Жаңалықтар

Әскери әлеуетті арттыру үшін

Бүгінде жастардың Отан алдындағы әскери борышын өтеуге асықпайтыны рас. Тұтас қоғамда әскерден фобия қалыптасып қалған. Сондықтан да, әскери қызметтің мәртебесін арттыру, жастарды тарту Қорғаныс министрлігінің маңызды міндетіне айналды. Оның үстіне, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастарды әскерде қызмет етуге ынталандыру жөніндегі тапсырмасы да бар. Сол тапсырманы жүзеге асыру шеңберінде министрлік мерзімді әскери қызметін өтеген сарбаздарға білім алу жеңілдіктерін беру туралы бастама көтерген болатын. Айта кету керек, бастама қолдау тапты. Еліміздегі жетпістен астам жоғары оқу орны биылдан бастап, сарбаздарды Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесінсіз оқуға қабылдауға дайын.

Қорғаныс министрлігінің ресми сайтында айтылғандай, жоғары оқу орындары өз есебінен үш мыңға жуық орын бөлмекші. Бүгінгі уақытта жоғары білім үшін ақының 500 мыңнан кемі жоқ екені белгілі. Сондықтан, бұл жас сарбаз үшін жақсы мүмкіндік болары сөзсіз. Алайда, ол барлық сарбазға берілмейді. Сарбаздар тегін білім алу үшін іріктеуден өтеді. Ол үшін Қорғаныс министрлігінің комиссиясы сарбаздың мерзімді әскери қызметін өткеру кезінде жауынгерлік, әскери-кәсіби даярлықта, әскери тәртіпте көрсеткен нәтижесін ескереді. Атап айтқанда, комиссия сарбазды жауынгерлік даярлық бағдарламасын меңгеру деңгейі, жеке тәртібі, тәуліктік кезекшілікте қызмет өткеру барысында арнайы міндеттерді толық орындауы, психологиялық жайкүйі арқылы бағалайды.

Бұл процестің ыңғайлылығы мен ашықтығы үшін «Әскери міндеттілер 2.0» цифрлық платформасы енгізілген. Жоғары нәтижеге қол жеткізген сарбаз үш жоғары оқу орны мен білім бағдарламасын таңдап, Қорғаныс министрлігінен ұсыным алады. Кейін университетке құжатын ұсынып, әңгімелесуден өтуі керек.

Бұл жерде жеңілдіктер әскери қызметтен өткен, орта мектепті бітіргені туралы аттестаты немесе техникалық, кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білімі бар балаларға берілетінін ескерген жөн. Тегін оқумен бөлек, ақылы оқуға да болады. Сонымен бірге, оларға жоғары оқу орнының жанындағы әскери кафедрада түсу емтихандарынсыз тегін оқуға мүмкіндік бар. Әскерге барып келгендер үшін Қорғаныс министрлігінің жоғары әскери оқу орындарына оқуға да жол ашылды. Енді олар қабылдау емтиханынсыз әскери оқуға түсе алады. Жобаға қаражат бюджеттен емес, оқу орындарының өздерінен бөлінеді. Яғни, жауапкершілік – оқу орындарында. Бірақ, бұл жеңілдік мемлекеттік грант болмағандықтан шәкіртақы берілмейді.

Бастамаға белсенді қолдау көрсеткен жоғары оқу орындарының арасында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті, Логистика және көлік академиясы, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті, Торайғыров университеті, Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті, біздің аймақтан Қарағанды медицина университеті бар.

Ведомство ұсынған дерекке сүйенсек, жыл сайын 18-27 жас аралығындағы 35 мың адам әскерге шақырылады екен. Оның 5 пайызында ғана жоғары білім бар. Қалғаны мектеп, колледж бітіргендер. Бұл жоғары білім алуға ниеттілер қатары көп деген сөз.

ҰБТ-сыз жоғары оқу орнына түсу мүмкіндігінен басқа да қолдау түрі жасалады. Мәселен, қазір әскери борышын өтеп жатқан сарбаздарға кредиттік демалыс беру мәселелері қарастырылып жатыр. Қаржы нарығын зерттеу агенттігі мен Қорғаныс министрлігі арасында тиісті меморандумға қол қойылды. Бұл жоба да биылдан бастап іске қосылуы тиіс.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button