Медицина

Шетелдіктердің шеберлік сағаты

Ана мен бала денсаулығы медицинадағы өзекті мәселе екені анық. Ол – ұлт байлығы. Елдің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейінің көрсеткіші. Өкінішке орай, бұл көрсеткіш үдеден шыға алмай келе жатқаны рас. Кейінгі жылдары ана мен бала өлімі жиілеп кетті. Сондай әр оқиғаны жіті зерттеген құзырлы мекемелер бірінде адам өмірін сақтап қалу мүмкіндігінің жоқтығын растаса, кейбірінде «өмір сыйлауға болушы еді…» дегендей шешім шығарады. Адам жанын арашалап қалуға мүмкіндік бола тұра оны пайдаланбауға не себеп? Мамандардың біліксіздігі немесе тапшылығы, тәжірибенің жоқтығы, әлде қажетті жабдықтардың жетіспеуі. Бір-бірімен тығыз байланысқан бұл себептердің салдары аса ауыр. Сол ауыр салдардың алдын алу үшін мемлекет тырысып жатыр. Жергілікті перинаталдық орталықтарды заманауи құралдармен қамтып, ғимарат инфрақұрылымын реттеп, мамандарын оқытуда. Қаладағы №1 перинаталдық орталықта шетелдік мамандар өткізетін семинар-тренингтер жиі ұйымдастырылады. Жоғарыда сөз еткен көптеген себептердің шешімі осыдан болар деп…

Суретті түсірген Еркебұлан ХАДЫЛБЕК

Бұл жолы перинаталдық орталықтардың жұмысын ұйымдастырудың өзекті мәселелері талқыланды. Шетелдік тәжірибе сараланды. Ресей Федерациясы Сібір федералды округінің неонатология жөніндегі денсаулық сақтау министрлігінің бас маманы, анестезиолог-реаниматолог дәрігер Светлана Ионушене біздің мамандарға үш күндік семинар-тренинг өткізді.

– Жүкті әйелдерге үш деңгейлі көмек көрсету жағдайлары, баланың аурулары мен ақауларын жатырда жатқанда-ақ анықтау, ондай жағдайда не істеу қажет екенін талқыладық, – дейді Светлана Ионушене.

– Мұнда айтылғандар денсаулық сақтау жұмысын ұйымдастырушыларға арналған. Жиналғандардың барлығы тәжірибелі мамандар. Біз айтылғандарды іс жүзінде қалай қолдануға болатынын талқыладық.

Спикердің айтуынша, Ресейдің барлық аумағында ана мен бала өлімінің көрсеткіші төмендеп келеді. Оның барлығы жолға қойылған жүйелі жұмыстың жемісі дейді ол.

– Медициналық көмек барлық деңгейінде іс жүзінде жасалып, әбден қалыптасқан. Біз қазір басқа бағдарламаларға көшіп жатырмыз. Жүкті және босанған әйел мен сәбиге қажетті маршруттар бекітілген. Қазақстанда байқағаным, жүйелі жұмыс жоқ сияқты. Мысалы, жұмыстың басы, ортасы, соңы бар. Дәрігерлер немесе ұйымдастырушылар қалай жасау керектігін біледі. Бірақ, көп жағдайда оларда қолжетімді жоғары технологиялар жоқ. Мәселен, денсаулығында ақауы бар сәби мен әйелді қабылдай алатын үшінші деңгейлі медициналық мекемелер жоқ. Алыс арақашықтықты айтуға болады. Десе де, Ресейде де шалғай жатқан елді мекендер көп. Қажет жағдайда кімнің не істеу қажеттігі туралы нақты алгоритм, босанған әйел мен сәбидің бағыты айқын емес, – дейді ресейлік маман.

Әрине, мұнда екі елдің денсаулық жүйесіндегі, заңнамалық өзгерістерді ескеру қажет-ақ. Дегенмен, ана мен бала өмірін сақтап қалу қай жерде болмасын басты міндет екені сөзсіз

– Шетелдік спикер айтқандай, оларда барлық маман бір жерде орналасқан. Бізде, облыстық клиникалық аурухананың дәрігерлері арасында үйлескен жұмыс қалыптасқан. Ауыр жағдайларда түн ішінде болсын, кезекші дәрігер маған хабарласады. Мен орынбасарыма, қосымша қажет деген басқа да мамандарға айтамын. Олар тәуліктің кез келген уақытында келеді. Мұнда уақыт шектеулі, оны барлығы түсінеді. Ал, мамандардың үнемі осында болуы қажет емес деп ойлаймын. Егер жоспарлы операция болса, онда әңгіме басқа. Операцияға қатысатын барлық мамандар аталған уақытта келіп, дайын тұрады. Біздегі жұмыс механизмі осылай қалыптасқан, – дейді №1 перинаталдық орталықтың меңгерушісі Жанара Жарова.

Оның айтуынша, биыл тағы да бірқатар семинар өткізу жоспарланған. Мәселен, орталық наурызда мәскеулік жетекші акушер-гинекологты шақырмақ. Ол шетелдік мамандар өткізетін шаралар нәтиже беретінін айтты. Мәселен, былтыр аурухананың жеке қаражаты есебінен Омск мемлекеттік медицина университетінің профессоры Сергей Баринов келіп, метропластика әдістерін үйретіпті. Шеберлік сағаты аясында Қазақстанда алғаш рет метропластика мен Жуковский бойынша екібалонды тампонада әдісін қолдану арқылы органды сақтап қалу операциясы жасалған болатын.

– Жатырды сақтап қалу біздің орталық үшін маңызды. Себебі, бізге қан кету ықтималы жоғары, баланың жатырда дұрыс орналаспауы, жатырдағы тіліктер қауіп төндіргенде келеді. Солардың бәрінде дұрыс әрекет етіп, әйелдің тағы да бала көтере алуы үшін жатырды сақтап қалуға тырысамыз, – дейді ол.

Оның айтуынша, былтыр 45 әйелдің жатырын аман сақтап қалыпты. Әрине, бірнеше кесарь тілігі жасалса, тігістері тереңде болса, бұл мүмкін болмайтын жағдайлар да кездеседі екен.

– Ондай қауіпті байқасақ, әйелдерге баланы ерте кезде алдырып тастауға кеңес береміз. Алайда, олар сенбейді ме, әлде денсаулығына немқұрайлы қарайды ма, туамын дейді. Бірақ, қан кеткенде, басқа жағдайларда дәрігерлерді кінәлайды, – дейді дәрігер.

Сонымен қатар, Жанара Жарованың сөзінше, бүгінде перинаталдық орталықта акушер-гинеколог, неонатолог, анестезиолог-ревматолог мамандарына тапшылық жоқ. Тек үш медбике жетіспейді екен. Бірақ, ол мәселе де жазда шешімін табатын көрінеді. Осында іс-тәжірибеден өткен, медициналық колледждің түлектері қажеттілікті толық жабады деген жоспар бар. Неонаталдық бөлімі бар В орталығына келесі жылы жөндеу жасалады. Құжаттары қазір қаралып жатыр. Бұл ретте инфрақұрылым да жөндеуден тыс қалмайды.

Акушерлік саладағы кей жағдайлар шұғыл әрекет етуді талап етеді. Одан бөлек, ерте диагностика, алдын алу және емдеудің жаңа тәсілдері де назардан тыс қалмауы тиіс. Бүгінгі таңда шұғыл жағдайларды емдеудің тиімділігі дәрігердің біліктілігіне, оның науқастарды басқару тактикасы мен стационарда қажетті жағдайлардың болуын дұрыс анықтай алуына ғана емес, сонымен қатар, міндеттерді нақты бөлу мен медициналық персонал жұмысының үйлесімділігіне байланысты. Мұны мемлекет те, дәрігерлер де түсініп келеді.

Жансая ОМАРБЕК.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button