АймақШет

Шертпе күй шеруі

Шет ауданының 90 жылдығы мен шертпе күйдің шебері Дәулетбек Сәдуақасұлының туғанына 80 жыл толуына орай аудан орталығы АқсуАюлыда өткен «Шет өңірі – шертпе күйдің қайнар бұлағы» атты республикалық күйшілер фестивалін осылай әспеттесек, әсте әсірелегендік емес. Ал, күй күмбірі кернеген сахна тізгіні Қазақ ұлттық өнер академиясы домбыра кафедрасының меңгерушісі, профессор, ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбайға тиюі, өнер мерекесінің өрісін ұлғайтып, өресін биіктетті.

Облыстық мәдениет, архив және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Ағымбаев пен аудан әкімі Марат Жандәулетов шертпе күйдің шеруіне сәттілік тіледі. Астаналық өнер зертеушісі Раушан Малдыбаева Тәттімбет-Әбікен-Дәулетбек арасындағы өнер сабақтастығы төңірегінде салиқалы әңгіме өрбітті.

Дәулескер күйші Дәулетбек Садуақасұлы шебер орындаушы ғана емес, шерпе күйді кие тұтқан талай тұлғаның басын қосқан, Тәттімбеттің, Қыздарбектің, Сембектің, Әбдидің шығармасын халық арасында кеңінен насихаттаған өнер тарланы. Ол туралы «Мәңгілік сарын» атты естелік жинақтың таныстырылымында таспа қию құрметіне ақтаулық күйші Сержан Шәкірат пен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Кәмел Жүністегі және Қазақстанның Құрметті журналисі Төрехан Майбас ие болды.

Домбыраны асылынан артық қастерлеп үкі таққан, жалғызындай аялап қақ төріне қойған елдің ықыласы ырысты, бірлігі берекелі, періште пейілді ұрпағы ұйымдастырған өнер мерекесінде ұлт табиғатының бөлінбес бөлшегіндей рухыңды оятатын небір керемет кербез күй шанақтан толассыз төгілді. Тәттімбеттің «Бестөресі», Әбікеннің «Қоңыры», Әбдидің «Қосбасары», Сүгірдің «Бесбасары», Нұрғисаның «Әлқисасы», әйтеуір тыңдарман талғамынан шыққан талай туынды тыңдалды.

Оны орындаған кім деңіз? Күй өнерінің тұмасынан қанып ішкен, домбыраның сыршыл пернесінен сезім нөсерін селдеткен тума талант! Олар: композитор, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Мұхамеджан Тілеуханов (Жаңаарқа), өнертанушы, Т.Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясының докторанты Ардаби Мәулет (Тараз), Қазақ ұлттық өнер академиясы домбыра кафедрасының оқытушысы Батырлан Абенов (Астана), кәсіби қобызшы, домбырашы, педагог, фольклор зерттеушісі Саян Ақмолда (Алматы), көрнекті күйші Сәрсенғали Жүзбаев (Астана), Қарағандыдан Қалкен Қасымов пен Қайролла Сәдуақасов, ақадырлық Тоқыман Өтебаева, Ақсу-Аюлыдан — Ертай Жәнібеков, Қайрат Мұстафин, Жүсіп Дәулетбек және Еркебұлан Ахметов.

Күй фестиваліне қатысушының бәріне аудан әкімінің дипломы, естелік сыйлық пен қаржы сертификаты тапсырылды.

Әлібек ӘБДІРАШ,

«Орталық Қазақстан»

 ШЕТ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button