Басты тақырыпТарих

Шыңғыс әулеті және Қазақ мемлекеттілігі

Қазақ хандығының дәстүрлі билеуші династиясы – Шыңғыс ханның тұқымдары туралы айтылып, сұлтандар тарихынан сыр шертетін болсақ, моңғол империясының бір ұлысы Жошы иелігінен бастап, оның ыдырауына дейін және орнына пайда болған ірі ұлыстардың бірі – Қазақ хандығының құрылуынан құлдырауына дейінгі аралықтағы саяси билік ахуалын айналып өту мүмкін емес. Төмендегі мақала осы және де басқа мәселелерді қамти отырып, қазақ сұлтандары тарихының негізін баян етеді. Алаштың ақ туын көтерген ұлт көсемі – Әлихан БӨКЕЙХАННЫҢ 150 жылдық мерейтойы қарсаңында аталмыш мақаланы назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.

Бірнеше адам далада бас қосса, арасынан жөн-жосық, жол білетіні қалғандарын соңынан ертіп лидерге өзінен-өзі айналып шыға келеді. Ал, үлкен қауым арасында ондай жол табатын адамның саны көп болғандықтан, көшбасшылыққа баршаның көңілінен шығып, сыннан сүрінбей өткен адам ғана таңдалатын. Ондай көшбасшы қауымдардың басын қосып мемлекеттің негізін қалай алса, ұрпақтары әкесінің тағына отырып билеуші әулеттің династиясы қалыптасып жатады. Әкеден жетім қалып, жапан далада жалғыздан жалғыз анасы мен бауырларын асырап аяғынан тұрғызудан бастап, ел қатарына қосылып, бір тайпа жұртты аузына қаратып қана қоймай, шашыраған ру-тайпалардың біріктіріп жаңа мемлекетті тудырып, оны империяға айналдырған Шыңғыс ханның ұрпақтары Еуразия кеңістігінде көптеген елдердің дәстүрлі билеуші әулеттеріне айналды. Соның ішінде қазақ халқының 700 жылға жуық тарихы осы Шыңғыс әулетімен тікелей байланысты. Моңғол-түркі тайпаларынан құралған қазақ халқының ата-бабаларының басым көпшілігі империя құрылғанда, Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы ханның ұлысының негізгі жұртына айналды. Сондықтан, қазақ халқының Шыңғыс тұқымымен байланысты тарихы Жошы ұлысы тұсында және оның ыдырап орнына орныққан Қазақ хандығы кезінде­гі екі үлкен кезеңге қатысты қарастырылуы тиіс. Ұлық Ұлысты немесе Жошы ұлысын (сыртқы деректерде Алтын Орда) Жошы ханның ұлдары мен немере-шөберелері, күйеу балалары мен басқа туыстары Шыңғыс ханның жасақ заңына сүйеніп, ағалық-інілік жолмен бірнеше ұлыстарға бөліп басқарды. Зерттеушілер Бату заманында 19 ұлыс болды десе, әр ұлыста 4 рудан болатынын ескеріп, Өзбек ханның заманында «92 баулы өзбек» барлығы 23 ұлыстың болғаны жазылып жүр. Осыған сәйкес ұлыс билеуші жошылықтың жанында әр рудың басшысы тұрды. Бұл басқарудың «бір ұлыс билеуші жошылық пен төрт қараша бек, яғни төрт би» жүйесі. Жошы тұқымы ұлысты төрт биге сүйеніп басқарғанымен, олардың билігі бағыныштыларына абсолютті болатын. Себебі, хан мен ұлыс билеуші Шыңғыс тұқымдары оларға тиесілі халықтың да, олардың малына да, дүние-мүлкіне де, жайылым жерлерге де барлығына қожайын еді. Өзбек хан (1313-1341 ж.) таққа отырып, Жошы тұқымдарынан екі әулеттен басқасын түгел қият Исатайға қосын етіп беріп, биліктен шеттетті. Осылайша, Өзбек ханның реформасы Жошы ұлысының басым көпшілігін (ұлыстарын) билердің қолына жұмылдырды. Ислам дінін мемлекеттік дін етіп жариялап, Шыңғыс ханның жасақ заңын шет қалдырып, шариғатты енгізді. Өзбек ханның немересі Бердібек хан 1359 жылы (кей деректерде 1360 жыл) дүниеден өткенде елде дүрбелең заман басталды. Исатайдың әулетіне қосын болған Жошы тұқымдары бас көтеріп, байырғы жұртын қайтарып, ұлыстарын қалпына келтіру үшін күрес жүргізді. Ұлыстарды қолында ұстаған билер жошылықтарды билеуші етіп қабылдағанымен, тізгінді толық бере қоймады. Олардың кейбірі жошылықпен билікті бөліскенімен ханның билігін шектеп тұрды. Мысалы, Едіге би туралы «Оның тұсында Сұлтандардың аты болмаса, олардың ешқандай маңызы болмады» деген сөз қалыпты. Юлай Шамилоглу: «Төрт бидің ортақ билігі басымдыққа ие болды» деп жазды. Төрт қараша би «мемлекеттік кеңесті» құрап ханды сайлау, орнынан түсіру, мемлекеттің әскери және сыртқы істері сияқты маңызды міндеттер солардың қолында болды. Олардың келісімінсіз ханның ешбір декретінің күші болмады. Осы Едігенің әкесі Құтлық Қия Түркістан мен Қаратау аймағында үлкен ықпалды тұлға болса керек, Орыс хан оны өлтіріп тынады. Орыс ханның ұлы Құйыршық хан Құтлық-Қияның ұлы Едіге бимен татуласуға тырысты. Құйыршық ханның ұлы Барақ хан Едігенің ұлы Мансур бидің көмегіне зәру болғанымен, артынша оның көзін құртты. Өзі де Мансур бидің бауырлары Қазы мен Наурызбен болған соғыста шейіт болды. Осылай Жошы тұқымдары мен билердің арасында тартыс жүріп жатқанымен, әрбір ұлысты бірі хан, бірі би болып басқарды. Ұлық Ұлыстағы «бір билеуші, төрт қараша бек» басқару жүйесінің орнын енді «бір билеуші, бір бек» дәстүрі алмастырды. Аңыз бойынша қазақтың алғашқы билеушісі Алаша хан қоластындағыларды Алаш би арқылы басқарғаны да осыны айғақтайды. Орыс ханды көп ұлыстың ішінен таңдап мысалға келтіріп отырғанымыз, дәл осы Орыс ханның қолы жетіп, Алатау жерінде құрған ұлысы болашақ Қазақ хандығының қағылған қазығы еді. Орыс ханның шөберелері Жәнібек хан мен Керей хан атасының ұлысын кеңейтіп, байырғы Жошы ұлысының негізгі бөлігін өздеріне қаратып, көрші ұлыстар мойындаған Қазақ хандығының іргесін қалаушылар болды. Демек, қазақ мемлекетінің хандық болып қалыптасқанға дейінгі ең алғашқы кезеңі Орыс ханнан бастап Жәнібек пен Керей хандарға дейінгі заманмен аяқталады. Қазақ хандығы тарихындағы жаңа екінші кезеңнің басталуы хандық құрылғанымен ғана емес, кешегі «бір хан, бір би» басқару жүйесіне өзгерту енгізіліп, билердің билігі шектелгені­мен ерекшеленеді. Жәнібек хан мен Керей хан, Бұрындық хан мен Қасым сұлтан, Қасым хан мен Қамбар сұлтан есімдерінің қатар аталуы осы ойымызды дәлелдейді. Аңыз әңгімелерден Жәнібек ханның жанында Жиренше шешен, Мұса би, Асан қайғы сияқты бедел иелері болып, соңында Жәнібек ханмен араздасып Асан қайғы одан бөлініп кеткен. Жәнібек ханның кеңесшісі Асан қайғының кеңесіне құлақ түрмеуі Жошы тұқымдарының ел басқару ісінде билердің көмегінсіз жеке тәуелсіз шешім шығаратындай дәрежедегі билікке жеткенін білдіреді. Қазақ хандығының шарықтау шыңына жеткен заман сөзсіз Қасым ханның заманы. Ол қазақ хандығын дәл Жошы ұлысының заманындай күшті дәрежеге жеткізе қоймағанымен соған жақын шамаға көтергені сөзсіз. Мәуреннахр жерінде Жошы ханның тұқымы Мұхаммед Шейбани хан ақсақ Темір бидің ұрпақтарын қуып шығу мақсатында соғыстар жүргізіп жатып Қасым ханды «Шыңғыс ханнан қалған тақтың күн дидарлы мұрагері» деп тануы бекер емес. Сол заманда Шыңғыс хан тұқымдарының ішінде әлемде оған теңесетін билеуші болмағаны да рас. Оның билігінің күшеюінің басты себебі хандықтың билігі толық Жәнібек ханның үйіне өтіп, Қасым хан аға болып, бауырларына ұлыстарды бөліп беріп, Шыңғыс хан дәуіріндегі елді басқару жүйесін қайта орната алды. Оның жүргізген реформасы сәтті нәтиже көрсетті. Ел оның реформасын «Қасым ханның қасқа жолы» деп атады. Хандықты он ұлысқа бөліп басқарды. Ибн Рузбихан 1509 жылғы жазбасында қазақ сұлтандары жайлы: «…Әрбір танымал ұлысты басқаратын Шыңғыс хан ұрпақтарынан тараған сұлтандары бар, олар шексіз билікке ие…» деп қалам тартқан. Оларды басқарған ұлы ханға бағынышты келте (кіші) хандар да осы кезде пайда болды деп есептейміз. Жәнібек ханның ұлдары Қасым, Жәдік, Үсек үшеуінің де хандық атағы болды. Қасым хан дүниеден өткеннен кейінгі заманда Мамаш (1518-1523 ж.ж.), Таһир (1523-1533 ж.ж.), Бұйдаш (1533-1534 ж.ж.), Ахмет (1533-1538 ж.ж.), Тоғым, Хақназар (1538-1580 ж.ж.), Тәуекел (1580-1598 ж.ж.) сынды қазақ хандары бірін-бірі алмастырды. Олар ел іргесін қорғаумен қатар, бақталастыққа да жол беріп алды. Қырық жыл ел тізгінін ұстаған Хақназар ханның өзі де өзара қырқыстың құрбаны болды. Ал, Тәуекел ханның ізімен Есім хан билікке келгенде Тұрсын хан, Батыр хан, қарақалпақта Абдолла сияқты тағы басқа да мықты билеушілер бір уақытта ел басқарды. Әсте, бұл билеушілер кіші хандар лауазымының иелері болса керек. Қазақ елін паналап, Түркістандағы Есім ханға келген Хиуа ханы Әбілғазы баһадурдің жазуынша, Ташкенді билеуші Тұрсын ханды «хандардың үлкені» дейді. Олай дейтініміз оң қанаттың дәрежесі сол қанаттан төмен болуы әдеттегі жағдай. Оң қанаттың басқарушысы Тұрсын хан сол қанаттағы Есім ханға бағынғысы келмей арасында соғыс оты тұтанды. Ақыры 1627 жылы Тұрсын хан өлтірілді. Тұрсын хан берген антын бұзып, осылайша Құдайдың қаһарына ұшырағандығын ел бүгінге дейін аңызбен айтады. Есім хан билігін нығайту мақсатында Қасым ханның қасқа жолына толықтырулар енгізіп, келесі реформаның авторы атанды. Бұл заңдар жинағы бізге «Есім ханның ескі жолы» атымен мәлім. Оның реформасындағы ең үлкен өзгеріс Тұрсын ханға бағынышты болған оң қанатты құраған қатаған елі қырғынға ұшырап жан-жаққа бытырады. Тұрсын ханнан бөлек алаштың басқа ұлыстарын билеп өздерін тәуелсіз сезіне бастаған сұлтандарды да Есім хан өзіне бағындырған сыңайлы. Осы себепті жүз жыл шамасы өткенде Қазыбек би «Бүтін билікке Төле жеткен, бүтін хандыққа Есім жеткен» деп оның еңбегін бірлік пен елдікке жетудің үлгісі ретінде мойындағанын көреміз.

Алайда, Есім ханның кейін таққа отырған Жәңгір хан (1628-1645 ж.ж.), Жәнібек хан (1645-1680 ж.ж.), Тәуке хан (1680-1715 ж.ж.) замандары жоңғар-қалмақтармен арасында аз үзілістермен толассыз соғыстар жүрді. ХVII ғасырдың соғысы сұлтандар әулетіне де қасірет әкелді. Әрбір сұлтан қолбасшы ретінде өз ұлысының әскерін бастап алдыңғы шептерде ұрысты. Жәнібектің 1680 жылдың басында ойраттармен соғыстың бірінде жекпе-жекте шейіт болуының өзі хан тұқымдарының қаншалықты ауыр жағдайға тап болғанын көрсетеді. Әулеттің саны сиреп саусақпен санарлық күнге тап болды. Шежірелік деректерге үңілсек, біз қарастырып отырған кезеңде хан тұқымдарының тым аз екендігіне көз жеткіземіз. Сұлтанның ізін басатын сұлтан қалмай немесе тым жас болғандықтан ұлыстардың тізгінін билер ұстауға мәжбүр болды. Әскер басшылық қызметті де шайқаста тәжірибесі мол батырлар атқара бастады. Билер мен батырлар ортайған сұлтандардың міндетін алып, олардың орындарына келді. Әскери биліктің де, әкімшілік биліктің де көп бөлігін осы аталған топтардың қолына шоғырлануына жол ашылды. Сұлтандар әулетіне саяси биліктің алаңында бәсекелестер пайда болды. Осылайша, соғыстың салдарынан Қасым хан мен Есім хан құрған елді басқару жүйесінің тәртібі бұзылды. Кешегі сұлтандарға бағынған ұлыстардың құрамындағы жұрттың тізгіні рубасылардың қолында қалып, емін-еркін көшетін заман туды. Тәуке ханның билік құрған кезеңінің алғашқы жылдарындағы, яғни, 1690 жылдары қазақтар туралы неміс зерттеушісі Н.Вит­сеннің (сол заманның өкілі): «Қазақ жерін мекендейтін адамдар – еркін адамдар, олар қайда барамын десе де өз еріктерінде, және ешкімнің билігін мойындамайды» деп нақты мәлімет берген. Қазақтың «бас-басына би болып» деген заман суреттемесі осы уақытқа арнап айтылған сияқты. Қараша халықтың текті ұлдарының Сұлтандардан басымдығы байқалған болу керек, Тәуке ханның еріксіз билер мен батырларға сүйенбеске шарасы қалмаған сынды. Тәуке ханның қанжығалы Ақша батырды 80 000 әскерге, яғни күллі қазақ армиясына бас қолбасшы етіп тағайындауы осыған дәлел. Тәуке ханның тұсында Билер Кеңесінің құрылып, жалпы қырық рудан құралған қырық бидің ішінде Ұлы жүзден Төле би (1663-1756 ж.ж.), Орта жүзден Қазыбек би (1665-1765 ж.ж.), Кіші жүзден Әйтеке би (1644-1731 ж.ж.) жылдан кейін) Төбе Билер болып сайланғанын білеміз. Елді басқаруға ыңғайлап әкімшілік территорияларға қайта орналастыруды қолға алғанда осы кісілердің кеңесімен жүзеге асқан сияқты. Бізге белгілісі, хан Кіші жүз құрамындағы Әлімұлы мен Байұлы бірлестіктерінің қатарына жетіру бірлестігін жарақтап енгізді. Есім хан өлгелі жарты ғасырдан аса уақыт өтіп, «елу жылда ел жаңа» демекші, халықтың тұрмыс-тіршілігіне, болмысына сай жаңа заңдар дүниеге келді. Әсіресе, ел басқару жүйесінде біз жоғарыда айтқандай үлкен бетбұрыстық жағдайда бұл аса қажет еді. Есім ханның заңдары жинағына көп өзгерістер енбесе «Есім ханның ескі жолы» демес еді ел. Тәуке ханның әйгілі «Жеті жарғы» заңдар жинағы аталған билердің қатысуымен осындай себептермен дүниеге келген. Ұлы ханның биліктің орта буыны батырлар мен билерге, рубасыларға сүйенуі – біртіндеп сұлтандар билігінің әлсіреуіне әкелді. Олар потестарлық билік өкілдерінің ықпалына түсіп, оларға тәуелді бола бастады. Олай дейтініміз, ұлыс билеген кіші хандар мен сұлтандар қарамағындағы жұрттың батырлары мен билерінің шешімдерінен шыға алмай қалатыны сөзсіз. Сонда «төреміз бар» дегені болмаса, негізгі билікті батырлар мен билер ұстап отырды десек те қателеспейміз. Сұлтандардың мүлдем әлсіреп елге ықпал ете алмай қалған сәті болса керек, Қожаберген жыраудың сөзіне сенсек, Кіші жүздің бас биі Әйтеке Шыңғыс ұрпақтарынан емес, енді ханды қарадан сайлау мәселесін төтесінен қойыпты. Алайда, ортаға тасталған бұл мәселені талқылау барысында-ақ, өзара келісе алмай араздасып қазанның беті жабулы күйінше қалған. Қалай десек те, Тәуке хан 1715 жылы бақилық болған соң, ұлы хандықтың аты болмаса, бір орталыққа бағынған мемлекеттіліктің аяғы сұйылды, халықтан бірлік кетіп, үш жүз жеке дербес хандыққа ұмтылды. Ақыры кейін ХІХ ғасырда қазақ толығымен Ресей империясының отарына айналғанда, ел аузында ақыл мен парасатына сай «Әз» атанған Тәуке ханның билігі «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған» заман болып есте қалғанына қарамастан, Бөкей Ордасының билеушісі Жәңгір ханның тұжырымы болу керек, оның жанындағы мешіт имамы Салохаддин молла Шарафиддинұлы: «Қазақияны үшке бөліп Ұлы жүзге Төле биді, орта жүзге Қазыбек биді кіші жүзге Әйтеке биді бекітіп, өз еліне теріс үкім қылды» деп Тәуке ханның реформасына деген көзқарасын білдіреді. Шындығында да бұл жүйенің идеалды еместігін көрсетсе керек, қазақ-жоңғар шапқыншылығына ұшырап, 1723 жылғы ең зор алапат тарихта «Ақтабан шұбырынды» атымен қалды. Негізгі биліктің иелері билер амалсыздан соғыс істерінде сұлтандарға арқа сүйеуді жөн көрді. 1726 жылы Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің қатысуымен қазақтың жақсылары жиналған кездесуде бас қолбасшылықты Әбілқайыр ханға сеніп тапсырып, шайқастарда, соның ішінде 1729 жылы Аңырақай жерінде, 1730 жылы Алакөлдегі Итішпес жерінде қазақ ірі жеңістерге қол жеткізді. Сұлтандар әскери істе елдің үмітін ақтап, ерліктерімен түгел «батыр» атанып, халықтың көзайымына айнала алды. Сол замандағы кез келген қазақ хандары мен сұлтандарының мөрлерінің жазуына үңілсек, «баһадүр» атағын оқитынымыз біздің ойды тағы дәлелдейді. Сөйте тұра, үш жүз хан-сұлтандарының билігі билер мен ірі рубасыларға байлаулы еді. Қазақ даласы батырлар алқабына айналғанына қарамастан, жауларына ұзақ төтеп бере алмайтынын болжай алған билеушілер Ресей империясының қамқорына өтуді жөн көрді. Әбілқайыр ханның мәліметі бойынша, қазаққа шығыстан төнген жоңғардан бөлек, батыстан қалмақтар, солтүстіктен башқұрттар, оңтүстіктен Орта Азия хандықтары жасаған шапқыншылықтар орасан зор зиян келтірді. Оның мәліметіне Бөгенбай батырдың: «Біз тазы иттерден қашқан қояндай қалмақтардан, башқұрттардан, Сібір және Жайық казактарынан қашудамыз» дегенін қосамыз. Алдымен Кіші жүз, сосын Орта жүз, соңында Ұлы жүз хан-сұлтандары мен би-батырлары бастаған қазақ елі Ресейдің протекциясына өтті. Бұл өз кезегінде орталық биліктің тым әлсіреуін, яғни ұлы хан дәрежесінің номиналды болуы мен үш жүз билеушілерінің дербес бір-біріне тәуелсіз әрекет етіп отырғандығын көрсетеді. Қазақ хандығының ең жоғарғы билік өкілдері хандар мен сұлтандардың әрекеттері рубасылардың (билер мен батырлар) даусына байлаулы екендігін орыстар өте жақсы білді. 1731 жылғы орыс елшісі Тевкелев жазбасында «Ертеден-ақ хандардың старшындармен (рубасылар – А.А.) кеңеспей әрекет ете алмайтын дәстүрі бар» десе, 1734 жылдың мамыр айында Орынбор экспедициясының басшысы И.Кирилловтың патшайым Аннаға жазған мәлімдемесінде үш жүз хандарының билігінен олардың старшындарының, яғни рубасыларының ықпалы мықты екенін және олардың хандардың күшейіп кетпеуін үнемі бақылап отыратындығын жазған екен. Ресей қазаққа қамқоршы емес, оларды отарлау саясатын жүзеге асыруды ойлады. Н.Бекмаханова өзінің зерттеуінде «Патша үкіметі XVIII ғасырдың ортасында ақсүйектердің елдегі привилигиясын (айрықша жағдайдағы құқығын – А.А.) жойып, оларды ел басқарудан аластатуды мақсат етті. Сөйтіп, ру басыларды қолдап ақсүйектерге қарсы қойды» деген тұжырым жасаған. Ал, астыртын көздеген отарлау саясатын жүзеге асыра отырып, сұлтандарды жылына ақша төлеп Ресей шенеунігіне айналдыру жұмыстарын ашықтан ашық жүргізді. Мысалы, Нұралы хан 600 рубль, Ералы сұлтан 350 рубль, Досалы сұлтан 150 рубль, Барақ сұлтан 1750 жылы өлгенге дейін 200 рубль алып отырса, Абылай ханға 300 рубль ақша төленіп тұрды. Қазақ сұлтандары орыстың пиғылын білмеді деп айта алмаймыз. Олар керісінше Шыңғыс әулетінің билігін күшейтуге астыртын әрекет жасады. Нақты 1757-1758 жылдары жоңғар факторының қауіпі жойылғанда мақсатты түрде қолға алынған деп айтуға болады. Бұл жолы сұлтандардың билігін күшейтуде Орта жүздегі Абылай сұлтанның рөлі ерекше болған. ХІХ ғасырда Шоқан Уәлиханов былай дейді: «Сұлтандар соңғы кездегі маңыздылыққа ие болып жүргені үшін Абылай ханға қарыздар, ол бірнеше рет қаруланып қарсы шыққан халық жасақтарын талқандады, сөйтіп шектеулі билікті (яғни, хан мен сұлтандардың шектеулі билігін – А.А.) жойып, ордаға нық орнығып алды да, бірінші болып шексіз билікке қол жеткізді және бұрын халықтың қолында болған (билердің қолында дегені ғой – А.А. ) өлім жазасына кесу құқығына ие болды». Қосымша дәлел келтірсек, Кіші жүз билеушісі Нұралы хан дәл осы жылдары билерді биліктен ығыстырып, сұлтандарды алға шығарған екен. Бұл жайында Сырым батыр туралы деректерде айтылады. Ресей үкіметі қазақ даласын отарлаудағы саясатына сұлтандар институтының күшеюі кедергі келтіре бастағанын байқаған. Сол себепті 1775-1780 жылдары аралығында ІІ Екатерина патшайымның Орынбор губернаторына жазған құпия жарлығы шықты:

1) Қырғыз-қазақ халқының бір ру басшыларын екінші ру басшыларына араз етіп, бірі менен бірін қас етіп, бірінің етін бірі жеуге себеп болыңыз;

2) Сұлтандардың бірі менен бірін қас етіп, бірінің етін жеуге себеп болардай іс қылыңыз;

3) Қырғыз-қазақтың басшы адамдарын сұлтандармен араз қылып, сұлтандардың өз қоластындағы ақсақал адамдарымен араз қылыңыз. Арасына от түскен уақытта жанып кетердей көкір-сөкір даярлай беріңіз…. Өз-өздері қырықпышақ болып, қырқысып, жеңілген жағы жеңген жағынан өш алар үшін Ресей патшалығына жақындап, қорған іздер. Сол уақытта Ресей үкіметі араларына төре болып, ретіне қарай екі жағын кезектеп қуаттап тұру керек. Түрлі амалменен сұлтандардың күшін кетірсек, өзімізден озып ешқайда кете алмас. Келетін, кететін жері өзіміз болып, тілегімізше қақпалап жортамыз. Ұлы жүз бен Орта жүзге билігі жүрген Абылай хан (орыстың құжаттарына сүйенсек) 1780 жылы у беріліп өлтіріледі. Абылай хан өлімінен соң көп кешікпей 1783 жылы Шығыс Қазақстан территориясында бірінші нөмірлі Әбілпейіз сұлтан қайтыс болса, Орталық Қазақстан өңірінде билік құрған Дайыр хан 1786 жылы өлді. Абылай ханның елшілігін бастаған Жолбарыс сұлтан 1787 жылы дүниеден өтті. Қыпшақты басқарған Сұлтанбет сұлтан 1790 жылы қайтты. Абылай ханға тізгінді бермей жүрген баянауылдық Батыр сұлтан да осылардың соңынан ақтық сапарға аттанды. Кіші жүзде Сырым батыр бастаған қара халық Әбілқайыр ханның тұқымына қарсы көтеріліп, 1785 жылы Айшуақ сұлтан орыстың қамауына түссе, 1786 жылы Нұралы хан Уфаға кетуге мәжбүр болды. Ал, Ералы сұлтан мен Досалы сұлтан бастаған Әбілқайыр тұқымы түгел Сыр бойына көшіп кетеді. Аталған оқиғалардан соң, Ресей отарлау саясатын қандайда бір ауыр кедергісіз жүзеге асыра түсті. Сөйтіп, 1822 жылы М.Сперанскийдің Орта жүзді басқаруға арналған «Сібір қырғыздары туралы» жарғысы жарияланса, 1824 жылы Кіші жүз үшін Орынбор қырғыздарын басқару туралы жарғы да шығарылды. Жарғы бойынша хандық билік жойылып, дала әкімшілік бөліктерге бөлініп басқарылатын болды. Елдің тізгінін аға сұлтандарға беріп, ол да өз кезегінде жоспарлы түрде сұлтандардың лауазымы емес, ресейдің шенеунік лауазымына айналып, аға сұлтандыққа қара қазақ өкілдері де тағайындалатын болды. Орыстың отарлауына қарсы көтерілген бірнеше толқулар орын алғанымен қаһарлы Ресей империясының әскеріне қарсы тұра алмады. Солардың ішінде Саржан мен Есенгелді сұлтандардың басшылығымен жасалған көтеріліс 1824-1836 жылдарды қамтыса, олардың ісін Кенесары хан жалғастырып, отаршыларға қарсы қарулы күрес 1847 жылға дейін созылды. Аталған сұлтандар ақтық демі шыққанша бастарын иген емес. Кенесарының есімі тарихта үш жүздің біршама рулары мойындаған қазақтың соңғы ханы ретінде мәңгілікке таңбаланды. 1867-1869 жылғы реформалар бойынша қазақ даласындағы ұлыстық басқару жүйесі толығымен өзгертіліп, Ресейдің ішкі басқару тәртібімен сәйкес облыстарға, уездерге, болыстарға бөлініп басқарылды. Мұрагерлік жолмен билікті иеленуші сословие ретінде сұлтандардың айрықша құқықтарының жойылып, қалтасы қалың адамдардың бағы жанып, сайлауда жеңіске жететін заман туды. Сөйте тұра жаңа заманның ағысына дағдылана білім алып, үкіметке қызметке кірген қазақтың арасынан ұлттың қамын жейтін жақсылары шықты. Мұндай топтарда кешегі сұлтандар мен билердің, батырлардың, қарапайым қазақтың білімді тұқымдары бірікті. Солардың бірі – Алаш Туын көтерген Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов бастаған зиялы қауымның жолы.

Сонымен, біз жоғарыда айтқандай, Қазақ хандығының билігі дәстүрлі екі топтың – сұлтандар мен билер партияларының қолында ауыспалы басымдықпен өзгеріп отырды. Ресей империясының отаршылдық саясаты хандық билікті жойып, дәстүрлі билік иелерін ығыстырып шығарғанымен, тіпті, олардың дәрежелері мен құқықтарын теңестіргенімен, қастерлі хан тұқымдары, текті сұлтандар сол тең құқықта жүріп-ақ қазақ зиялыларына айналып, Алаш ұранымен жұмыла жүк көтеріп, ұлт мүддесін қорғай алды.

Арман Қиятұлы,

Қазақ сұлтандар институтын

зерттеуші ғалым.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button