Руханият

Сирек сахналанатын спектакль

«Арқаның ақсарайы» атанған өнер қарашаңырағы Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында «Қауіпті будан» моноспектаклінің премьерасы өтті. Оралхан Бөкейдің «Атау кере» повесі желісімен туындының инсценировкасын жасап, сахналаған – рухани орданың көркемдік жетекшісі, бас режиссері Айдын Салбан. Басты рөлде – ҚР мәдениет қайраткері, театрдың актер-режиссері Бекмұхамед Киекбаев.

Сирек сахналанатын моноспектакль (бір ғана кейіпкер ойнайтын қойылым) көрерменді баурады. Залдағы жұрт білімі ұшан-теңіз, парасаты биік бола тұра, қоғамға деген қыжылынан өгейдің күйін кешкен бас кейіпкер Тағанмен бірге күрсініп, бірге күлді.
Табиғат дамуында аралар ғана емес, тіл, дін, ділінен айырыла бастаған адамның да будандық пен бодандыққа жұтылып бара жатқанының қауіпті екені өзек болған шығарма сананы солқ еткізіп, көңіл көкжиегін аша түседі. О.Бөкей пәлсапасы ойға батырады, ішкі жан-дүниеңізді астан-кестен етіп, айналаға сергек көзбен қарауға үндейді.

«Қазақтың Керей ханы» атанған театр актері Қайрат Кемаловтың айтуынша, «Қауіпті будан» қойылымы осы театрдағы соңғы 20 жылдағы үшінші моноспектакль. «Б.Киекбаев сәтті алып шықты. Әсерлі әрі сенімді болды. О.Бөкейдің «Атау кере» повесінің желісін санада ойша жүгіртіп отырдық. Көтерген мәселесі де ауқымды. Ел ертеңіне ие болатын жастардың жеңіл-желпі дүниеге әуестігін астарлап жеткізді. Қазақтың қилы тағдыр кешкені, осы күнге аман жеткені де бар. Театр репертуары тың дүниемен толықты. Алдағы уақытта ширай түсеріне сенім мол» деді.

Декорация қарапайым, бірақ тартымды. Кереге, қындағы қылыш, кісе, домбыра және кітаптар. Бас кейіпкер жалғыз өзі бірнеше образдың жүгін арқалады. Мәтіннен шатысқан жоқ. Дауысы да қанық. Мығым дайындалған. Қойылым әуенмен де жақсы әрленген.

«Атау кере» повесін оқыған көрерменге драманы түсінуге оңай болады дер едік. Өйткені, Оралхан туындылары философиялық терең иірімдерге толы. Сахна тілі мүлдем бөлек. Драма ойға батырып қана қоймай, кітап оқуға да жетелейді.

Кейіпкер басында сахнаға қалың киіммен қаңғыбас қалпында шығады. Ішімдікке жақын. Батыс пен Алтай арасының будандастырылуы, одан жаңа тектің, өзге ұрпақ араның өсіп шыққанын айтады. Және олардың жылдам ойланып, алысқа самғайтыны да бар. Бірақ, олар қарапайым араларға қарағанда қауіпті. Қаны аралас, өйткені. «Атау кере» шығармасының соңында араны будандастырушы бас кейіпкердің анасын сол будан аралар шағып өлтіретіні бар.
Осы ой арқылы режиссер көрерменге қажетсіз жалған ақпарат, өмірі қысқа сезім, Отанға деген опасыздық, аға буынның жастарға қатыгездігі және қанға сіңген құлдық сана сынды көптеген өзекті мәселені көркем жеткізеді. Шындығында, «бірнеше тіл үйренеміз» деп өз тілін ұмытқан кей жастардың қағынан жеріп, негізіне қарсы шығатыны рас. Міне, «қауіпті буданның» айтқысы келгені – осы. «Атаукередегідей» Отан анамызды, осындай қауіпті будандардан сақтау керек.

– Бас кейіпкердің қалың киіммен шығып, арасында ішімдіктен ұрттап, жүрегіндегіні ақтара түскен сайын киімдері де біртіндеп шешіле береді. Мұны біз киімнің шешілуі мен адам жанындағы сырдың ақтарылуының параллельді үйлесімі деп ұқтық. Сыртқы киімі КСРО-дан, ішіндегілері Батыстан және қазіргі өмірден хабар берді. Қызыл киімін қылышпен тіліп лақтырғанда риза болдық. Үстіндегі барлық жат мәдениет нышандарын кескілеп, керегедегі кісені тағып, қайқы қылышты қынына салып, домбыраны күмбірлетіп, кітапты құшақтап отыра кеткенде, тіпті сүйсіндік. Бұл да – кейіпкердің ішкі арпалысы, қауіпті буданға қарсылығы. Бетперде киетін екіжүзділер, қызтекелік те қатал түрде сын садағына ілінді. Бас кейіпкердің аяқ киімінің екеуіне екі түрлі бау тағылуы да көп дүниеден хабар береді… Осылайша, бойындағы жат шоқпыттан арылып, соңында қазақы қалыпқа оралды. Шешілген киімнің бір-екеуін қайта киді. «Бәрінен баз кешсең де, ешқашан бас тарта алмайтын құндылықтар бар» дегені болса керек мұнысы. Жаман әдеттерге, өзге мәдениетке қызыға жүріп, ақыры өзін тауып, қайқы қылышпен бәрін қидалап, өз тамырына оралғаны қатты қуантты, – дейді Ердос Мақсұтбек есімді көрермен.

Бұл әр қазақ баласы қастер тұтатын өмір қағидасы десек, артық емес. Қазақ болып туып, қазақ болып өлгенге не жетсін?!.

«Өнерде ұлт болмайды» десек, бұл – адамзатқа ортақ қағида. Міне, осындай ауыр тақырыптың үдесінен шығып, терең ойға батырған режиссер Айдын Абзалбекұлына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Қойылым әлі-ақ өз көрерменін тауып, еңбек өз бағасын алып, театр репертуарындағы үздік қойылымның бірі боларына сенім мол.

Сіз «Атау керені» оқыдыңыз ба?..

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button