Жаңалықтар

Әскери өмірден бір үзік сыр

Ел шетіне жау келсе етігімен су кешіп, атына ауыздықпен су ішкізер ер қарасы көп шығар. «Мен» деп көкірек керген көп  жігіттер бары бар-ақ. Десек те, басымызға бұлыңғыр бұлт үйірілсе, шеп алдында тұратын ол әскер қатарындағы жас сарбаздар. Расында, сарбаз десе санаға жаужүрек, сөзге келместен сыққанының сөлін алар, қару асынған суық келбет келеді.

Жоқ. Бұл ойша жасап алған образ көрінеді. Сап түзеген сарбаз да бір әке-шешенің көз қарашығы. Әскерге жіберген баласын балабақшадағыдай бақылайды олар. Неге? Өйткені бауыр еті баласының басы жарылып, мұрны қанағаны қай ата-анаға болмасын ауыр тиері анық. Оның үстіне аракідік орын алған сарбаздар өлімі секілді оқыс оқиғалардан күдікшіл болған ана көңіл алаңдамай қоймайды-ау. 

Әркімге әскери өмір қызық. Сарбаздардың күнделікті тірлігі, тамағы мен тәртібі, қала берді жауынгерлік ептілігі мен әскери ортадағы абыройы.

Иә, абыройы дегеніміз өз ортасындағы беделі. Әскери борышын өтеп келген екінің бірінің айтатыны «еден жумағам, жекпе-жекте жұдырығым бірінші тиетін, командирдей өмір сүрдім, таяқ жемедім» деген мақтан сөз.

Алайда, оның рас-өтірігін тек сол әскери мекеменің басшылары мен сарбаздары ғана біледі. Осыған орай біз ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің 52859 әскери бөлімінің тұрмыс-тіршілігіне ат басын бұрған едік. Бүгінгі таңда жалпы әскери бөлімде 200 сарбаз Отан алдындағы міндетін өтеуде. Бөлім сарбаздары екі шақырылыммен Алматы, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан және Павлодар облысынан жиналған. Атап айтсақ, 2022 жылдың мамыр-қараша айында келген сарбаздар.

Қазіргі таңда әскери мекеме қабырғасында жүрген сарбаздардың ахуалы жақсы. Капитан Ғинат Жангудиннің айтуынша, сарбаздар күніне үш мезгіл тамақтанады. Мұндағы тамақ та өте құнарлы көрінеді. Тіпті, ас мәзірінде жылқы еті де бар. Әр сарбаздың ас-суына күніне 1813 теңге жұмсалады. Ал, сарбаздар арнайы тапсырмаға шығатын күні тамақ құрамы күшейтіліп, құны 1950 теңгеге дейін жетеді. Капитан мәлімдегендей, бөлімде азық-түлікпен мәселе жоқ.

– Біз үшін әр сарбаздың орны бөлек. Отбасында әке-шешелері қандай қамқор болса, мұнда да сондай аура бар. Мысалы, бір жататын орында 50-60 сарбаз болса, оның әрқайсы бір-біріне қамқор. Ала таңнан бұйрықпен ояна сала, олар төсектерін жинап таңғы сапқа тұрады. Күндіз бірде-бір сарбаздың жатын бөлмесіне келуіне қақысы жоқ. Таңғы 06.00-де тұрған жауынгердің жамбасы, тек, кешкі сағат 22.00-де төсекке тиеді. Тәртіп солай.

Бұл тасжүректік емес, керісінше мінез бен ерліктің бастауы. Ал, оларға жанашырлық таныту деп жейтін тамағы мен тәртібін пысықтауды айтар едім. Қазақстанның әр сарбазына жайлы төсек пен құнарлы тамақ міндетті болуы шарт. Өйткені, сарбаз – ел қорғаны. Біз бұл ұстанымды қатаң ұстанамыз, – дейді Әскери бөлімнің клуб бастығы-лейтенант Мақсат Балжанов.

Сондай-ақ, сарбаздардың жаттығу залы да соңғы үлгідегі жабдықтармен жасақталыпты. Қажетті құрылғының бәрі бар. Күрес пен қоян қолтық ұрыс базасы, бұлшық ет өсіретін темірдің (штанга, гантель) түр-түрі толып тұр. Мәдени-демалыс бөлмесі де қарастырылған. Мұнда жауынгерлер фильм көріп, түрлі мәдени іс-шараларға қатысады. Ал, тәрбие бөлмесінде сол мәдени іс-шараларға жауапты сарбаздардың шығармашылық ізденісіне толық жағдай жасалған.

– Отан алдындағы қасиетті борышымды 52859 әскери бөлімінде өтеп жатқанымды мақтан тұтамын. Мұнда сарбазға керек бар жағдай жасалған. Сардарлар мен шені жоғары офицерлер тарапынан қысым жоқ. Бұл әр сарбаз үшін ең басты назарда шығар. Әскер қатарына осы Қарағандыға шақырылғаныма өз басым қуанамын, – деді қатардағы сарбаз Нәбиәлі Тұрсынәліұлы.

Бұл аз десеңіз, сарбаздардың бос уақытының өзі зая кетпек емес. Қолы қалт еткенде олар арнайы ашылған психологиялық қызмет бөлмесіне барады.

Онда офицерлер мен сарбаздардың психологиялық жай-күйін бақылап, қажет кезде тиісті мамандар көмегі көрсетіледі.

– Әскерге кетіп өкінішті жағдайға душар болған жас сарбаздар қатары сейілмей тұрғаны жасырын емес. Десек те бұл жерде тек сол әскери мекеме мен ондағы сардарларды табанға салып таптай кінәлау артық дер едім. Бұл жалпықоғамдық мәселе. Сарбаздардың көбі әскерге несие арқалап келеді. Ол қарызды жаба алмай қиялданып өз-өзіне қол жұмсағаны қаншама. Отбасылық жағдайлары әсер етуі мүмкін. Сондықтан, Мемлекет басшысы тарапынан қаулы жарияланып, ол заңдас­тырылды. Әскер қатарына алынған әр азаматтың несиесі тоқтатылып, әскерден соң жоғары оқу орындарына тегін түсуі жолға қойылды. Біз әскери сардарлар мен тәрбиеші мамандар қазіргі кезде сарбаздар ата-­анасымен барынша жиі хабарласып отырамыз. Тіпті, «WhatsApp» желісі арқылы арнайы топ құрып, онда әр ата-ана балалары жайлы біліп отыратындай еттік, – дейді Мақсат Өміржанұлы.

Расында, лейтенант сөзі қарағандылық әскери орындарда тәртіп бар екеніне сендірді. Одан бөлек күн сайын офицерлер кешке жатар алдында сарбаздарың денесін тексереді екен. Дене көгергені, денеге сызат түсуі немесе сарбаздар арасында кикілжің болмайды деп сендірді. Ал, осының барлығын аптасына бір рет келсе де, тәртіпті басты негізде ұстаған әскери полиция қадағалайды.

Жалпықарағандылық әскери ахуалдың алғышартынан хабарсыз болсақ та, құтқару қызметі сарбаздар­ының бір күндік өмірін өзек еттік. Өйткені, қарағандылық құтқарушылар қызметін тіпті, Түркия жұрты да мойындады емес пе?! Мереке қарсаңында бейбіт күннің қарусыз майданында жанынан кешіп елге қызмет етер болашақ ерлердің еңбегі еленгені абзал.

Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button