Руханият

Шеттің мұражайында Абайдың үлгісімен жасалған домбыра бар

Шет аудандық археологиялық-этнографиялық музей қорында өңірімізге, елімізге танымал, өнер тарихында есімдері алтын әріптермен жазылған тұлғалардың домбыралары сақтаулы.

Абай Құнанбайұлының үлгісінде
жасалған домбыра

Мұражайдағы 15 домбыраның жетеуі – дүлдүлдерге тиесілі. Шет аудандық археологиялық-этнографиялық музейінің басшысы Салтанат Қамытбаева бұл домбыралар Әбікен Хасенұлы, Шәңгерей Манабаев, Дәулетбек Сәдуақасұлы сынды дарынды күйшілердікі екенін айтады.

– Біздің аудандық музейде атақты күйшілерден, домбыра жасау шеберлерінен мұраға қалған 7 домбыра бар. Шертпе күйдің шебері Әбікен Хасенұлының домбырасын 2007 жылы Өспен ауылындағы С.Сейфуллин атындағы тарихи-өлкетану музейіне Тұрсын Мақажанов тапсырды. Домбыра жақсы күйінде сақталған. Әбікен Хасенұлы ХХ ғасырдың бас кезінде Өспен ауылына келіп, Тұрсынның әкесі Мұқан Мақажанұлының үйінде қонақта болған екен. Мұқанның қонақжайлығына, өнерді құрметтейтініне риза болған Әбікен Хасенұлы өзінің домбырасын сыйға тартып кетіпті.

Келесі домбыра – Әрін ұстанікі. Бұл да Өспен ауылындағы музейге тапсырылған. Тапсырған – Әрін ұстаның Жанболат деген немересі, – дейді Салтанат Қамытбаева.

Тағы екі домбыра – белгілі күйші Дәулетбек Сәдуақасұлы мен ақын, күйші, шебер Шәңгерей Манабаевтікі. Дәулетбектің домбырасын музей қорына 2012 жылы Зәрубай Сүйіндікұлы тапсырған. Ал, Шәңгерей Қасымұлы Шет аудандық музейіне 1990 жылы өзі сыйға тартқан екен.

Атақты күйшілердің жеті домбырасы

Бір домбыра – белгілі айтыскер ақын Ермек Мұстафиндікі. Ол 1941-1956 жылдары С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық драма театрында актер, әнші болған талантты өнер иесі.

Соңғы екі домбыра Смағұл Ғабдоллаұлы мен Аманжол Рақымжанұлынан қалған жәдігер. Бұл екеуі де ағаштан түйін түйген шеберлер. Смағұлдың домбырасын музейге 1960 жылы Б.Ғабдуллин, Аманжолдың домбырасын 1970 жылы жазушы Кәмел Жүністегі өткізген. Музей басшысының айтуынша, Шет өңіріндегі күйшілік дәстүрді насихаттап, орындаушы, шертпе күй шебері – Зәрубай Сүйіндікұлының қарағай ағашынан бітеудей ойылып жасалған домбырасы да музейдің құнды жәдігерлерінің біріне айналған.

Музей қорындағы домбыраларды жасауда ағаш шеберлері үнемі көп ізденіп келген, сондықтан да, олар аспаптың формасы мен құрылысына ерекше назар аударып отырған. Қалақ домбыралардың көлемі неғұрлым кішірек болса, дауысы да соғұрлым әсем үнді болған.

Сонымен қатар, музей қорындағы музыкалық аспаптың бірі – қобыз. «Бөкештің қобызы» XIX ғасырға жатады. 1988 жылы Ақсу-Аюлы ауылының тұрғыны Иген Абитаев тапсырған. Өлшемі – 68×16 см. Шет ауданы

Нұрдос КӘРІМ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button