Үштөбеде балабақша ашылды
Бұқар жырау ауданы Үштөбе ауылында жергілікті кәсіпкерлер бірқатар әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруда. Ауылда жекеменшік балабақша ашылды. Сонымен қатар, кәсіпкерлер спорт нысандарының құрылысына қаржы салуда. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Аудан әкімі Шагурашид Мамалиновтың айтуынша, бұл – мемлекет пен бизнестің өзара тиімді әріптестігінің жақсы үлгісі.
Елу орындық «Супер Ботақан» балабақшасы бұрынғы тұрғын үй орнында ашылды. Жобаны Арыстан Бердалиев пен Мөлдір Бердалиева жүзеге асыруда. Үй-жайды жөндеуге және қажетті жабдықтарды сатып алуға ерлі-зайыптылар банктен несие алған. Аудандық билік құжаттарды рәсімдеуге көмектескен.
Балабақша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасына енді. Мемлекеттік тапсырыс бойынша шығындарды өтеу үшін аудандық бюджеттен бір бала үшін 30,3 мың теңге төленеді. Субсидияның арқасында балабақшадағы ай сайынғы төлем 9 мың теңгені құрап отыр. Балабақша арқылы ауылдың 12 тұрғыны жұмыспен қамтылды.
– Бүгінгі таңда бизнес өзара тиімді шарттарда әлеуметтік жобаларды іске асыруға қаражат жұмсауда. Өткен жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы бойынша Көкпекті ауылында балабақша ашылған болатын. Енді Үштөбенің кезегі келді. 2020 жылы Ботақара мен Мұстафин кенттерінде, Петровка ауылында жекеменшік мектепке дейінгі мекемелер ашу жоспарда, – дейді Шагурашид Мамалинов. Осылайша, аудандағы балабақша кезегі мәселесі шешілуде.
Сондай-ақ, Үштөбеде жеке инвестициялар есебінен екі спорт кешені салынуда. Олардың біреуі бос тұрған жерде, екіншісі бұрынғы кафеде орналасады. Нысандар ашылғанда ауылдықтар үшін спортпен айналысу қолжетімді бола түспек. Аудандық билік бұл нысандарды мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасына қосуға уәде беріп отыр.
Өз тілшімізден.
БҰҚАР ЖЫРАУ ауданы.