Бас тақырыпБасты тақырып

Қарағанды өнеркәсіптік мамандану бойынша көш бастап тұр

Көмір жаққан жұрт үйіндегі жылудың шарапатын бек сезінеді. Қадірін де жете біледі. Кезінде төрткүл дүниеге қара алтын қорымен мәшһүр болып, «Үшінші қазандық» атанған кеншілер астанасының жергілікті жұрты өткен өрнекті өміріне құрметпен, келер келешегіне зор үмітпен қарайды. Өндірісті өлкенің жаңғырығы сейілмеді. Ертеңгі ересен мүмкіндігін батыл жүзеге асырып жатқан кенішті аймақ болашағына кенеусіз күш сақтап тұр. Ал, қарыштаған экономикалық саясаттың бастауында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың оң ықпалы тұр.

Коллажды жасаған Арайлым Коктаева

Екпін

Бір жағында – Қазақстанның экономикалық қуатын қалыптастырған кеншілердің бірнеше буыны еңбек еткен шахталар, екінші жағында – Қарағандыны инновациялар мен «жасыл» технологиялар хабына айналдыруды көздейтін ауқымды жоспарлар. Өңір алдағы жылдары өндірісті жаңғырту мен жаңа технологияларды енгізуге басымдық бере отырып, 120 инвестициялық жобаны жүзеге асыруды көздеп отыр. Инвестиция көлемі – 1,6 триллион теңге. Металлургия алыбы Qarmet кәсіпорнында көмірге тәуелділікті азайтып, «жасыл» металлургияға көшу мақсатында инновациялар қазірдің өзінде енгізіліп жатыр. Өндірістік белдеуде кремнийлі қорытпалар өндіретін зауыт бой көтерді.

Мұндай жойқын жоба республиканың стратегиялық маңызы бар жаһандық тізбегіндегі орнын нығайта түсуде. Кремний кластерінің көкжиегі кең. Яғни, шикізатты өндіруден бастап, экспортқа дейінгі толық өндірістік желі ұлттық әртараптандыру стратегиясының бір бөлігі ретінде іске асуда.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Биылғы жыл сенсациясы орталық Қазақстанда сирек жер металдарының алып кен орнының ашылуы болды. Қор көлемі 20 миллион тонна деп бағаланып отыр. Дәйекті дерек Қазақстанды Қытай мен Бразилиядан кейін әлемде үшінші орынға шығарады. Неодим, церий, лантан сынды маңызды металдар – электромобильдерге, жел генераторларына және болашақ гаджеттерге аса бір қажет элементтер. Әлемдік БАҚ осы тәрізді аумақты инвестициялық ағындар тоғысатын «жаңа геосаяси эпицентр» деп атап үлгерді. Жаңа жобалардың экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Еуразиялық даму банкі Қарағандыдағы тазарту құрылыстарын жаңғыртуға қомақты қаржы бөлуде.

– Жобаның жүзеге асуына Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүргізіп отырған экономикалық саясаттың тікелей ықпалы бар екенін ерекше атап өткен жөн. Сындарлы саясат инвесторларды қолдауға, олардың құқықтарын қорғауға, әрмен қарай, ұзақ мерзімді инвестициялар үшін ашық әрі болжамды жағдайлар жасауға бағытталған. Дәл осы тұрақтылық пен жүйелілік инвесторларға да, бізге де болашаққа сенім береді. Ірі, жоғары технологиялы бастамаларды іске асыру жөнінде батыл шешімдер қабылдауға мүмкіндік туғызады, – деп пікір қосты «Qaragandy Power Silicon» ЖШС-нің бас директоры Талгат Мақаев.

Теңгерім

Өркениет мүлгімейді. Өлке өрісінің алғы белесін дәлірек бағамдау үдесінде қоңсылас Елордамен салғастыра екшей кеткенді құп көрдік. Қарағанды өндірістік орталық ретінде, ал, Астана саяси әрі инновациялық ел ордасы ретінде дамудың екі полюсін бейнелейді. Қарағанды көмірге, металлургияға және жаңа технологияларға сүйенсе, Астана қызмет көрсету саласына, IT-ға және урбанистикаға басымдық береді. Биылдың бірінші тоқсанында Астанадағы жалпы өңірлік өнім өсімі 11,9% болып, 7,8% көрсеткішпен шектелген Қарағандыны басып озды. Кеншілер астанасы хром мен сирек металдарды қоса алғанда, пайдалы қазбаларды өндіруге бағытталған өнеркәсіптік хаб мәртебесін сақтап отыр. Ал, Елорда қызмет көрсету мен сауда салаларын дамыту арқылы экономиканы әртараптандыруға ден қойған. Жыл басында Қазақстанның жалпы сауда айналымы 7,8% өсіп, көшелі көрсеткішке қос тараптың да сүбелі үлесі аталған.

Қарағанды өнеркәсіптік мамандану бойынша көш бастап тұрғанымен, Астана шетелдік инвестицияларды, соның ішінде, жаһандық хабтарды көбірек тартуда. Әзірше Қазақстан Республикасы аумағындағы геологиялық барлау жұмыстарына салынған инвестиция көлемі 150 миллион АҚШ долларынан асқан. Осы ретте негізгі екпін Қарағанды өңіріне тиесілі. Екі қала да жаңғыртуды қаржыландырып отыр. Бірақ, Астана «ақылды қала» ретінде 2024-2025 жылдар рейтингінде көшбасшы болып тұр. Қарағанды экология мен энергетикаға басымдық береді. Тазарту құрылыстарын жаңғырту және үшінші жылу электр орталығындағы жаңа энергоблок салу сияқты бастамалар оңтайлы іске асырылуда. Астана гидроэнергетика мен білім салаларын дамытуға ден қойды.

2029 жылға қарай Қазақстан Республикасы Ұлттық даму жоспарын жүзеге асыруды көздейді. Оның аясында 1,5 трлн теңге көлемінде 190 өндірістік жоба іске асырылмақ. Қарағанды 120 жобаға (1,6 трлн теңге) басымдық береді. Елорда импорт алмастыруға (67 жоба, 600 млрд теңге) және жаһандық инвестицияларға бағыт ұстап келеді. Ақыр соңында, Астана өсу қарқыны мен инновацияда алда болса, Қарағанды елдің өнеркәсіптік базасын қамтамасыз етіп, аймақтық диспропорцияны азайтады. Осындай синергия Қазақстанды бәсекеге қабілетті мемлекетке айналдырады.

Аңдау

Сонымен, Қарағанды облысының 2026-2030 жылдарға арналған Даму жоспарына, ұлттық стратегиялар мен Дүниежүзілік банк және ACRA сияқты халықаралық ұйымдардың болжамдарына сүйене отырып, өңірде тұрақты экономикалық өсім күтіледі. Қазақстан экономикасының орташа жылдық өсім қарқыны 2026-2028 жылдары 5,3% деңгейінде болжанып отыр. Облыс 2031 жылға дейін 108-120 инвестициялық жобаны іске асыруды жоспарлап отыр. Жалпы инвестиция көлемі сандаған миллиард АҚШ долларын құрайды. Нәтижесінде шамамен 11 мың жаңа жұмыс орны ашылады. 2026 жылға қарай қосымша 29 жобаны іске қосу күтілуде. Бұл тағы 2 500 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Әлеуетті жобалар пулы 55 млрд АҚШ долларына бағаланып отыр. Негізгі басымдық өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталды.

2026-2028 жылдарға арналған үш жылдық бюджет әлеуметтік бағытта қалыптасып, экономиканың өсуі мен халықтың өмір сүру сапасын арттыруды негізгі ұстын ретінде айқындайды. Қазақстанның номиналды ЖІӨ-і 2026 жылғы 183,8 трлн теңгеден 2028 жылы 229,8 трлн теңгеге дейін өседі. Мұншалық өсімге орталық өңір өнеркәсіп секторы арқылы өз салымын қосады. 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспары аясындағы 190 жобаның 120-сын Қарағанды еншілейді. Еуразиялық даму банкі Қазақстанның жаңартылатын энергия көздері саласына 450 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйып үлгерді. Негізгі назар орталық облысқа аударылған. БҰҰ Даму бағдарламасының (UNDP) баламалы сценарийлері өсімді адам капиталы, экология және цифрландыруды дамыту арқылы қамтамасыз етуді көздейді.

«Жасыл» технологияларға көшу – басым бағыт. 2030 жылға қарай көмірге тәуелділікті азайту, тазарту құрылыстарын жаңғырту және жаңа энергия блоктарын салу күтіледі. БҰҰ-мен 2026-2030 жылдарға арналған Sustainable Development Framework аясындағы әріптестік экологиялық қауіпсіздікті және ресурстарға тең қолжетімділікті баса белгілейді. Өңір экологияны бақылауға арналған «ақылды» технологияларды енгізеді. Қарағанды облысындағы табыс деңгейі Қазақстандағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі болып саналады. Азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасы (2020-2025 ж.ж.) өз жалғасын тауып, негізгі назар осал топтарды қолдауға аударылады.

Толас

Өңір – өмір. Ғұмыр бар жерде тұғыр да бар. Келер күнін бүгінгі әрекетімен бекемдей түскен Қарағанды шынымен мүлтіксіз мүмкіндік мекені. Көз қарықтырар көрікті мекен жаңа дәуірдің табалдырығында тұр. «Табалдырықтан биік тау жоғы» тағы аян. Өркениет өрінде өндіріс пен инновация, дәстүр мен технология, еңбек пен білім тоғысқан тұста кеншілер өлкесінің бірегей болмысы қалыптасты. Бұл – саналы таңдау. Заман бедері өзгеруде. Бірақ, бас­ты құндақтаулы құндылық өзгермейді. Ерен-ғайып еңбекке деген құрмет, ертегідей ертеңге деген кәміл сенім. Сол шафқатты да аяулы сеніммен өңір соны сораптарға қадам басып келеді. Кешегіміз – тарих, бүгініміз – жауапкершілік, ал, ертеңіміз – баянды болашақ!

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button