Бас тақырыпРуханият

Сіз театрға барасыз ба?

«Жоқ» немесе «бармағалы көп болды», «уақыт жоқ», «қай театрға?» деген жауаптар алдық жұрттың көбінен. Алдыңғы жауаптар түсінікті дегенмен, «қай театрға?» дегендердікі тегін билеттен дәмеленгендік сияқты. Оған еріксіз езу тартасыз. Нақтылап бергенде, әрине, «жоқ» дейді. Бетіме бір қарап өте шыққандар да бар. Тіпті, «мешітке барамын» дейтіндер де кездесті (театрда Құдай жоқ деп кім айтты?). Сонымен, «сіз театрға барасыз ба?». Бір қарағанда, жеңіл көрінгенімен, бұл сұрақтың астарынан бірнеше мәселе қылаң береді…

Театр көрерменімен абыройлы Ақпараттық технология атой салып тұрған бүгінгі ғаламтор ғасырында қолыңызда қандай құнды тауар тұрса да, оныңыз жарнамасыз – тауар емес. Қай сала болсын, бәсекеге қабілеттілік керек. Баяғыда «театр киім ілгіштен басталады» десек, «афишасыз театр – театр емес» қанатты сөзі қатарға қосылғалы қашан?! Алысқа бармай-ақ, біздің маңдайға басқан қарашаңырақ – Қарағандыдағы С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрын алайық. Көрермендері қалыптасқан, республикада өзіндік орны бар, шетелдерге гастрольдік сапарлармен шығып жүрген үлкен рухани орда. Біз білген бес-алты жыл көлемінде залында ортадан аз отырған жоқ көрермен. Театрдың айлық репертуарының тізімі өз ғимаратының алдына, қаланың Оңтүстік Шығысындағы «Орбитада» (Қазыбек би атындағы аудан), Майқұдыққа (Октябрь ауданы) ілінеді. Кеншілер мәдениет сарайының алдындағы үлкен экраннан жарнамасы көрсетіледі. Бірақ, театрдың репертуарын сіз дербес афишаға жатқыза аласыз ба? Кісі көп жүретін орындар мен қоғамдық көліктерге кіріп барсаңыз, Қарағандыға келетін шетелдік цирктер мен эстрада жұлдыздары концертінің афишасынан көз сүрінеді, көңіл тоғаймаса да. Біздің театрдікі жоқ. Осы сұрақ төңірегінде театр басшысы Сансызбай Бекболатовқа арнайы сауал жолдағанымызда, ол кісі «бәрі қаражатқа тіреледі. Автобустарға афишамыз ілінбесін деген сөз жоқ. Әр премьераның афишасын жасап, оны көбейтіп шығару – ақша. Біздің бюджет үкіметке қарағандықтан, ақша есептеулі. Репертуарлар тізімінің өзін арнайы белгіленген жерлерге ғана орналастыруға рұқсат. Алдағы уақытта сол репертуарымызды қоятын қосымша орындар сұрамақпыз» дейді.

Бұл сауалға түрткі болған да ғаламтор, әлеуметтік желіде көп отыра бермейтін орта жастан жоғары буынның базынасы. Мәселен, осы газеттің компьютер орталығының меңгерушісі Марал апай Әйнекова: «Күні бойы компьютер алдында жұмыс істейтін менің кешкілік экранға шұқшиып отырар қауқарым қалмайды. Жұмыстан соң, театрға барып, демалып спектакль көргім келмейді емес, келеді. Театр спектакльдерінің афишасын кездестірмегелі қайда, бірақ. Автобуста, көшеде, басқа да орындарда эстрада жұлдыздары мен арзан күлкіге құрылатын әзіл-оспақ театрларының афишасы қаптап тұрады. Ондай жеңіл дүниелерді теледидардан да, былай да тамашалап жүрміз. Ал, ойландыратын, ой саларлық салмақты тақырыптарға құрылған спектакль өтеді деген хабарландыру көрмегелі көп болды, шыны керек». Бұған қарап, біздің театрдың жарнамасы жоқ деп бірден кесіп айтудан аулақпыз. Ақпарат тасқыны астында қалып, бұқараға толық жетпей жатқанын ескеру қажет-ақ, бірақ. Әйтпесе, театр басшысының көрерменмен жұмыс мәселелері жөніндегі орынбасары, арнайы әкімшілік те бар. Олар мекеме, кәсіпорын, тағы басқа орындармен байланыс жасап, көрермен тартады. Бұдан бөлек, театрдың жеке сайты да – жарнама көзі, іздегенге. «Ticketon. kz» сайты арқылы онлайн билеттер сатылады. «Facebook», «Instagram» сияқты әлеуметтік желілердегі жеке парақшалары арқылы репертуарларын салып отыратынын да білеміз. Жергілікті газет, телеарналардан хабарландырулар беріледі. Оған сөз жоқ. Бірақ, бүгінгі ақпарат тасқыны үшін бұлар жеткіліксіз жарнамаға. Ақпарат сағат сайын емес, сәт сайын жаңарып отыратынын ескерсек, әлеуметтік желі – үлкен ақпараттық күш. Жастардың көбі сонда. Сондықтан, желі қолданушылары арқылы жарнаманы көбірек бөлісіп, белсенділік танытпасаңыз, далада қаласыз. Жарнаманың жатық тілі, ұтымды беру әдісі тағы бар. Желіге жіпсіз байланбағандарды да ескерген жөн шығар. Ерікті көрермен көбейгені – театрға да абырой.

Көрермен сауаты көңіл көншіте ме? Көрермендердің сауатын көтеретін де, құлдырататын да – әуелі экран болса, келесі – театрлардың өздері. Сауатты көрермен кітаптан – театрға немесе театрдан – кітапқа өтеді. «Ел болам десең, экраныңды түзе» деп еді бір кезде жазушы Смағұл Елубай. Осы экран сөзі аясына ғаламтор, сайт, «You Tube», әлеуметтік желі – бәрі кіреді. Әзіл-сықақ театрлары мен «Жайдармандағы» (КВН) жеңіл дүниелермен ауызданған адамды Шекспирдің «Гамлетіне» немесе Әуезовтің «Қаракөзіне» салып кеп жіберсеңіз не болатынын дөп басып айту қиын. Одан кейін ол кісі театр есігін қайта аша ма, жоқ па, белгісіз. Санасының саңылауы болмаса, әй қайдам?! Спектакль қайда, көрермен қайда сонда? Спектакль барысында «сотка» қарап, жылайтын жерде қол соққан көрермен діңкелетіп болған.

Театрға тұрақты барып тұратын сауатты көрермендер ныспы жоқ емес, бар. Бірақ, аз. Өзім премьера атаулыға барған сайын байқаймын. Әскери киінгендерді, не бір колледж студенттері мен мектеп оқушыларын отырғызып қояды. Қалғандары – қойылым сайын келетін мәдениет пен өнер төңірегіндегілер. Танып алғанбыз бір-бірімізді. «Жұмыстан жіберген» дейді. Зал толтыру керек. Ол үшін, енді бас салып театрды кінәлаған орынсыз. Мәселен, С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрының режиссері Сламбек Жұмағали «ертеде Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры Евней Бөкетов оқытушылар мен студенттерді ерікті түрде өзі бастап әкелетін. Сатирик Мартбек Тоқмырза да спектакльден қалмай, шәкірттерімен келетін» дейді. Қазір ше? Қазір өнер мен руханият жанашырларынан бөлек, «арбаның алдыңғы дөңгелегі» туралы әңгіме бастау қиын-ақ. Әйтпесе, мен білетін С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрының репертуарында қандай қойылым жоқ дейсіз?! Ұлттық, әлемдік классикадан бастап комедия, трагедия, драма, тіпті, драма-абсурдқа дейін қойылады. Былтыр күзде сахналанған Рахымжан Отарбаев пен Роза Мұқанованың «Фариза мен Мұқағали» және «Ешкім де кінәлі емес» драмаларын кітап оқыған, спектакль көріп жүрген кәдімгідей сауатты көрермен болмаса, екінің бірі түсіне бермеді. Оған көзім анық жеткен. Драма-абсурд жанрындағы «Ешкім де кінәлі еместі» тамашалаған журналистер түсіне алмай, жар-жағалап кеткенін және білем. Шыққан соң, бірер көрерменнен пікір алмақшы болып ем, «ауыр екен» деп сырғақтатты. Осы қойылым режиссері, С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрының әртісі Бек Киікбай «Көрерменді тәрбиелейтін – автордан бастап қоюшы режиссер мен рөлді сомдаушы әртіс. Мықты режиссер таңдаулы туындыны жоғары деңгейде қояды, әртіс соған сай ойнап шығуы тиіс. Оны тамашалаған көрермен сол деңгейге көтеріледі. Сана-сезімі өсіп, рухы оянады. Қазір бізде қалай? Біз қазір «көрермен келмейді, көрермен түсінбейді» деп, солардың деңгейіне түсіп алғанбыз. Отбасы, ошақ қасы, базардағы қазақтың күнделікті күйбең тіршілігінің деңгейіне түсіп спектакль қоямыз. Және соған үйретіп болдық көрерменді. Оған еті өлген көрерменнен қандай деңгей күтесіз?

Тіпті, деңгей сұрауға қақымыз да жоқ ондай шығармалардан соң. Сол қарабайыр дүниені бірнеше рет көреді де, эстетикалық мәні жоғары, салмақты қойылымға келгенде, шалқасынан түседі. Қабылдай алмайды.

Маған салса, Қазақстандағы әзіл-оспақ театрларының бәріне цензура керек. «Орынсыз ыржаң, болымсыз қылжаңмен» (Абай) ұлттың санасын улауды доғару керек» дейді.

Сәкен театрының баспасөз хатшысы, халықаралық журналист Сағат Батырхан:

«Көрермен сауаты деген – үлкен әңгіме. Бір жылда, бес жылда қалыптаспайды ол. Жылдар бойы жүретін процесс. Бүгінгі біздің көрермендер сауатын телеарналардан берілетін жайдармандықтар (КВН) мен арзан күлкіге құрылған әзіл-оспақ театрлары түсіріп жіберді. Әйелін сабап жүрген алқаш күйеу, енесінің бетінен алған келін, тағы басқа. Мәселен, өткендегі «Ешкім де кінәлі емес» спектаклінің көтерген жүгі – қоғамдағы ең ауыр әлеуметтік мәселе, ата-анаға деген бала мейірімінің жоқтығы. «Қарттар балабақшасындағы» ата-ананың қасіреті, қарттар үйіндегі де емес! Қазаққа мүлде жат құбылыс. Көрерменді кәдімгідей ойландырып тастайды. Және берілу тәсілі де ерекше қойылымның. Қазіргі шоу бағдарламалар мен әзіл-оспақ театрлары осының бәрін жойып жатыр. Көрерменнің эстетикалық талғамын түсіріп жіберді. Осы тұрғыдан алғанда, театрға көрермен тарту, оның сауатын қалыптастыру – үлкен проблема. Өйткені, екінің бірінің қолында «сенсор». Виртуалды әлемде өмір сүреді. Кез келген дүниені онлайн көре салады. Сондықтан, бүгінде театрлар атқарып жатқан іс – өте ауқымды әрі күрделі рухани күрес деуге болады». Суреттер ғаламтордан алынды.

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Back to top button