АймақБалқашРесми

Шиеленіскен мәселелер шешімін табады

Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев Балқаш қаласында атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Атап айтқанда, қаланың жылыту маусымына дайындығын пысықтап, құрылыс жұмыстарын қарап, сапасын тексерді. Сондай-ақ, қала халқымен кездесті.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Балқашта жылу желілерін қайта жаңарту жалғасуда. Магис­тральдық құбырлардан басқа, орамішілік құбырлар ауыстырылуда. Жөндеу жұмыстарымен 25 шақырым қамтылған. Оның ішінде, өткен қыста апаттар болған проблемалық учаскелер де бар. Бұл қаланы жылумен жабдықтау сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Өңір басшысына бәрі кесте бойынша жүріп жатқаны баяндады. Жұмыс көлемі өткен жылмен салыстырғанда ұлғайған. Былтыр 14 шақырым жылу желілері ауыстырылса, биыл 25 шақырым құбыр жаңартылды. Жылыту маусымы басталғанға дейін жөндеу жұмыстарының барлығы толығымен аяқталмақшы. Сонымен қатар, қалада су құбыры желілері де қайта жаңғыртылуда. Биыл 14 шақырымды ауыстыру жоспарланған.

– Балқашқа үнемі келіп отырамын. Бұл сапардың мақсаты – жылу маусымына дайындықты тексеру. Жұмыс белсенді жүріп жатқанына көз жеткіздім. Міндет – тұрғындарды тұрақты және сапалы жылумен қамтамасыз ету. Сумен қамтамасыз ету мәселесі де шешілуде. Бұған қаражат бөлінді. Мердігерлердің жоспарланған көлемдерді мерзімінде және сапалы орындалуын қадағалау қажет, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Сондай-ақ, облыс әкімі қаланы дамыту бойынша негізгі жобалардың іске асырылуы туралы хабардар етті. Аймақ басшысы кешенді қайта құру жұмыстары жүргізіліп жатқан Балқаш әуежайына табан тіреді. Қазір мердігер ұшақтардың жермен жүру жолы мен перронды жаңартумен айналысуда. Биыл жұмыстың осы бөлігін аяқтау жоспарлануда. Жоба, сонымен қатар, әуежай ғимаратын қайта құруды және жаңа арнайы көлік қызметінің ғимаратын салуды қамтиды.

Ермағанбет Бөлекпаев қала жағалауының абаттандырылу жұмыстарын да тексерді. Мұнда жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Жөндеу жұмыстарының бірінші кезеңі қыркүйекте аяқталады деп жоспарланған. Қазіргі уақытта жағалау аумағында жаңа аллеялар, балалардың ойын және спорт алаңдары, велосипед жолы, тротуарлар және тағы басқа қажетті дүниелер болады. Суға ыңғайлы және қауіпсіз кіру үшін граниттен жасалған баспалдақтар салынуда.

Сапар барысында аймақ басшысының назарынан «Жайлы мектеп» құрылысы да тыс қалған жоқ. 900 орындық жаңа оқу орны С.Сейфуллин атындағы мектеп-гимназиядағы жүктемені төмендетуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта ғимарат толығымен салынған, ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Мектеп барлық заманауи талаптарға сай болады. Облыс әкімі Ә.Ермеков атындағы мектеп-лицейге де барды. Бұл жерде бюджет қаражаты мен «Қазақмыс» корпорациясы жөндеу жұмыстарын жүргізген. Оқу орнында электр коммуникациялары жаңартылды, бөлменің қабырғалары оқшауланды. Сонымен қатар, оқу кабинеттеріне жаңа жиһаз сатып алынған.

Облыс басшысы денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік жобалармен де танысты. Балқашта балалар мен ересектерге арналған оңалту орталығы ашылады. Сондай-ақ, бос тұрған ғимараттардың бірін дәрігерлер үйіне қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Медицина мамандары үшін 30 пәтер жабдықталады. Бұл дәрігерлердің жетіспеушілігін шешуге көмектеседі. Сапар барысында облыс әкімінің назарына өнеркәсіп саласында да жоба ұсынылды.

Бұдан кейін облыс әкімі Мағауия Хамзин атындағы мәдениет сарайында Балқаш қаласының халқымен кездесті. Басқарма мен сала басшылары да осы жерден табылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында облыс басшысы халық алдында қолжетімділік пен есеп беруді қамтамасыз ету мақсатында әр тоқсан сайын кездесуге әзір екендігін атады. Әр жауапты мекеме халықпен мүмкіндігінше жиі кездесіп, оның мұң-мұқтажын тыңдап, азаматтардың мәселелерін жедел шешуі керектігін жеткізді. Алдымен Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаев атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

– Балқаш қаласы халқымен өткен кездесуінде 106 сұрақ көтерілген болатын, бүгінгі таңда осы көтерілген сұрақтардың 75-і шешімін тапты, қалған сұрақтар бойынша жұмыстар жүргізілуде, олар бақылауда. Қала экономикасына негізгі капиталға 28 млрд. теңге инвестиция салынды. Инвестиция көлемі 68 млрд. теңгені құрайды, бұл өткен жылдың деңгейіне қарағанда 1% өсіп отыр. Құрылыс саласында жұмыс көлемі 21,4 млрд. теңгені құрады. Өткен жылмен салыстырғанда 73% өсті. Биыл құрылыс жұмыстарының көлемі 44,5 млрд. теңгені құрап, 3,9% ұлғайды. Жеке инвестициялар есебінен 6,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 10 шағынауданда 45 пәтерлік №15 несиелік тұрғын үйдің құрылысы аяқталды, пәтерлер шілде айында «Отбасы Банкі» салымшыларына және кезекте тұрғандарға берілді. 10 шағынауданда 45 пәтерлік 2 арендалық үйдің және 45 пәтерлік 3 несиелік үйдің құрылысы жүргізілуде. Биыл №7 арендалық және №11 несиелік екі үйді пайдалануға береміз. Былтыр көпбалалы отбасыларға 84 пәтер сатып әпердік. Биыл әлеуметтік осал отбасылар үшін 117 пәтер сатып алу жоспарлануда, – деді қала әкімі Сапар Сатаев.

Қала әкімінің мәлімдеуінше, қалада барлығы 598 көппәтерлі тұрғын үй бар. Олардың жылыту маусымына дайындығы штаттық режимде жүзеге асырылуда. Бүгінде 186 көппәтерлі тұрғын үйге гидравликалық жұмыстар жүргізілген. 182 көппәтерлі тұрғын үйге «Балқаш жылу» ЖШС тарапынан 100% дайындық актілері берілген. 11 көп қабатты үйдің фасадтары мен шатырларын жөндеу жоспарланған. Бүгінгі күні барлық үйлерде жұмыстар жүргізілуде. Шағын кәсіпкерліктің дамуы қала экономикасында маңызды роль атқарады. Қазіргі таңда шағын және орта субъектілері 6045 бірлікті құрайды. Кәсіпкерлікті дамыту аясында биылғы жылы «субсидиялау» бойынша 32 жоба және «кепілдік беру» бойынша 4 жоба мақұлданған. Мемлекеттік грант тамыз-қыркүйек айларында беріледі. Қалада туристік имиджді қалыптастыру бағытында бірқатар шаруа қолға алынған. Туризмді дамыту бойынша қалада 20 қонақ үй және Тораңғылық, Шұбартүбекті қосқанда 1224 нөмірлі 58 демалыс орны бар. Бүгінгі күні 7 демалыс орнының құрылысы жүргізілуде. Былтыр жүз мыңға жуық туристер демалды.

Кездесу барысында тұрғындар тарапынан қойылған жеке мәселелеріне байланысты сұрақтарға жауап берді. Сондай-ақ, жер учаскелері мен тұрғын үй бөлу, жеке сектордың жолдары және ТКШ проблемалары да сөз болды.

– Қалада көлік кептелісін азайту әрі шаһардың сәулеттік келбетін арттыру мақсатында жолдар абаттандырылып, жолайырықтар салу жоспарлануда. Ендігі мәселенің бірі – қалаға кіреберіс бағыттағы жолдарды абаттандыру, кіреберісіне көпір орнату. Өйткені, қазіргі көпір көліктерге таршылық етіп отыр. Заман талабына үндесетін, келбеті алыстан көз тартатын, еңселі көпір орнатар уақыт жеткендей, – деді Балқаш қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Тайтөлеу Жұманов.

– Қазір көлік қозғалысы көп кезде, әрине, жаңа көпірді іске қосу керек. Ол үшін құжаттарын тездетіп әзірлеу қажет. Тұрғындардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасап, қалада өзара көлік қатынасын қамтамасыз ету – бүгінде әкімдік үшін негізгі басымдықтардың бірі. Сонымен қатар, көлік-логистика саласы еліміздің экономикалық дамуының қозғау­шы күштерінің біріне айналуы тиіс. Сондықтан, біз осындай инфрақұрылымдық жобаларды жедел іске асыруымыз керек. Бұл жұмысты қала әкіміне тапсырамын, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Кездесу барысында балқаш­тықтар қаланың экология­лық жағдайын жақсарту, сапалы медициналық қызмет, білім беру мәселелері алаңдатып отырғандығын жеткізді. Нәтижесінде, бірқатар мәселе басшылықтың бақылауына алынды. Сондай-ақ, қала халқын бюджет қаражатын тиімді пайдалану, әлеуметтік павильондардың жұмысы, жолдар мен нөсер кәріздерінің жай-күйі, жер мәселелері, тариф белгілеу және тағы басқа сұрақтар толғандырады. Айтылған уәж, ұсыныс пен өтініштің бәрін мұқият тыңдап, нақты жауап беріп, шешімін табуға уәде берген облыс әкімінің жиналысы бірнеше сағатқа созылды.

Бұдан бөлек, Ермағанбет Бөлекпаев жұртпен жеке қабылдау өткізді. Көпшіліктің көкейіндегі түйткілді сұрақтардың жауабын тауып, түйінін тарқатуға талпынып, барлық кеңесі мен көмегін аямаған аймақ басшысына жұрт риза пейілмен тарқасты.

Нұрдос КӘРІМ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button