АймақШет

Shet brand – сауда маркасы

Нұраталды ауылдық округінің Қызылқой ауылының тұрғыны – бизнесін жаңа бастаған кәсіпкер аяқ киім цехын кеңейту үшін Шет ауданы әкімінің грантына ие болды. Жас кәсіпкер Shet brand сауда маркасымен былғары аяқ киім тігуді жолға қоймақшы.

Жас кәсіпкер

32 жастағы Нұртілек Бектұрсынов – Қызылқой ауылының тумасы. Білімі бойынша ол тігінші-сәнгер. Ұлттық киімдерді де, классикалық костюмдерді де оп-оңай тіге алады. Бірнеше жыл бұрын Нұртілек аяқ киім тігу бизнесінің негіздерін меңгерген екен. Әмбебап шебердің облыстың тігін өндірістерімен қоян-қолтық іс-тәжірибесі жеткілікті көрінеді. Қарағанды аяқ киім фабрикасымен және «Нұрәсем» сән үйімен бірлесе жұмыс істейді.

– Әуелі Көкшетаудағы колледжде оқыдым. Үнемі білім деңгейін арттыруға тырысамын. Тіпті, алыс-жақын шетелге кәдесый ретінде алып кететін ұлттық нақыштағы шапандарды да, түрлі былғары аяқ киімдерді де шебер тігемін. Қолдан келер өнімдер ассортименті бай, – дейді Нұртілек. – Бірнеше жыл бұрын туған ауылыма оралып, үйде аяқ киім цехын аштым. Сұранысқа ие бұйымдарды да іске жарата беремін. Бұл орайда маған жұбайым мен анам көмектеседі. Егер қомақты тапсырыстар түссе, жергілікті тігіншілерді жұмылдырамын. Аяқ киімді жөндеумен де айналысамыз.

Жас кәсіпкер

Гранттар байқауына Нұртілек цехты кеңейту үшін қатысуға шешім қабылдаған. Ол аяқ киім тігу үдерісі әжептәуір шығынды қажет ететінін атап өтті.

– Былғарыдан аяқ киім тігемін. Бізге қымбат әрі сапалы жабдық қажет. Қуанышыма орай, миллион теңге көлеміндегі грант ұтып алдым. Бірақ, шынымды айтсам, бұл ақша өндірісті кеңейту үшін жеткіліксіз, – деді кәсіпкер. – Жақын келешекте облыс әкімі атындағы грант байқауына және басқа да мемлекеттік бағдарламаларға қатысуды көздеп отырмын. Көріп отырғаныңыздай, жоба ауқымды, күрделі. Өйткені, облыста, тіпті, ел ішінде де аяқ киім тігетіндер некен-саяқ. Негізінен нарықты импорт жаулап алған. Есесіне Shet brand маркалы желіні іске қосқым келеді.

Кәсіпкер кадр тапшылығын да алға тартады. Түйткілді оңтайлы шешу үшін Нұртілек тілек білдірушілерге жеке оқыту жүргізуге даяр.

– Колледждерде аяқ киім мамандарын оқытқанын іштей қалаймын. Себебі, бұл кадр тапшылығы мәселесін жоюға ықпал етер еді Цехты кеңейту кезінде, алдымен 10 адамды жұмысқа қабылдауға әзірмін. Қазірдің өзінде өз өнімдеріме қызығушылық танытқан үш ірі компаниямен ынтымақтастық туралы келісімшарт жасастым, – деді Нұртілек.

Жас кәсіпкер

Жоба өрісін Шет ауданы Жастар ресурстық орталығының басшысы Асхат Ахметов та растайды.

– Цехқа барып, жұмыс барысымен таныстым. Конкурс жарияламас бұрын ауданның барлық шалғай ауылдарын аралап, жастарды барынша хабардар еттік. Байқауға барлығы 20-дан астам өтінім тапсырылып, 12 адам грант алды, – дейді Асхат Ахметов. – Егер бұрын үміткерлердің көпшілігі аудан орталығынан болса, биыл барлық округтерден келген жас кәсіпкерлер қатысты. Комиссия құрамында мемлекеттік қызметкерлер ғана емес, бизнес-жоспарларға кәсіби баға берген жұмыс істеп тұрған кәнігі кәсіпкерлер де болды.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Шет ауданы
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button