Руханият

Шетте оқылған шуақты жыр

Шет аудандық орталық кітапхана ауласында «Мен – кітапты сүйемін» деген белгі бар. Еліміздегі басқа кітапханаларда кездесе бермейтін белгі орнатқан мекеменің ұйымдастыруымен мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай «Мұқағали – мәңгілік ғұмыр» атты әдеби-сазды кеш өтті. Кешке облыс орталығынан ақындар Ерқанат Кеңесбекұлы, Жәлел Қуандықұлы, Қайрат Иманбек, Еркебұлан Елеусізұлы, Ерік Нарын арнайы шақырылды.

Сурет: Жәлел Шалқардан

«Піл көтермес салмақты – тіл көтереді» демекші, Республикаға белгілі, жалынды жырларымен елді қанаттандырып жүрген ақындарды шежірелі Шеттің жұрты құшақ жая қарсы алды. Құрметтеп төрге оздырды. Ақындарын еркелетіп, келелі әңгіме өрбітті.

Кеш басында аудандық кітапхана директоры Мейрамкүл Сансызбайқызы оқырмандарды өлеңге тағзым жасалатын айтулы күнмен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Іс-шара барысында Мұқағали ақынның өмірі мен шығармашылық жолынан сыр шертетін бейнежазба көрсетілді. Кітапхана қызметкері Думан Молдабековтің орындауында әсем ән шырқалды.

Кезек ақындарға келгенде жыр тиегі ағытылып, шайырлар ойлы жырларын ортаға салды.

Шет аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Берікбол Дәулетұлы уақыт тауып, кешке келіп, қонақтарға алғыс айтты.

Кітапхананың тұрақты оқырмандары аудандық Ы.Алтынсарин атындағы тірек мектебінен өлеңге бейім, әдебиетке жақын 10-11 сынып оқушылары келіп, М.Мақатаевтың өлеңдерін жатқа оқыды. «Әлі талай жыр болып жазыларсың» атты Мұқағали ақынның туындылары мен естеліктер қойылған кітап көрмесі жұрт назарына ұсынылды.

Кешке арнайы шақырылған ақындар өздерінің жыр жинағын кітапхана қорына және мектеп кітапханасына тарту етті. Ерқанат Кеңесбекұлы Мұқағалидың «Шеше, сен бақыттысың» өлеңін тебірене оқыған 11 сынып оқушысы Таңжарық Ибраевқа қолсағатын сыйлап, ақ жол тілеп, бата берді.

– Кітапханамызда көптен мұндай шара өтпеп еді. Білдей бес ақынның біргей келуі – үлкен мәртебе. Аудан тұрғындары, кітапхана оқырмандары, мектеп оқушылары марқайып, жасап қалды. Өмір шындығы арқау болған өлеңдерін тыңдап, шабыттандық. Бұған дейін «Кітап – жетістікке жетудің жолы» тақырыбында белгілі ақындармен онлайн-кездесу өткізген едік. Бұл – сол игі істің жалғасы. Алдағы уақытта да жалғасатын болады, – деді кітапхана қызметкері, шараның ұйымдастырушысы Азамат Амантайұлы.

Шараны кітапхана директоры Мейрамкүл Сансызбайқызы қорытындылап, қонақтарға алғыс білдіріп, естелік ретінде сыйлық табыс етті.

Өз тілшімізден.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button