Синтетикалық бейнеге алданбаңыз
Әлеуметтік желіде Президенттің қазақстандықтарға 2 млн. теңгеден табыс табуға мүмкіндік беретін жаңа жоба туралы баяндалатын бейне таралғанына біраз болды. Одан бөлек, Kaspi Bank АҚ Басқарма төрағасының да Kaspi Profit атты жобаны жарнамалаған мәлімдемесі бар. Бұның барлығы – deepfake. Атап айтқанда, жасанды интеллект арқылы жасалған және шынайы көрінетін аудио немесе бейне. Осылайша, алаяқтар танымал адамдарға айтпағанды айтқызып, әккі әрекеттерін жүзеге асыруда. Елімізде жыл басынан бері «инвестиция салу» сылтауымен дәл осындай 87 факт тіркелген. Ал, облыстың полиция департаментінің қызметкерлері «Кибербақылау» жүйесінің көмегімен 327 құқыққа қарсы бейнероликтер мен сайттарды анықтап, бұғаттаған.
Deepfake пайда болғалы бері американдық ғалымдар оларды қалай анықтауға болатыны туралы бас қатырып келе жатқанын айтады интернет деректері. Айтуларынша, жалған бейнедегі кейіпкерлер мүлдем көздерін ашып-жұмбайды немесе әдеттен тыс қозғалтады деген қорытындыға келген.
Ал, облыстың полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының киберқылмыстарға қарсы іс-қимыл бөлімінің бастығы Арман Қайрақбаев бейнероликтің deepface бағдарламасымен жасалғанын анықтау қиын болғанымен, назар аударуға тұрарлық бірнеше белгілері бар екенін айтады. Соның бірі – беттің немесе дененің әдеттегіден бөлек қимылдары. Мысалы, айтылған сөз бен ерін қимылының арасындағы сәйкессіздік, көз қимылының өзгешелігі.
Арман Қайрақбаев айтқан тағы бір ерекшелік, бейнероликтегі сәйкессіздіктер.
– Deepfake-бейнелер бұлыңғыр болуы мүмкін. Одан бөлек, жарықтың немесе адам көлеңкесінің сәйкес келмеуі, немесе бет аймағында немесе айналасында қалыптан тыс пикселдер сияқты артефактілер болуы мүмкін. Сондай-ақ, deepfake-бейнелер көп жағдайда дайын сценарий немесе контекстке өзгерістер енгізу арқылы жасалады, – дейді Арман Қайрақбаев.
Бүгінгі deepfake-бейнелер өте шынайы көрінеді. Мәселен, 2021 жылы Қытайдағы екі алаяқ салық қызметінің бет-әлпетті тану жүйесін алдап, алаяқтық жолмен 76.2 млн. долларды жымқырған. Алаяқтар синтетикалық бейнелерді ақша жымқыру үшін де емес, қылмыстық ниетпен жасайтынын да айтады Арман Қайрақбаев.
Мұндай бейнелерді тарататын алаяқтардың құрбаны болмас үшін қарапайым ережелерді сақтау керек екенін ескертеді облыстың полиция департаменті. Атап айтқанда, инвестициялау арқылы тез баю немесе жоғары табыс туралы уәделерге сенбеу, күдікті бейнелерден алынған ақпарат негізінде жеке деректеріңізді немесе қаржылық ақпаратты бермеу, көрсетілген бейнелер сипаттамасындағы белгісіз сілтемелерге өтпеу алаяққа алданбаудың бірден-бір жолы.
Киберпол қызметкерлері жалған бейнелерді анықтау технологиясы үнемі жетілдіріліп отырылатынына қарамастан, бүгінде deepfake-ті анықтаудың мүлдем сенімді әдісі жоқ екенін де ескертеді. Сондықтан, күмәнді бейнероликтерге сеніп, ақша аударар алдында бірнеше рет тексеріп, сақтық танытқан жөн.
– Бейненің арнайы технологиямен жасалғанын анықтауға көмектесетін бағдарламалар мен технологиялар бар. Солардың бірнешеуін келтіре кетуге болады. Мәселен, күмән туған жағдайда Deepware Scanner бағдарламасын қолдануға болады. Бұл ретте бағдарлама арқылы deepfake-ке тән белгілерді табу үшін машиналық оқу алгоритмдері пайдаланады. Ал, Truepic бағдарламасының көмегімен суреттер мен бейнелердің түпнұсқалығын тексеруге болады. Яғни, аталған платформа арқылы deepfake бейнелерді және басқа да өзгертуге ұшыраған контенттерді анықтауға болады, – дейді Арман Қайрақбаев.
Айта кету керек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне байланыс, цифрландыру, инвестициялық ахуалды жақсарту және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Ол қолданысқа енгізілгенде антифрод тетігі енгізілетін болады. Оның аясында интернет-алаяқтыққа және қаржы ұйымдарын заңға қайшы мақсаттарда пайдалануға қарсы шара қолданылмақ.
Антифрод – бұл алаяқтық операцияларды бақылау және алдын алу жүйесі екен айту керек. Ол нақты уақыт режимінде әр төлемді ондаған, кейде жүздеген сүзгілерден өткізіп тексереді.
Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz