«Смэлтинг Барысы» анықталды
Биыл Балқашта тұңғыш рет «Смэлтинг Барысы» турнирі өтті. Аталмыш турнирге «Kazakhmys Smelting» ЖШС еңбек етіп жатқан 54 балуан қатысып, белбеу үшін белдесті. Спорттық шараның ашылуына «Kazakhmys Smelting» ЖШС бас директоры Жәнібек Байғабелов, «Баркер» кубогының иегері, Олимпиада чемпионы, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Серік Сәпиев, Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаев, «Горняк» спорт кешенінің директоры, грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы президентінің орынбасары Эдгар Акопян, «Халық барысы» турнирінің күміс белбеу иегері, қазақ күресінен бірнеше мәрте Қазақстан чемпионы Талғат Жиентаев қатысып, құттықтау сөзін жеткізді.
– Ұлттық спорт түрлері – ұлтымыздың тәрбие негізіндегі алтын діңгегі. Халқымыз «Тәні саудың жаны сау» деп түсініп, қанымен, дәстүр-салтымен біте қайнасқан ұлттық спорт түрлерін бүгінгі ұрпағына мирас етті. «Kazakhmys Smelting» ЖШС ұлттық спорт түрі қазақ күресіне қолдау білдіріп, бүгін «Смэлтинг Барысы» жарысын ұйымдастырып отыр. Өзіміздің ұлттық спортымыздың қаншалықты бағалы, құнды екендігін Балқашта паш етіп жатырмыз. Балуандарға жеңіс тілеймін, – деді Жәнібек Байғабелов.
Қонақтардың құттықтау сөзінен кейін Балқаштың бас имамы Нұрболат Қалдарбеков балуандарға батасын берді. Әнұран шырқалып, бас төреші жарыстың негізгі ережелерімен таныстырды.
Дүбірлі додада балуандар мықтылығын танытып, сында аянып қалмады. Жарыстың нәтижесінде 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Жезқазған мыс зауытының балқыту цехының конвертершісі Абылай Туғанбай I орынды және белбеуді еншіледі. II орынға Балқаш мыс зауытының шихта түсірушісі Бахтияр Өмірзақов, ІІІ орындарға Балқаш мыс зауытының мыс балқыту цехының жұмысшылары Мақсат Күлмағанбетов пен Ғазиз Мінапас тұрақтады. Бұдан кейін алып тұлғалы жігіттер 80 келіден жоғары келі салмақта іріктеліп шығып боз кілемде белдесті. Көрермендерді риза қылып қазақша іштен, сырттан шалып түсірудің әдістерін жетік меңгергендер шу дегеннен алға түсті. Түйе балуандар бәсекесінде балқаштықтар мықтылық танытты. Сөйтіп, бас бәйгеге тігілген ат пен белбеуді Балқаш мыс заутының мысты электролиздеу цехының балуаны Берік Амангелді иеленді. ІІ орынды Жезқазған мыс зауытының балуаны Жасұлан Күлмағамбетов қанжығалады. III орын тұғырынан Балқаш мыс зауытының балуаны Нұрсылан Мұсахан мен Жезқазған мыс зауытының балуаны Мақсат Махамбет көрінді.
Айта кетейік, «Kazakhmys Smelting» ЖШС ұйымдастыруымен ұлттық спортымызды насихаттап, балуандарға жігер берген бәсеке жыл сайын өткізілетін дәстүрлі додаға айналмақ.
Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ
Ortalyq.kz