Жезқазған

“Сібір миссиясы” – Жезқазғанда

Саяси қуғын-сүргін кезеңінде туған жерінен тысқары өлкелерде жапа шегіп, мүрделері қайда қалғаны беймәлім бауырлары жайлы мәлімет-деректер жинастыру мен қорымдарын табуды мақсат тұтқан литвалық «Сібір миссиясы» экспедициясы кезінде тұтқындар мекені – «Степлаг» орналасқан Жезқазған қаласына келді.

«Сібір миссиясы» жобасы 2006 жылдан бастап жұмысын бастады. Алғашқы жорықтарын Сібір бағытында жасаған топ кейінгі жылдары Қазақстанға бет бұрыпты. Бұған дейінгі жұмыс нәтижелері мен алдағы мақсаттары туралы экспедиция жетекшісі Арнольдас Фокас пен профессор, сәулетші Альгис Вишнюнас әңгімелеп берді. Ізгі ниетті іске кіріскеннен бері олар Ресей, Қазақстан және Тәжікстан аумағынан 150 литвалықтың жерленген жерін тауыпты. Марқұмдардың бейіттерін ретке келтіріп, белгітастар орнатыпты.

Кеңес Одағы аумағындағы мұқым елдің басына қасірет бұлты төнген шақтарда қазақстандық лагерлерде жиырма мыңнан астам литвалық саяси тұтқын болған деген дерек бар. Олардың көбінің тағдыр талайы белгісіз. Алайда, қамау-қапастан босағаннан кейін қазақ даласында тірлігін жалғастырып, ұрпақтары өсіп-өнгендері де аз емес.

Мысты өңірге сапары барысында экспедиция мүшелері Кеңгір мемориалында болып, құрбандар рухына тағзым етті. Жезқазған және Сәтбаев қалаларының іргелеріндегі және Жезқазған кенті маңындағы қорымдарда іздестіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде 10 литвалық азаматтың жерленген орындары табылып, қоршаулары жөнделді, белгітастар қойылды.

Альгис Вишнюнас бұған дейінгі жүргізілген жұмыстардың қорытынды есебі ретінде «Литовцы в КарЛаге» атты зерттеу кітабын жарыққа шығарыпты. Профессор кітабының екінші томын алдағы жылы аталып өтетін Кеңгір көтерілісінің 65 жылдығына арнамақшы.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button