Руханият

Синонимнің атасы

«Ақтоғай» дегенде тілімізге алдымен Әлихан, Әлімхан, Жақып сынды Алаш арыстары оралады. Ал, осы киелі топырақта Әсет Болғанбаевтай сұңғыла ғалымның дүниеге келгенін бірі білсе, бірі білмейді. Ахмет Байтұрсынов негізін қалаған қазақ тіл білімі сан тараулы әрі сан салалы. Қазақ – табиғатынан сөздің киесін түсініп, астарын ұққан халық. Сондықтан да, қазақ тілінде бір мағыналы сөздің көптеген атауы бар. Биыл туғанына 95 жыл толып отырған Әсет Болғанбайұлы саналы ғұмырын осы тіл білімі саласына, оның ішінде, синонимдерді зерттеуге арнаған біртуар ғалым. Оның монографиялары мен кітаптары, жасаған сөздіктері бүгінде елдің, әсіресе, осы бағытта білім алатын жастардың арқа сүйейтін, сенімді серігіне айналған. Шынында, қазір қолданып жүрген синоним сөздер Әсет Болғанбайұлының зерттеп, жинақтауымен бізге жетіп отыр…

Синонимдер – стильдік ерекшеліктеріне байланысты жаңа сөз тудыруда, ойды құлпырта жеткізуде һәм шығарма тілін айшықтауда аса маңызды тілдік құрал. Осындай күрделі сөз саласын жүйелі зерттеу, күрмеуін тарқатып, сөздік етіп жинақтау қиынның қиыны. Әсет Болғанбаев синонимдерге өмірін арнаған. Көзкөргендердің айтуынша, өте қарапайым әрі адамгершілігі жоғары болған. Артық дүние жинамай, өмірінің соңына дейін қазақ тілінің сан қыры мен көп мағынасына тамсанып, таңғалып өтіпті. Туған тіліне, еліне, ғылымға деген шексіз іңкәрлік бұл.

Синонимдердің зерттелуі құрылымдық лингвистика ережесіне сәйкес, синонимдердің сөз табына қатысына байланысты зерттеулерден басталған. Алғаш Әсет Болғанбаев зат есім синонимдерін зерттеп, 1965 жылы кандидаттық диссертация қорғайды. Осы бағыт әрі қарай жалғасып, етістік синонимдер (М.Серғалиев, А.Османова), сын есім синонимдер (Ф.Оразбаева), фразеологизмдер синонимиясын (Г.Смағұлова) арнайы зерттеген. Яғни, барлығына кейіпкеріміздің зерттеуінен кейін жол ашылған.

Көшеде қазақша сөйлесең кінәлі болатын заманда, ұлттық тілдің қолданысы мен мәртебесі құлдырай бастаған Кеңестік кезеңде тіліміздің «нәрін» зерттеп, қазақтың сөздік қорының байлығын дәлелдейтін қазақ тіліндегі сөздің көркемдігін танытатын мағыналас сөздерді жинап, «Синонимдер сөздігін» жасау – ерліке тең.

Ғылыми-шығармашылық еңбек жолына назар салсақ, үнемі қазақ сөзінің мән-мағынасын ашып, сөздікке тіркеп, болашаққа төл сөздің құндылығын мұра етуді көздегенін аңғарамыз. Қазақ тіл білімінің лексикография саласын. қалыптастырып, дамытуы сөзімізге дәлел. «Абай тілі сөздігі» (1968), он. томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» (1974-1984 ж.ж.) еңбектеріндегі ғалымның белсенді автор және құрастырушы ретінде қосқан өзіндік үлесі бар.

Қазақ тіл білімінің көрнекті өкілі, филология ғылымдарының докторы, профессор Әсет Болғанбайұлы 1928 жылдың 8 наурызында Ақтоғай ауданының Қараменде би ауылында дүниеге келген. Қара қылды қақ жарып, әділдігімен, айтқыштығымен аңызға айналған Қараменде бидің сөздерін жастайынан жаттап, бойына сіңіріп өскені белгілі. Сөздің қадірін елден ерек сезіне алатын өңірде тууы да болашақ ғалымның өмір жолын аңғартқандай.

Қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін үздік бітіріп, 1952 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл білімі институтына жұмысқа орналасады. Онда әуелі аспирант, кейін кіші, аға, жетекші, бас ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарып, өмірінің соңына дейін 47 жылдан астам осы институтта еңбек еткен. Бір орында ұзақ жыл еңбек етіп, өмірін бір салаға арнауынан-ақ оның тұрақтылығын, арман-мақсатының айқындығын аңғарамыз.

– 1996 жылы Қарағандыға келіп, бір ай бойы мемлекеттік комиссия төрағасы болды. Мен хатшысы болдым. Өте мәдениетті әрі салмақты кісі. Артық әңгімесі жоқ. Өз ісін өте шебер меңгерген. Көзі ойлы, орта бойлы. Зейіні бөлек, жады өте мықты. Ол кісінің жасаған синонимдер сөздігін әлі пайдаланамыз. Синоним туралы әңгіме қозғалса, алдымен Әсет Болғанбайұлының есімі аталады. Қазақтың сөздік қорының мол екенін үнемі айтатын. Принципшілдігі де бар, бірақ әділдікті жаны сүйеді. Студенттерді емтихан кезінде қолдап, батасын беріп отыратын. Бекітілген көлікті аса қажетті қызметкерлерге беріп, өзі жаяу барып келетін жұмысқа. Серуендегенді жаны сүйетін еді. Бір күні «Мәңгілік алау» аллеясында жолықтық. Сонда Олжас Сүлейменовтің қазақ тіл біліміне қосқан сүбелі үлесін таңғала айтқаны әлі есімде. Алматыға ғылыми жұмыспен барғанда да көп қолдау көрсетті. Өмірдің мән-мағынасын ғылымнан, көп мағыналы сөздерден тапқан эстет жан еді. Орысшаға да жетік. Бір жүрген жерімізде ол кісінің еңбегін айтып жүреміз. «Тіл біліміндегі ірі тұлғалар» жинағына енгіздік. Осы адал еңбегі бағаланып, Мемлекеттік сыйлық берілген. Болғанбаевтың еңбегі әлі зерттеліп болған жоқ. Жан-жақты зерттелгенін қалаймыз, – дейді Қарағанды университеті қазақ тілі білімі кафедрасының қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Бектұрсын Қалиев.

Профессор Ғ.Мұсабаевтың жетекшілігімен «Қазақ тіліндегі зат есімдік синонимдер» атты кандидаттық, профессор А.Ысқақовтың кеңесшілігімен «Қазақ тіліндегі синонимдер» атты докторлық диссертациясын қорғаған. Ә.Болғанбайұлының 1970 жылы 22 баспа табақпен жарық көрген «Қазақ тіліндегі синонимдер» атты ғылыми монографиясын отандық және шетелдік ғалымдар «түркітануға қосылған елеулі үлес» деп танып, жоғары бағалаған. 

Қазіргі қазақ қоғамының мәдени-әлеуметтік кеңістігіндегі заманауи бағыттың «Тіл – рухани қазына, тіл – ұлттық құндылық» қағидасын кеңестік заманның өзінде шығармашылық-зерттеушілік қызметіне қазық еткен профессор Ә.Болғанбайұлының соңына қалдырған ғылыми мұрасын танудың мәні ерекше екенін айтқымыз келеді.

Байқасақ, Әсет Болғанбайұлы өзінің сара жолынан қия баспаған. Яғни, сөздің мағынасына өмірін арнап отыр. Бұл екінің бірінің қолынан келмейді. Синионимді зерттеп жүріп, өз өмірінің мағынасын тапты. Тіл білімі оның өміріне айналды. Осылайша, тіл білімінің тарихына есімін алтын әріптермен жазды. Синонимді зерттеуге алғаш қадам басып, осы бағытта кандидаттық, докторлық диссертация қорғап, ғылымға адалдығын дәлелдеді. Синонимнің жан-жақты зерттелуіне жол ашты, жастарға дұрыс жол сілтей білді. Мағыналы ғұмыр кешті. Сондықтан да, оны «Синонимнің атасы немесе мағыналы ғұмыр иесі» деуге әбден болады.

Жәлел ШАЛҚАР.

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button