Шығыстың бұлбұлы
Күләш Бәйсейітованың дүние есігін ашқанына 2022 жылы 110, бақилық сапарға аттанғанына 65 жыл толған еді. 110 жылдық мерейлі жасы салтанатты түрде туған жері Ақтоғай ауданында аталып өтілмеді. Неге екенін білмеймін. Рухы асқақ жандарды қадірлеу арқылы ел мерейінің өсетінін басшы азаматтар түсінбеді ме екен? Ұмытқандарымызды бір мезгіл еске түсіру мақсатымен Күләш жайлы тың деректі өзек еткен жазбаны ұсынып отырмын.
Оның өмірі мен өнері – егіз. Бұларды бір-бірінен ажырата қарап, сабақтау тіпті де мүмкін емес сияқты. Өйткені, оның шығармашылық жолы тым ерте, балауса балғын шағында өз отбасынан бастау алған. Тума талант, табиғи дарынының өшіп қалмай, біртіндеп өнер құпиясын меңгеруіне, талпыныс жасап, қанат қағуына әкесі Жасын мен оның туған інісі Айтбектің септігі тиіпті. Айтбек тек Күләшқа ғана қамқорлық жасаумен шектелмей, Манарбектің де өнер аспанына қалықтай көтерілуіне бірден-бір себепкер болған адам екен. Күләш ес біліп, мектеп табалдырығын аттаған соң, оның бойындағы ерекшеліктерін танып, қамқорлық жасаған екінші ұясы – ұстаздары болғанын, олардың есімдерін білмесек те, еңбектерін бүгінгі күні ризашылықпен еске алған орынды. Өйткені, олар – ақүрпек балапанның ұядан қияға көтерілуіне тікелей себепші болған жандар. Бұдан кейінгі кезеңдерде Алматыдағы мәдени-әдеби ортадағы өнер жанашырларының, қайраткерлерінің қолдау-қуаттауы және өзінің талмай еңбектенуі оны үлкен өнер жолына алып шықты.
Ресми деректер Күләштің шығармашылық жолын 1930 жылы қазақ драма театрының труппасына қабылданған кезеңінен бастап, 1934 жылы қазақтың бүгінгі Абай атындағы опера және балет театрына ауысқан тұсымен байланыстырады. Осы тұстарда драмалық рольдерде ойнағанынан деректер айтылады. Бірақ, әнші-орындаушы ретіндегі еңбектері ескеріле қоймапты. Оған сол жылдары тараған: «Күләштің әкесі бұрын бай болған екен. Бойтасалау мақсатымен Алматы маңына Арқадан қашып, көшіп келіпті» деген өсек сөздер себеп болса керек. Осыған орай сол кездегі өнер зерттеушілері сақтықпен Күләштің әнші ретіндегі табыстарын қағаз бетіне толық түсірмеген сыңайлы.
Дей тұрғанмен, оның театрға келгенге дейін де өнер ордасына әншілігімен танылуы – дау туғызбайтын шындық. Ол аздаған жылдар көлемінде «СССР Халық артисі» деген өте жоғары құрметті атақты иеленді. Сол үлкен театр сахнасында Күләштің бейнесін көріп, даусын естіген Иосиф Сталиннің аузынан «Шығыстың бұлбұлы» деген баға берілді. Қазірде «Күләш кім?» десек, «Шығыстың бұлбұлы» дейміз.
Ол 1930 жылы қазақтың тұңғыш драмалық театрының труппасына қабылданғанмен, бірер жыл мөлшерінде әнші-артистік үздік шеберлігімен көрініп, драмалық бейнелерді еш қиыншылықсыз меңгеріп кете алатын дарындылығына орай, театрдың белді артистерінің қатарынан орын алды. Сол жылдары Б.Майлиннің «Майдан» пьесасындағы Гүлім, Гогольдің «Үйлену тойында» Агадияны сәтті сомдады. Көп кешікпей ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебегінде» Еңлік бейнесін асқан шеберлікпен орындап, жоғары баға алады.
1933 жылы жаңадан ашылған музыкалық студияға қабылданды. Келер жылы шымылдығын М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» атты музыкалық комедиясымен ашқанда, Күләш Айман бейнесінде ойнады. Осы жолы небір қиын-қыстау кезінде ар-намысын, жеке басының тағдырын қорғай білген парасат иесі Айманның кескін-келбетін, характерлік ерекшеліктерін үлкен шеберлікпен тұлғалады. Осыдан соң сахнада жарқырай көрінген бақытты ғұмыры басталып, жарқ-жұрқ еткен табиғи сұлулығымен қабат Алла Тағала өзіне ғана дарытқан лирикалық колоратуралық сопрано дауысы қосылып, шығармашылық жағынан самғай ұшып, шарықтай көтерілу кезеңіне жол ашылды.
Күләш жасаған опералық бейнелер қазақ сахнасының одан соң шыққан әнші-артистері, кейіннен әрқайсысы бір-бір жұлдызға айналған Шабал Бейсекова мен Роза Жаманова, т.б. үшін өнер мектебіне айналды. Ұлы суреткер қазақ опера театрының сахнасында өскен ортасы, заманы, салт-дәстүрі, бір-бірінен шалғай тағдыры мен мінезі бар, түр-тұлғасы да ұқсамайтын алуан түрлі характерлер құрайтын жанды бейнелер галереясын жасады.
Кейінгі толқынға беймәлім Күләш ғұмыр кешкен ХХ ғасыр оқиғалары сол тұста бүгінгі заман кезеңі деп саналатын. Ол соған орай, өз заманы көтерген тақырыпта да, кезігетін замандастарының да кейпін сахна төріне шығарды. Атап айтсақ, Е.Брусиловский мен М.Төлебаевтың «Алтын сақасында» Айшаны, «Гвардия, алға» партизан қызы Сайраның, «Аманкелдіде» батырдың жары Банудың, «Төлеген Тоқтаровта» орыстың батыр қызы Любаның бейнелерін тудырды.
Орыс және Батыс Еуропа классиктері операларын қазақтың ұлттық театрының сахнасына шығаруда Күләш өзінің орындаушылық өнерімен де, қайраткерлік ісімен де үлкен үлес қоса білді. Ол Пуччинидің «Чио-Чио-сан» операсында Баттерфляйдің, Чайковскийдің «Евгений Онегинінде» Татьянаның, Рубинштейннің «Демосында» Тамараның партияларын қазақ тілінде тұңғыш сайратты. Грузин композиторы Палиашвилидің «Дамси» операсында ару Маро мен татар операсы «Алтыншаштағы» Алтыншашты сахнаға шығарды.
Бергенінен берері көп аяулы апамыз 23 жыл ішінде өзі еңбек еткен алтын босағасы, қазақ мәдениетінің қарашаңырағы саналатын Абай атындағы опера және балет театрының сахнасында бір-біріне ұқсамайтын қилы тағдырлар шежіресін қалдырып кетті.
Мен тоқталып өткен осы жайттар – Күләш апамыздың басып өткен баспалдақтарындағы сүрлеу-соқпақ ізінен келтірілген шағын деректер ғана. Бұл деректерде қоғамдық қызметі, әріптестерімен жасаған қарым-қатынасы, көзқарасы қамтыла қоймады. Солай десек те, осы шағын деректер оның өмірі мен өнерінің егіз екенін айғақтайды.
Қорыта келе, көзі жұмылғанша еліне қалтқысыз қызмет жасап, ұмыт болмайтын, халықтық қазынаға айналған рухани азық, сарқылмайтын мол байлық қалдырып, адамзаттық құндылықтарға зор үлес қосып кеткен аяулы апамыздың есімі ғасырдан-ғасырға ұласып, жаңғыра, жасара береді демекпін.
Асылдың – сынығы, жақсының – сарқытындай болып елес беретін эпостық ұғымда айтсақ, тар құрсағын кеңейтіп, тас емшегін жібіткен Күләш апамыздан қалған жалғыз тұяқ – Қарлығаш Қанабекқызы. Ол – Күләш апамыздың сіңлісі Рыстайдан туған Раушан қарындасымыз. Раушан Рыстайдан туады. Дегенмен, Күләш апамыздың бауырында өсіп, «Елік» сүтінен мол қорек алған, тәлім-тәрбиесін көрген жан. Жастайынан өзі «Мама» деп атаған Күләш әпкесінің жолын қуған өнерпаз. Ері Базарғали Жаманбеков екеуі де аналарының алтын босағасы саналатын опера және балет театрында қызмет етті. Қазақстанның Халық артистері атанды. Жасынның екінші әйелі Төлжігіттен туатын Хамзаның бәйбішесі Ақжігіт Әбіжанқызы анамыз көп жылдар бойы Балқашта тұрды. Хамзаның ұлы Әмза осы Ақжігіттен туған. Ұрпақтары бар.
Аманкелді ТУҒАНБАЙ,
нарманбеттанушы.