Сом алтынның сынығы
Сұлтан Кемелбаевтың есімі Қарағанды журналистикасының тарихына алтын әріптермен жазылатын болады. Ол облыстың орыс тілді газетін 13 жыл басқарған жалғыз қазақ болып тарихқа еніп отыр.
Сұлтан біздің редакцияға келгенде, бесінші қабатта орналасқан Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің стендісі алдына келіп тағзым ететін. Мұнда оның аяулы әкесі Махмұд Кемелбаевтың фотосуреті ілулі тұр. Мақаң – соғысқа қатысып, майдандағы көзсіз ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз» және Отан соғысы ордендерінің екі дәрежесімен де, бірнеше жауынгерлік медальдармен марапатталған қазақтың қайсар жауынгері. Еңбек майданында да табандылығымен танылып, жаралы жауынгер облыстық «Советтік Қарағанды» (қазіргі «Орталық Қазақстан») газетінің металлургтер қаласы Балқаштағы меншікті тілшісі міндетін мінсіз атқарды.
Сұлтанның «Орбита» шағын ауданындағы үш бөлмелі пәтерінде бас редакторымыз Мағауия Сембаев, басқа да азаматтармен бірге талай қонақ болғанбыз. Жақсы араласып тұрушы едік. Сұлтан Мағауияны өз інісі санап, аға ретінде газет жұмысын ұйымдастыру жағынан көмегін аямайтын. Бірде таралымына байланысты бізге облыстан қаржы аз бөлініп, баспахана газеттеріңді баспаймыз дегенде, Сұлтекең көп ойланбастан екі миллион теңгені аударып тастап, қарызымызды өтеп кетіп еді. Оны біз қайтара алған да жоқпыз. Мұны ерлік, қанына тартқан көзсіз ерлік деп біліңіздер.
Сондай кездесулердің бірінде Сұлтанның үйінде анасы Шәрбат шешеймен танысудың сәті түсті. Әлі тың екен, әңгімеге ширақ. Белгілі ақындардың өлеңдерін жатқа айтқанда таң қалдық. Сөйтсек, шешей қазақтың белгілі ақыны Төлеу Көбдіковтің қызы болып шықты. Ол кісінің де ақындық қабілеті бар екен. Жатқа біраз өлеңдерін келтірді. Мәз болып қалдық. Сұлтекеңнен рұқсат ала отырып, өз газетіне орыс тілінде нағашысы туралы «Из плеяды акынов-импровизаторов» деген мақала жазғаным да бар.
Міне, осындай екі жақсыдан туған Сұлтан да тұқымдарына тартып, шығармашылық қызметке бой ұрады. Анау-мынау емес, елдің сол кездегі екінші астанасы, мәдени астанасы саналатын Ленинград мемлекеттік университетінің журналистика факультетін ойдағыдай бітіреді. Сол 1975 жылдан бері Қарағандыда қызмет етті. Әуелі облыстық «Индустриальная Караганда» газетінің тілшісі болды, кейін бөлім меңгерушісі қызметіне жоғарылады. 80-жылдардың соңы, 90-жылдардың басында Қарағандыда орыс тілінде шығатын «Городская газета», «Вечерняя Караганда», ал 1993 жылдан облыстық «Индустриальная Караганда» газеттерінің бас редакторы болды. Журналистер одағының облыстық бөлімшесін де басқарды.
Сұлтекең алғыр журналист, білікті басшы бола білді. Оған мұндай қасиеттер ата-анасының асыл қанынан дарыған деп білеміз. Осындайда данышпан Абайдың «Екі асылдан қосылған, Сом алтынның сынығы» деген сөздері еріксіз еске түседі.
Бақұл бол, қаламдас дос, асыл азамат!
Аман ЖАНҒОЖИН,
ардагер журналист, «Орталық Қазақстан» газеті бас редакторының 1997-2010 жж. орынбасары.