Шырша тойы – шаттыққа толы

     Дүйсенбі күні К.Станиславский атындағы театрда Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан ӘУБӘКІРОВТІҢ қатысуымен жыл сайынғы қайырымдылық шыршасы өтті.

    Жаңажылдық шыршаға мүмкіндігі шектеулі және аз қамтылған, сондай-ақ, көпбалалы отбасылардан 200 бала қатысты. Мектеп оқушылары да қамтылды.

   Қала әкімі бүлдіршіндерді келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Мерекелік қойылым­да балалар «Шырша» әнін шыр­қады. Бүлдіршіндердің тілектерін орындап, сыйлық үлестіруге Аяз ата және Ақшақар келсе, сондай-ақ, ертегі кейіпкерлері де мейрамға арналған кештен табылды. Салтанатты шараның негізгі кейіпкерлері кештің көрігін қыздырып, ата-аналардың жүрегіне қуаныш сезімін ұялатты.

   Кішкентай көрермендер үшін дайындалған театрландырылған қойылымдар оларды ертегі еліне шақырды. Балалардың жүздеріне күлкі мен шаттық ұялап, олар жасыл шыршаның жанында бірлесіп ән шырқады. Ертегі кейіпкерлерін сағына күткен балалар мерекелік тақпақтарды айтып, сыйлыққа кенелді.

   Мерекелік кеш соңында әр балаға сөмке толы ойыншықтар мен тәтті сыйлықтар табыс етілді. Кешке жиналған ұстаздар: «Оқушылар шырша тойына асыққан еді. Ерекше ұйымдастырылған қойылым олардың көңілінен шықты. Салтанатты кеште өнерге жақын өрендердің көңіл-күйі көтерілді»,– дейді.

Аяулым СОВЕТ

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.