда 10 жыл қызмет істесе, отыз жасқа табан іліктіреді. Адам тағдырына атүсті қарауға болмайды. Судья қарауына келген іске шешім шығару арқылы адамның келешек тағдырын айқындайды. Сондықтан, судьяның өмірлік тәжірибесі болуы да маңызды. Көпті көрген адам мәселеге де жан-жақты сараптау жасап, нақты шешімге келе алады.

Көпті көрген дегеннен шығады. Съезде Елбасы билер институты жайында сөз қозғады. Үш жүзге билік айтқан Төле, Қаздауысты Қазыбек және Әйтеке билердің қазақ жеріндегі тұрақтылық пен тыныштықты сақтап тұрудағы ролін ерекше атап өтті. Осы орайда, Қазыбек бидің бір даулы мәселеге қатысты айтқан шешімі есіме түсіп отыр. Әпсанаға сәйкес, би аттың шідерін ұрлаған жігітке ердің құнын кесіпті. Яғни, жүз жылқы төлетіпті. Қазыбек бабамыздың неліктен бір шідерге бола ердің құнын кескенін білесіз бе?

Әрине, дала билері институтының қазақ мемлекетігін қалыптастырудағы ролі ерекше. Шыңғысхан заманындағы «Ұлы Ясы» заңдар жинағынан кейін Қазақ хандығында Әз Тәукенің «Жеті жарғысы», «Есім ханның ескі жолы» «Қасым ханның қасқа жолы» сынды заңдардың елдегі бірлікті ұстап тұрудағы салмағы орасан болды. Жер-жердегі халықтың арасындағы дау-дамай түйткілдерін тарқатуда билердің білігі мен біліміне, өмір тәжірибесіне жауапкершілік артылды. Ал, сіздің сауалыңызға орай айтарым, Қазыбек би ердің құнын төлеуді міндеттегеніне наразы болған әлгі жігіт себебін сұраған екен. Сонда би «Шідер атты сақтайды, ат ерді сақтайды, ер елді сақтайды» деп жауап беріпті. Бұдан кейін айыпкер жігіт бидің кесіміне дау айтпапты.

Бүгінде жаңашыл технологиялар тұрмыс-салтымызға сыналап енуде. Сот құрылымындағы технологиялық жаңашылдықтармен бөлісе отырсаңыз…

«100 нақты қадам» бағдарламасында және судьялардың VI съезінде барлық сот процестерін бейне және аудио таспаға жазу шараларын қолға алу тапсырылды. Бұл сот процесінің жариялылығын, ашықтығын, судьяның сот процесіне кереғар ықпал жасауына тосқауыл қою мақсатында жүзеге асырылуда. Судьяның бейне жазбаны тоқтатуға немесе аудиожазба материалдарын редакциялауға мүмкіндігі болмауы тиіс. Және кез келген сот отырысына бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатыса алады.

Бұрын сот процестерінде хаттама толтырылатын. Бұл құжатқа судья, хатшы, өзге де тараптар қол қоятын. Кейде азаматтар отырыста айтылған мәселелердің хаттамада көрсетілуі бойынша дау шығаратын-ды. Енді, осы мазмұндағы даулардың алдын алу мақсатында аудио және бейнежазбалар жүргізу ісі атқарылуда. Біздің облыста бұл іс ойдағыдай орындалуда. Мұнда ешбір судья жазбаны тоқтатуға құқы жоқ. Егер, жазба тоқтатылып немесе өзгертілсе, жоғарыдағы бақылау орталығына хабар жетеді. Тиісінше, аталған судьяға қатаң шара қолданылады.

Барлық жазбалар орталықтандырылған «Төрелік» сот органдары жүйесі мен «Сот кабинеті» онлайн-сервисінде сақталады. Биылғы жылдың 10 айында облыс бойынша сот процестерінің 86 пайызында аудио-бейне жазбалар жазу әдісі қолданылды. Оның ішінде, азаматтық істердің – 91 пайызы (36289), қылмыстық істердің – 97 пайызы (8368), әкімшілік істердің – 88 пайызы (21256) таспаға түсірілді.

«Электронды үкімет» бағдарламасы негізінде онлайн желілер іске қосылды. Соған сәйкес, азаматтардың шағымдары электронды түрде қабылданады. Мәселен, шалғай өңірлерде тұратын тұрғындар жергілікті соттың шешімімен келіспеген жағдайда алыстан сапарлатып келіп, уақытын жоғалтпай, бірден электронды поштаға шағым жолдай алады.

Сондай-ақ, заманауи технологияларды қолдану арқасында азаматтарды сот процесіне шақыру шаралары жеңілдеп, жеделдей түсті. Бұл жұмыстар «гибридті пошта» арқылы атқарылады. Ол үшін поштамен арнайы келісім-шарт жасалған. Біздің қызметкерлер пошта торабына жеделхат мәтінін жібереді. Өз кезегінде пошта торабы нақты мекендегі пошта байланысына жеделхатты «СМС-хабарлама» түрінде түсіреді. Сол жерде хат қағазға басылып, сот процесіне қатысуы тиіс азаматтың қолына мекен-жайы бойынша тапсырылады. Бұдан бөлек, ұялы телефонға хабарлама жіберу арқылы да сот процесіне шақырту тәжірибелері енгізілуде.

Мәнді де мазмұнды әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан

Нұрқанат ҚАНАФИН.

СУРЕТТЕ: солдан оңға қарай ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы Қайрат МӘМИ, ҚР Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР Судьялар одағының төрағасы, Қарағанды облыстық сотының төрағасы Мұсабек ӘЛІМБЕКОВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button