Соңғы ескерту
Аймақ басшысы Ерлан ҚОШАНОВ жартыжылдықта көрсеткіштері орындалмайтын әкімдерге «Тықыр таянды. Бұл – соңғы ескертуім болуы мүмкін» деген ескерту жасады. Облыс бойынша көрсеткіш көңіл көншітерлік болғанымен, кейбір аудан, қалалардың бірнеше көрсеткіштерінің толық орындалмай қалатындығы ашық айтылды. Басқалардың жоғары нәтижесінің көлеңкесінде жүргендер енді бұрынғыдай тасада қала бермек емес. Тіпті, қайсыбірі қызметімен қош айтысып қалуы да әбден мүмкін.
ҰБТ ойдағыдай
Аймақта ҰБТ-ға қатысып, жоғары 137-136 ұпай жинаған 2 түлек – Жезқазған қаласының білім-инновациялық лицейінің және Шет ауданы Ж.Ақылбаев атындағы мектеп-гимназияның оқушысы болды. Жалпы, облыс көлемінде ҰБТ қалыпты жағдайда, ешбір оқыс оқиғасыз өтті. Ұялы телефон пайдаланғаны үшін Осакаров ауданында бір түлек, жауап парағын алып шыққаны үшін Қарағандыда бір түлек тестілеуден шығарылған. Сапа көрсеткіші былтырғыдай. Тағы бір айта кетерлігі, мектептер түлектердің алған ұпайлары бойынша енді бұдан былай бәсекеге түспейді. Тестілеуде оқушылардың, тек, функционалдық қабілеттері ғана есепке алынған. Бұл туралы облыстың білім басқармасының басшысы Есенғазы Иманғалиев аймақ басшысына аппарат мәжілісінде хабарлады.
ҰБТ биыл маусымның 21-23-24 күндері өтті. Басқарма басшысының айтуынша, тестілеуге түлектердің 69 пайызы қатысқан. Ол – 5567 түлек.
«ҰБТ барысында министрліктен бастап, жергілікті әкімдікке дейін жұмыстар дұрыс атқарылды. Шартты бұзу болған жоқ. Былтырдан бастап, ҰБТ форматы өзгертілді. Сондықтан, тестілеу балалардың функционалдық сауаттылығын ғана тексереді. Сол себепті, жергілікті әкімдер рейтинг арқылы қысым жасамауы тиіс», – деді Есенғазы Иманғалиев. Түсінікті тілмен айтқанда, бұрынғыдай мектеп арасында бәсеке, жарыс жоқ.
Сондай-ақ, аппарат мәжілісінде аймақтағы бүгінгі жалпы әлеуметтік-экономикалық ахуал туралы әкім орынбасарлары қысқаша шолу жасады. Атап айтқанда, олар аймақта жүргізіліп жатқан ағымдағы жұмыстардың барысына тоқталды. Құрылыс, жылу беру маусымына дайындық, азық-түлік бағасы, аймақты газдандыру, аудандардағы ағымдағы жағдай түгел дерлік назардан тыс қалған жоқ.
Теміртаудың тынысы ашылады
Одан кейінгі күн тәртібіндегі мәселе – Теміртау қаласының экологиялық ахуалын жақсарту туралы кешенді жоспардың орындалысы. Бұл жоспарды орындауға 21,6 млрд.теңге жұмсалмақ. 2018-2020 жылдарға арналған кешенді жоспар барысында 63 шара қарастырылған. Биылдан бастап, оның 52-сі жүзеге асырылуда. Нақтылағанда, оның 6-ауы іске асып, 21-і орындалу үстінде көрінеді. 25 шара үшінші тоқсанға жоспарланған. Кешенді жоспардың мақсаты – ауаға шығарылатын зиянды қалдықтарды азайтып, су ресурстарын, қоршаған ортаны қорғау. Онда жергілікті, республикалық бюджеттің қаражаттары, өзге де инвестициялар, заемдық қаржылар да бар. Кешенді жоспар ауаға шығарылатын қалдықтарды 82,7 мың тоннаға, жылжымалы көздерден шығатын зиянды заттарды 15-20 пайызға азайтуды көздейді. Оған қоса, күкіртті-сутекті қалдықтарды 30 пайызға кемітуге мүмкіндік береді деп күтілуде.
Астанаға 200 шара арналады
Бұдан соң қарастырылған үшінші мәселе – Астана қаласының 20 жылдығына арналған шаралар. Облыстың ішкі саясат басқармасы Астана қаласының мерейтойына арналған шаралардың былтырғы жылдың желтоқсан айынан бастау алғанын атайды. Елорданың жиырма жылдығын атап өтуге түрлі бағыттағы 200-ден астам шара қамтылған. Оның арасында мәдени, әдеби, әлеуметтік һәм экономикалық маңызы зор шаралар да бар. Мәселен, қазіргі таңда Астанаға арналған мәдени 90 шара жүзеге асырылған. Ішкі саясат басқармасы шаралардың жыл соңына дейін жалғасатынын атап отыр.
Қызғалдақ АЙТЖАНОВА,
«Орталық Қазақстан»